239
Қырғызстанның 600 азаматы лаңкестік топтар қатарында жүр
Қырғызстанның 600 азаматы лаңкестік топтар қатарында жүр
Қырғызстанның Ош қаласында тыйым салынған сириялық бірнеше ұйымға қатысы бар деген күдікпен қырғыз азаматы ұсталды деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.
Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің Ош қаласындағы басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 жастағы күдіктіні 10-басқарманың қызметкерлері қолға түсірген.
Мәліметтерге қарағанда, ол Орынборда автокөліктерді сату-сатып алумен айналысқан, бірақ 2015 жылы ақпанда оны Сирияға шақырған делінеді. Сол жерде қырғыз азаматы "Джебхат ан-Нусра" ұйымының мүшелерімен кездесіп, екі ай жаттығу лагерінде тұрған, атыс және күрес тәсілдерін үйренген. Одан соң оны "Ганибат" тобына қосып, Түркияға жіберген. Бұл елде оны полиция ұстап, Қырғызстанға жер аударған.
Ұсталған азаматты Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне берген.
Ресми мәлімет бойынша, шамамен 600 қырғыз Сирия мен Ирактағы әскери қимылдарға қатысып жүр. Олардың шамамен 70-і қайтыс болды делінеді.