Кемені тастай қашқан капитан

Кемені тастай қашқан капитан

Кемені тастай қашқан капитан
ашық дереккөзі
2468
2014 жылы Оңтүстік Кореяда «Севоль» паромы апатқа ұшырап, суға батып кеткен болатын. Оңтүстік Корея жұртын күңіренткен бұл апаттан 295 адам қаза тапты. Арада 3 жыл уақыт өткенде «Севоль» паромы табылып, су бетіне шығарылды. Қазіргі уақытта аталмыш апатқа байланысты тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру жұмыстарында белгілі болғандай, «Севоль» паромының қаңқасынан ешқандай соққы белгілері байқалмаған. Осыған дейін мамандар кеме су астында қатты затқа соғылып, зақымдануы мүмкін деген болжам жасаған-ды. Қазір су астынан шығарылған «Севоль» жүк тасымалдағыш су көлігіне тиеліп, Мокпхо портына жөнелтілді. Ал апат болған аймаққа сүңгуірлер түсіп, паром жатқан жерді зерттеп, әлі күнге дейін табылмаған адамдарды іздемек. Оңтүстік Корея билігі «Севоль» паромын қайта көтеру үшін алдымен сынақ жүргізді. Сынақ жұмыстары сәтті аяқталғаннан кейін ғана паром су бетіне шығарылды. Дәл мұндай сынақ бұған дейін де бірнеше рет жасалғанымен, нәтижесі көңіл көншітерліктей болмаған еді. «Севоль» паромы 2014 жылдың 16 сәуірінде апатқа ұшырап, Оңтүстік Корея жұртын қара жамылдырған. Апат орын алар күні «Севоль» паромы Инчхоннан Чеджудо курорттық аралына бет алған. Кемеде бас-аяғы 470 адам болса, оның 320-сы оқушылар. Суға кеткен «Севоль» паромындағы адамдар жөнінде сол уақытта баспасөз құралдары түрлі ақпарат таратты. Кейбір деректер кемедегілердің барлығы аман-есен құтқарылғандығын жарияласа, екіншілері суға кеткен құрбандардың есімдерін жариялады. Әрине, кемедегі жолаушылардың аман болуын бүкіл әлем тіледі. Бірақ бұл апат 295 адамның өмірін жалмады. Олардың көпшілігі 15 пен 19 жас аралығындағы мектеп оқушылары. Одан бөлек, оқыс оқиғадан 9 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Дерек көздеріне жүгінсек, паромның капитаны Ли Чжун Сок кемедегілердің орындарынан қозғалмауын, таяу уақытта көмек келетіндігін ескертіп, өзі кемеден бірінші болып құтылып шыққан. Апаттан аман қалғандардың айтуы бо­йынша, егер апат жағдайы ертерек ескертілсе, олардың аман қалуына мүмкіндік болар еді. «Бізге кемеден шықпауды бұйырды. Кемеден сәл ертерек шыққанымызда, көбісі теңізге секіріп болса да, аман қалар еді» дегенді айтады апаттан тірі қалған жандар. Ал паром капитаны тілшілерге бұл әрекеті үшін өкінетінін және қатты ұялатынын айтыпты. Апат орын алғаннан кейін ақпарат құралдары беттерінде экипаждың жағалау қызметімен хабарласқан таспасының мазмұны жарияланды. Құтқарушылар апат аймағынан 15 минуттық жерде болған көрінеді. Бірақ эвакуация жөніндегі бұйрық тым кеш беріліпті. Ел билігі бұл оқиғаға жауапты жандардың бәрін жазаға тарту қажеттігі жөнінде мәлімдеме жасады. Жаза тартуы тиіс адамдар ішінде елдің шенді тұлғалары да бар. Ал кемеден бірінші болып қашқан капитан мен экипаждың бірнеше мүшесі қамауға алынды. Сол кездегі Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хе: «Кеме капитаны мен кейбір экипаж мүшелерінің іс-әрекеті ақылға сыймайды. Бұл қасақана адам өлтіруге ұқсайды. Жеке бастарын ғана ойлайтын шенеуніктер енді үкіметтен қуылады», – деп мәлімдеген болатын. Апаттан кейін сот шешімі бойынша Ли Чжун Сок пен оның екі көмекшісі тұтқындалды. Тергеу жұмыстары барысында анықталғандай, апат кезінде паромды 25 жастағы тәжірибесіз штурман-әйел басқарған екен. Алдын ала тергеу жұмыстары бойынша, су кемесі тосыннан бұрылып, паромдағы жүк қозғалып кеткен. Осының салдарынан, су көлігі теп-теңдігін сақтай алмай, бір бүйіріне қарай аударылған. Арада бір апта уақыт өткенде паромның апатқа ұшырауына байланысты жаңа нұсқалар айтыла бастады. Бұл жолы корейлік мамандар апаттың негізгі себебі адами факторларға байланысты емес деп топшылады. Тіпті, әлгіндей қатты бұрылыстың болмағандығы да айтылды. Сондықтан, мамандар паромның техникалық жүйесінде қандай да бір қателіктер кетті деген болжам жасады. Ал 2014 жылдың 11 қарашасында Куанчжу қаласының соты паром капитанын 36 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Кеменің қауіпсіздігі мен жүргізуіне жауапты экипаждың қалған 14 мүшесі 5 жылдан 30 жылға дейін түрмеге жабылды. Талай жанның ажалына себепкер болған апатты тексеру жұмыстары әлі де жалғасу үстінде. Ендігі тексеру жұмыстары апаттың нақты себебін анықтайтынына сенім білдіретіндер көп.

Серіктес жаңалықтары