Алматыда алаяқтық жолмен 600 млн теңгеге жуық ақша тапқан күдіктілер ұсталды
Қазір күдіктілер полицияға жеткізіліп, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде

Алматы облысында Telegram арқылы алаяқтық жолмен 600 млн теңгеге жуық пайда тапқан төрт күдікті ұсталды.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер 2024 жылдың маусым айынан бастап 50-ден астам адамды «дроп» ретінде пайдаланып, олардың атына банктік карталар рәсімдеген. Осы карталар арқылы 1000-нан астам қаржылық операция жүргізіліп, жалпы сомасы 580 млн теңгеден асқан. Қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы (куратор) әрбір транзакциядан 6% комиссия алып, 35 млн теңгеден астам табыс тапқан.
«Антифрод орталығы» базасының дерегіне сәйкес, дроптарға қатысты қылмыстық істер Алматы облысының Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында, сондай-ақ Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында және Маңғыстау облысында тергелуде.
Тергеу барысында анықталғандай, алаяқтар Telegram арқылы «оңай ақша табу» туралы хабарландырулар таратып, адамдарды өз атына немесе бөтен адамдардың атына банктік карталар рәсімдеуге көндірген. Алған карталар арқылы жәбірленушілерден түскен қаражат аударылып, із жасыру мақсатында қолма-қол шешіліп, криптовалютаға айырбасталған немесе басқа есепшоттарға таратылған. Куратор қомақты пайда көрсе, дроптарға аз ғана сыйақы төленген, ал негізгі табыс қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларға кеткен.
Қазір күдіктілер полицияға жеткізіліп, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Ұйымдастырушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұдан бөлек, күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Осы мақсатта екінші деңгейлі банктерге ресми сұраулар жіберу жоспарланып отыр.