Оралдағы анам мен бауырларымды іздеймін – Америкалықтар асырап алған Аяулым Блумер
Үйге келіп, айнаға қарап, «Мен кімнен тараймын өзі? Мен кімге тартқанмын? Менің ата-анам кім? Олардың түрі қандай?» деген сауалдарды өз-өзіме қойып, ашуға булығатынмын. Осы нәрсе мені анам мен бауырларымды шындап іздеуіме түрткі болды. Содан соң қазақтардың түрі қалай болатынын зерттедім. Қазақстан туралы да мәлімет қарадым.
Facebook-тегі Kazakh American Assosiation парақшасы «Бармысың бауырым» бағдарламасы іспеттес. Онда көп қолданушы, әсіресе, 2000 жылдары америкалықтар асырап алған қазақтар туған ата-анасын іздеп жүргенін жазып, көмек сұрайды. Кеше онда Флорида штатында (АҚШ) тұратын 21 жастағы Айя Блумер (қазақша аты-жөні – Аяулым Төлепова) есімді қазақ қызының туған анасы мен 4 бауырын іздестіріп жүргені туралы жазбасын көзіміз шалып қалды. Біз бұған дейін америкалықтар асырап алған қазақ балаларынан сұхбаттар сериясын жариялағанбыз. Тіпті, АҚШ-тың Виржиния штатында тұратын Эштон Коксон (қазақша аты-жөні – Раиса Байдуллаева) есімді бойжеткеннің біздің басылым арқылы туған-туыстарын тапқанын сүйіншілеп жазған едік. Раиса секілді Аяулым да туған анасы мен бауырларын біз арқылы тауып қалар деген үмітпен оған хабарласып, әңгімеге тартып көрдік.
– Америкалықтар асырап алған қазақ балалар «Араға жиырма жыл салып, биологиялық ата-атаңды іздеудегі мақсатың не?» деген сұраққа бәрі «Тамырымды танығым келеді. Маған өзіме беймәлім бір бөлігім бар секілді көрінеді. Пазлдың бір бөлігі іспетті бірдеңе жетіспей тұрады. Әрі олардың түр-әлпетін көргім келеді» деп жауап береді. Сол сұраққа сенің берер жауабың да солай ма?
– Дәл солай. Ең алдымен өзімді мазалап жүрген гештальтты жапқым келеді. Олардың кім екенін танып-білуді көздедім. Анам мен бауырларымды іздеп жүргеніме көп уақыт болды. Естен кете салатын, ұмыта салатын жайт емес. Содан соң сіз айтқандай өзімнің қайдан тарайтынымды, түп-тегім туралы көп дерек білгім келеді. Туған анамның кім екенін білсем деймін. Әлбетте, бауырларымның да түр-әлпетін көргім келеді. Мені асырап алғанын білген сәттен бастап Қазақстанға барғым келеді де тұрады.
– Оқырманға түсінікті болуы үшін өзің туралы кеңінен айта отырсаң.
– Мен 2004 жылы 2 мамырда Қазақстанның Уральск қаласында дүниеге келдім. Білгенімдей, ол қала елдің батыс аймағында орналасқан.
– Уральск – қаланың орысша атауы. Қазақшасы – Орал.
– Солай ма? Мен білмеппін. Туу туралы куәлігімде Уральск деп жазулы тұр. Енді біліп жүремін. Әкем мен бір жасқа толғанда туберкулезден қайтыс болған екен. Анамның менен басқа төрт баласы болған. Олардың жасы үлкен, олар менен он жас үлкен болуға тиіс. Анам күйеуі қайтыс болған соң бесінші баласы, яғни мені бағып-қағуға шамасы жетпеген. Сөйтіп, шарасыздықтан бір жасар мені Орал қаласындағы №2 балалар үйіне өткізген. Мен онда екі жыл тәрбиелендім. Кейін 2007 жылы сәуір айында үш жасар мені америкалық ата-анам асырап алып, АҚШ-қа алып кетті.
