316
БҰҰ: Ирак пен Сирияны минадан тазартуға 40-50 жыл кетеді
БҰҰ: Ирак пен Сирияны минадан тазартуға 40-50 жыл кетеді
БҰҰ сарапшыларының пікірінше, Ирак пен Сириядағы көп жылдық соғыста жасырылған миналар, қолдан жасалған жарылғыш заттар мен жарылмаған басқа да оқ-дәрілерді тазалап, зарарсыздандыруға 40-50 жыл уақыт пен миллиардтаған доллар керек. Бұл туралы Орталық Азияның жаңалықтар қызметі хабарлады.
БҰҰ-ның минадан тазарту қызметінің директоры Агнес Маркайюдың айтуынша, соғыс шарпыған екі елді Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропа сияқты жасау үшін ондаған жыл уақыт қажет. Бұл туралы ол 4 сәуірде Халықаралық мина қаупінен хабардар ету күніне орай өткен баспасөз конференциясында айтты.
Маркайю Ирактағы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымынан қайтарып алынған территорияларды мина, қару-жарақ пен жарылғыш заттардан тазарту үшін жылына 180 миллион доллар, оның ішінде тек Мосул қаласының өзінде осындай жұмыстар жүргізуге жылына 50 миллион доллар жұмсау керек деген болжамын айтты.
"Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін француздар, немістер мен британдықтардың өз жерін өзі тазалағаны сияқты Ирак үкіметіне де өз проблемасымен өзінің айналысуына мүмкіндік беру қажет" деді Маркайю. Ол сонымен қатар Сирия территориясын қайтадан қауіпсіз ету үшін "орасан зор күш қажетін", бірақ оның қаржы табылғанда ғана жүзеге асатынын айтты.