«Сүйектен өтетін сөздер»: Төреғалидің қарындасы келеңсіз жағдайға тап болғанын айтты
Шыны керек, мұндай жағдай өмірімде бірінші рет болып тұр, дейді ол

Белгілі әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы, блогер Фариза Төреәлі әлеуметтік желіде келеңсіз жағдайға тап болғанын айтып, көпшілікке мұңын шақты.
"Біртүрлі жағдайға тап болдым. Шыны керек мұндай жағдай өмірімде бірінші рет орын алып тұр. Алдыннан бері көтергім келіп жүрген тақырыбым еді, бүгінгі ситуацияға дәл келіп тұр екен", - деп бастады блогер.
Оның айтуынша, белгісіз әйел көпшілік орында ағасы туралы дөрекі сөздер айтып, балағаттаған.
"Анамды бір сергітіп, көңілін көтеріп қайтайын деп киноға алып шыққам. Енді ғана кірейін деп жатқанда бір үлкен әйел баласымен дәл алдымызда бара жатты. Өзім орындарды қарап, бірдеңеге мән беретіндей тұрған жоқ едім. Әлгі әйел естіртіп тұрып ұлына менің ағам жайлы өте ауыр сөздер айтып жатты, не айтқандарын тіпті жазғым жоқ. Сүйектен өтетін сөздер. Оны естіп алып тамағыма бірдеңе тұрып қалғандай сезімде болдым. Қасымда анам бар, анам оны естіген жоқ.
Дап-дардай әйел, қасында ұлы тұр. Ұлына сондай сөздер айтып бара жатыр. Жауап бермеске қоймады, жанына бардым да "келесіде тіліңізге ие болыңыз, алдыңызда сізді не күтіп тұрғанын білмейсіз" дедім сабырмен сыбырлап. Ары қарай кетіп қалдым. Әншейінде ең үндемес, конфликттан қашатын мен есемді жібермедім", - деді ол.
Блогер ол кісіге ренжімесе де, сөздері қатты жүрекке тигенін айтты.
"Менде ұстаным бар - кісінің күнәсін жарияламау. Біреудің айыбын жасырсаң - Алла абыройыңды арттырады", - деді ол.