Мені асырап алған ата-анам екеуі де Америка әуе күштерінде әскери қызметкер болып жұмыс істеді. Сондықтан біз Америка аумағында көп жерге тұрақтаумен болдық. Екеуі жиырма жылдай отасты. Алайда мен 13 жасқа толғанда екеуі ажырасып кетті. Олардың екі бөлек кеткені маған ауыр тиді. Мен анама жақын болып өстім. Қазір анам терапевт-маман, ал әкем жылжымайтын мүлікті сату, жалға берумен айналысатын агент болып жұмыс істейді. Отбасымда мен секілді Қазақстаннан асырап алынған ағам бар. Есімі – Владимир. Ол – Алматының тумасы. Жартылай қазақ, жартылай орыс. Менен төрт жас үлкендігі бар. Қазір мен оларды көп көре алмаймын. Өйткені мен қазір Флорида штатында тұрамын. Екі айдан соң жасым 21-ге келеді. Бүгінде колледжде криминология саласы бойынша білімімді жетілдіріп жүрмін.
– Әкеңнің қайтыс болғаны, бауырларың туралы деректі қайдан білесің?
– Туған анам мені қалдырып жатқанда балалар үйіндегі тәрбиелеушімен тілдессе керек. Сол кезде ол төрт баласы барын, күйеуінің ауырып қайтыс болғанын, сондықтан мені асырауға шамасы жетіңкіремей тұрғанын айтыпты. Америкалық ата-анамның қасында аудармашы болған. Әлгі тәрбиеші сол аудармашыға бар білгенін айтып берсе керек.
– Туған ата-анаңның есімі құжатта жазылған ғой?
– Иә. Әкемнің есімі – Төлепов Нариман Мәлікұлы. Ал анамдікі – Төлепова Ақырыс Сайлауқызы. Өкініштісі сол, бауырларым туралы еш мәлімет жоқ. Балалар үйінде еш дерек қалдырмапты. Ал менің қазақша толық аты-жөнім – Төлепова Аяулым Нариманқызы. Өз есімімнің мағынасын іздестіруге тырыстым, алайда таба алмадым.
– Аяулым есімінің мағынасы аялап, әлпештеп отырған нәзік, қымбатты қыз деген мағынаға сайып келеді.
– Солай ма? Кермет! Мұны да біліп жүретін болдым. Рахмет!
– Facebook-тегі Kazakh American Assosiation парақшасына қалдырған жазбаңда «Ата-анамды іздестіріп жүргеніме 7 жыл болды» деп жазыпсың. Қазір 21 жаста болсаң, сонда бұл істі 14 қолға алдың ба?
– Иә. Анам мен 10 жаста болғанда мені Қазақстаннан асырап алғанын айтты. Онсыз да мені асырап алғанын сезетінмін. Алайда анам маған туған әкемнің қайтыс болғаны туралы тіс жармаған. Бұл жайт маған қатты ауыр тиді. Себебі мен оны енді ешқашан көре алмаймын. Мен оның кім болғанын, қандай адам болғанын біле алмаймын (көңілі босап). Сол сәт шешуші рөл атқарды. Сол кезден бастап қалған отбасымның кім, қандай екенін анықтауды қолға алдым. Тағы да қайталап айтайын, туған әкемнің қайтыс болғанын естігенде есімнен танып қала жаздадым. Әттең, мен...(дауысы дірілдеп). Кезінде мені асырап алғанына өте ризамын, бек қуаныштымын. Алайда менің жегідей жейтін, маза бермейтін сұрақтар тізбегі өте көп. «Егер мені асырап алмағанда, туған отбасымның қасында болғанымда өмірім қалай өрбитін еді?» деп мың рет толғанып, мың рет ойланамын.
– Біз сұхбат алған қыз-жігіттер америкалық ата-аналарының оларға кішкентай кезінен асырап алынғанын, қай ұлттан тарайтынын айтып, тіпті төл мәдениетін танытуға барын салатынын айтады. Алайда сенде басқаша жағдай екен...
– Иә, менің жағдайымда бәрі басқаша болды. Менің туған әкем қайтыс болғандықтан, асырап алған ата-анам маған бұл туралы айту әлі ерте, мені оған дайын емес деп ойласа керек. Екеуіне де оңай соққан жоқ, себебі олар мен биологиялық анам мен бауырларымды іздестіруді шындап қолға алсам, Қазақстанға қайта барғым келетінін жақсы білді. Сондықтан олар менен әкем туралы деректі көп уақыт жасырып, жасөспірім кезіме дейін бұл туралы сөз қозғамады. Мен білген күннен бастап өз бетімше туғандарымды іздестіруді бастап кеттім. Ал америкалық ата-анам маған көмектескісі келмеді. Сол жағынан қиын болды (көңілі босап). Олар «Жоқ, біз сенің туған ата-анаңды тапқаныңды қаламаймыз» деп айтқан жоқ. Бірақ олар бұл туралы мен есейгенше айтпады әрі іздестіруге күш салмады.
