Жылқының жүйрігі бар, жабысы бар...

Жылқының жүйрігі бар, жабысы бар...

Жылқының жүйрігі бар, жабысы бар...
ашық дереккөзі
1470
1982 жылы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітіріп, арнайы шақырту қағазымен еңбек жолымды туған жерім – бұрынғы Свердлов ауданы (қазіргі Байзақ ауданы, Кеңес ауылы) «Кеңес» колхозында бас бухгалтердің орынбасары, мал шаруашылығы бойынша бухгалтер болып бастадым. Колхоздың негізгі шаруашылығы – мал шаруашылығы. Мал жа­йылымы қыста Мойынқұмда, көктем мен жазда көделі жайлауы Сарыарқа (Қарағанды облысы, Қаражал қаласының маңында) жайылымдарында болды. Ол кезде мал басы көбейіп, тапсырманы асыра орындаған «Кеңес» колхозы ауданның жетекші шаруашылық орталықтарының бірі болатын. Осы ауылда, төрт түлік малдың ортасында өскендіктен, ұмыт бола бастаған жылқының түр-түсі, әбзелдерін кейінгі жастарға әрі малсақ жұрттың балаларына үлгі етсем деген тілегім бар. Ойымды жүзеге асыру үшін 17 жылдай Сарысу ауданындағы Қамқалы совхозында жылқы өсірген, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Еңбек Тиыштықов ағадан да жылқы туралы қосымша ақпарат алып, білгенімді кейінгі жастарға ұғындырғанды жөн санадым.   Жылқының жасы Ұрғашысы: а) ұрғашы құлын – биенің жас төлі; ә) жабағы – 6 ай мен 1 жастың арасы; б) тай, байтал – 1 жасқа толғаны, в) құнажын байтал – 2 жасқа толғаны; г) дөнежін байтал – 3 жасқа толғаны; д) бес жастан бастап бие санына кіреді; ж) 8 жастан бастап мама бие боп саналады.   Еркегі: а) еркек құлын – биенің жас төлі; ә) еркек жабағы – 6 ай мен 1 жастың арасы; б) тай – 1 жасқа толғаны; в) құнан – 2 жасқа толғаны; г) дөнен – 3 жасқа толғаны; д) бесті – төрт жастан асқаннан кейін бесті деп саналады; ж) алты жастан бастап ірі жылқының санына кіреді. Тай, құнан, дөнен секілді еркек малдардың өзінше топ болып жүргендерін саяқ дейді. Піштірілмеген дөнен шығар еркек жылқыны үйірге түспеген сәтінде сәурік десе, құр айғыр деп 3-4 жыл мінілмеген айғырды айтады. Үйретілмеген, өмірі ұсталмаған жылқыны шу асау деп атаймыз. Жасы үлкен айғырдан піштірілген жылқыны азбан дейді. Ал бойшаң, денесі ірі, сирақты жылқыны қазанат десек, еш қателеспейміз. Дөненнен бастап жылқы баласы дөнен айғыр, бесті айғыр болып ересек жылқының қатарына кіреді. Жылқының тісіне қарап та жасын айыруға болады. Мәселен, құлын мен жабағыда сүт тісі бар, құнанда ортасынан екі үлкен қасқа (күрек) тіс шығады, дөненде осы екі тістің қасынан тағы үлкен екі тіс шығады. Бестіде екі азу жарып шығады. Осыдан кейін ол ірі жылқының санатына кіреді. Жылқының түстері: күрең (қызғылт), торы (қоңыр қызыл), жирен (сарғыш жүн араласқан), сары, боз (ақ), қара көк, бурыл (көкпен ақ араласқан), шұбар (әр жерінде ақ таңбалары бар), қара, сұр, құла. Жылқының әбзелдері: ер, желдік, тоқым, терлік, ішкі терлік, жүген, ноқта, өмілдірік, құйысқан, тартпа (төс тартпа, шап тартпа), шап айыл. Желдік – ердің қапталына кигізетін ердің атқа батпауына керекті жабдық; Тоқым – желдіктен кейін салынатын жабдық, тоқым былғары және киізден жасалады; Терлік – тоқымға аттың тері өтпесін деп тоқымның ішінен салынатын жабдық. Терлік екі қабаттан – ішкі және сыртқы терліктен тұрады; Жүген – аттың басына ауыздықпен кигізіліп, атты басқаратын жабдық; Ноқта – атты жетектеп жүру үшін қажетті ауыздықсыз жабдық; Өмілдірік – ердің артқа жылжымауы үшін керекті жабдық; Құйысқан – ердің алға жылжымауы үшін құйымшақтан кигізіп, бекітілетін жабдық. Тартпа – ерді үстінен, аттың бауырынан алып тартып бекітетін жабдық, оны өріп немесе қайыстан да жасауға болады; Шап тартпа – ердің артқы қасынан тартатын жабдық, оны шап айыл деп те атайды. Жалпы, жоғарыда аталған жылқының жасын, түр-түсін, керек әбзел-жабдықтарын қазақ жастарының біле жүргені жөн. Ал ауылдағы үлкен кісілер, мал шаруа­шылығымен айналысатын мамандар кейінгі ұрпаққа салт-дәстүрімізді айтып жүрсе, артық болмас.  

Төле Наржанов,

Аудандық тарихи-өлкетану

музейінің қызметкері

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы

Серіктес жаңалықтары