– Ал қазір сенің бізбен байланыс орнатып, бұл іске шындап кіріскеніңе олардың көзқарасы қалай?
– Әкем туған анам мен туыстарымды тапқанымды қалайды. Мен оларды көп уақыт бойы іздеп жүргендіктен, ол бұл істің мен үшін маңызды екенін жақсы біледі. Ол мені қолдады. Алайда анама бұл бастамам ауыр тиіп жүр. Өйткені ол егер мен анам мен бауырларымды тауып алсам, Қазақстанға қайтып оралады деп үрейленеді.
– Екеуара байланыс үзіліп қалады деп қорқақтайтын болар?
– Дәл солай. Ол мені біржола жоғалтып алудан қорқады.
– Әңгіме арасында «Онсыз да мені асырап алғанын сезетінмін» деп айтып қалдың. Америкалық ата-анаң бала күніңнен бәрін ашып айтпаса, сені асырап алғанын қалайша сезіп-білдің?
– Оқушы кезімнен-ақ білдім. Мектепте оқығанда өзге оқушыларға ұқсамайтынымды анық байқайтынмын. Мен жергілікті емес екенімді жастайымнан сезетінмін. Асырап алған ата-анама еш ұқсамаймын. Күннің бір күнінде олардың «Не ғой, біз сені асырап алған едік» деп айтатынын тосып жүрдім. Алайда олар бетіме келіп, олай айтпаса да, ерте есейгеннен басқа амалым қалмады. Себебі мен түр-келбетімнің басқаша болғаны, нақтырақ айтсам, азиат болғаным үшін біраз теперіш көрдім. Мазаққа көп ұшырадым. Сондай қиын кезеңдерде үйге келіп, айнаға қарап, «Мен кімнен тараймын өзі? Мен кімге тартқанмын? Менің ата-анам кім? Олардың түрі қандай?» деген сауалдарды өз-өзіме қойып, ашуға булығатынмын. Осы нәрсе мені анам мен бауырларымды шындап іздеуіме түрткі болды. Содан соң қазақтардың түрі қалай болатынын зерттедім. Қазақстан туралы да мәлімет қарадым. Бар айтарым, көп рет естіп-білгенше, бір рет барған абзалырақ екен. Онда тезірек барып, ондағы мәдениетті танып-білгім келеді.
– Онсыз да «Қазақстан туралы не білесің?» деп келесі сұрақ қойғалы тұрған едім.
– Тапқан мәліметтерге сүйенсем, Қазақстан – өте көрікті ел. Онда Азия құрлығында орналасқан өзге елдер секілді азиялық сипат көп емес екен. Қазақстан – батыс өркениетіне бет алған зайырлы мемлекет. Айтпақшы, мектепте Қазақстан туралы презентация жасағанмын. Бір жоба ережесіне сәйкес, бәрімізге туған жерімізді таныстыру керек болды. Сол кезде мен Қазақстанның табиғаты, туризм әлеуеті, ұлттық тағамдары мен дәстүрлі киімдері туралы презентация жасап, көпшілік назарына ұсынғанмын. Сол жобаға дайындық барысында Қазақстанды ұнатып қалдым. Қатты барғым келеді! Тауы мен бауы жарасқан әсем ел! Қазір сонда болсам ғой!
– Презентацияға дайындық кезінде не нәрсе сені көп қызықтырды?
– Маған жылқы етінен тағам әзірлейтіндеріңіз қызық көрінді. Содан соң дәстүрлі киімнің стилі қатты әсер қалдырды. Менің балалар үйінде ұлттық киім киіп түскен бірнеше суретім бар. Расында, қазақтың ұлттық киімдері көздің жауын алатындай-ақ екен. Сонымен қатар таңғажайып тұмса табиғаты қатты ұнады. Қала мен даланың тамаша үйлесуі, таулар мен өзендердің тоғысуы...бәрі, бәрі еліктірмей қоймайды.
– Ал кіндік қаның тамған жер – Орал қаласы туралы не білесің? Картадан қай жерде орналасқанын қарап, қызықтап қараған боларсың?
– Әлбетте, Орал туралы да мәлімет қарадым. Алматы, Астанаға қарағанда аз тұрғыны бар. Мегаполис емес, кент іспетті қала. Ресеймен шекаралас жерде орналасқан. Онда ескі шіркеу мен ағаштан қашалған әдемі үй көп екен.
– Іздестіру жұмыстарын қолға алғаныңды көріп жүрген ағаң Владимир де сен секілді туған ата-анасын іздегісі келмей ме?
– Бұл – ол үшін ауыр тақырып. Себебі оны анасы он төрт жасында дүниеге әкелген. Анасы тым жас, әлі жасөспірім болған соң оны асырай алмайтынын бағамдап, балалар үйіне өткізген екен. Есейе келе бұл туралы сөз қозғалса, оның қатты ашуланатынын байқадым. Бұл жайт оның жүрегін жаралағаны байқалып тұрады. Сондықтан ол туыстарын іздестіруге тырыспайды.
– Бұл сұрағым саған ауыр тисе жауап бермесең де болады. Десе де, егер жуық арада анаң мен бауырларыңды тауып алсаң, ең алдымен не істер едің?
– Ең алдымен анамды қатты құшақтайтын едім. Көпке дейін қысып, жібермейтін едім. Сосын онымен сағаттап отырып әңгімелесетін едім. Бұған дейін өміріміз қалай өрбігенін, бастан өткізген қиындық пен қуанышымызды жарыса айтып, ұзақ уақыт шүйіркелесетін едік. Мен расымен де анамды қатты көргім келеді. Екеуіміз көп уақыт жоғалтып алдық қой. Сол уақыттың орнын толтыру үшін жанынан шықпайтын едім. Мауқымды басып, оған жақын жан болсам деймін. Ана мен қыз ретінде онымен көп нәрсені бірге істегім келеді. Ең бастысы, оның кім, қандай жан екенін қатты білгім келеді. Жүрек түбінде анам мен бауырларымның мені іздегісі келгенін сеземін. Олар да менің қайда екенімді біліп, қандай болып өскенімді білгісі келген болар (дауысы дірілдеп).
– Жазбаңда биыл Қазақстанға келуді жоспарлап отырғаныңды айтқан едің. Қашан, қай қалаға келмексің?
– Осы жылдың желтоқсанында келемін деп жоспарлап отырмын. Әкем екеуіміз бір ай Алматыға тұрақтамақпыз. Америкалық ата-анам мені асырап алу туралы құжаттарым реттелгенше Алматыда бір ай тұрған екен. Сол кезде екеуі Алматы мен қала маңында орналасқан әсем жерлерін аралап, керемет демалып қайтса керек. Араға жиырмаға жуық жыл салып, сол жерлерге тағы бір рет қыдырып бармақ ойымыз бар. Астанаға да барғым келген, алайда ол жақта күн суық болады деп естідім. Жалпы, Қазақстанның қай қаласына болмасын, барғым келеді. Алайда қазақ тілін білмегендіктен тұрғындар мені түсіне алмай дал бола ма деп қорқамын.
– Facebook-тегі жазбаңның астында саған қолдау білдіріп, көмектескісі келетіндердің қарасы көп. Мұндай реакцияны күтпеген боларсың?
– Әрине, күтпедім. Ол жерге жазба жариялағанда ары кетсе бір-екі қолданушы ғана көретін шығар деп ойлағанмын. Алайда кешелі бері көп қазақ жеке аккаунтыма жазып, қолдау білдіріп жатыр. Өте риза болдым! Керемет сезім! Әлия, сосын сіз секілді журналистер «Көмегіміз тиіп қалар» деп хабарласқанда, сіздермен арада айрықша байланыс, жалпақ тілмен айтсам, қазақи байланыс бар екенін сездім. Бұл – сізге айтып түсіндіре алмайтын керемет сезім! Төбем көкке бір елі жетпей тұр!
– Анаңмен, бауырларыңмен тез арада қауышуға жазсын!
– Рахмет! Мені әлеуметтік желіден тауып, уақыт бөліп, хабарласқаныңызға ризамын! Бұл мен үшін көп нәрсені білдіреді. Расында, сізге алғысым шексіз!
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