ҰБТ-2017: түлектерді қандай "тосынсый" күтіп тұр?

ҰБТ-2017: түлектерді қандай "тосынсый" күтіп тұр?

ҰБТ-2017: түлектерді қандай "тосынсый" күтіп тұр?
ашық дереккөзі
979
Оқу жылы аяқталуға жақындағанда дауға айналатын ҰБТ мәселесі биыл тіпті көп талқыланды. Мұның басты себебі – ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің өзгеріске ұшырауы. Бұл туралы өткен оқу жылының соңында белгілі бола бастаған-ды. Бірақ Білім және ғылым министрлігі үстіміздегі жылдың басында ҰБТ форматының толықтай өзгертілгендігін хабарлаған. Ал бұрынғы жүйе бойынша дайындықты бастап кеткен түлектер үшін жаңа жүйенің жеңіл болмайтыны анық. Жыл сайын ҰБТ-ның өзгеріске ұшырауы мүмкін екендігіне құлағы үйренген көпшіліктің бұл сынақ түрін мүлдем тоқтатып, бұрынғы дәстүрлі емтиханға ауысуды қуаттайтыны үнемі сөз болады. Осыны ескерген болуы керек, еліміздің білім саласына жауапты ведомство ұлттық бірыңғай тестілеуді 2 кезеңге бөлді. Бірінші кезеңге «Қорытынды аттестаттау» деп айдар тағылса, екінші кезеңі жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін емтихан – ҰБТ.

Мектептегі емтихан қайта оралды

Қорытынды аттестаттау – мемлекеттік бітіру емтиханы. Бітіру емтиханы білім алушының өзі оқитын мектебінде өтеді. Бұл емтиханды бітіруші түлектер мектепте 5 пәннен тапсырады. Оның төртеуі міндетті (ана тілі, екінші тіл, алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы) және оқыту бейіні бойынша 1 таңдау пәні. Ана тілі және әдебиетінен (оқыту тілі) жазбаша емтихан тапсыру міндеттелген. Мұнда бітіруші түлек берілген тақырыпқа эссе жазуы қажет. Эссе жазуға 3 астрономиялық сағат беріледі. Осы уақыт ішінде ұсынылған үш тақырыптың біріне 250-300 сөзден тұратын эссе жазу керек. Алгебра және анализ бастамалары пәні бойынша өтетін жазбаша емтиханға 5 астрономиялық сағат беріледі. Емтихан 5 тапсырмадан тұрады. Мұндағы тапсырмалар математикалық фактілерді, түсініктерді және тәсілдерді меңгеру деңгейін, есеп шығару және логикалық тапсырмаларды шешу дағдыларын, функционалдық сауаттылығын анықтауға арналған. Қазақстан тарихы пәнінен мектеп бітірушілер билет бойынша ауызша емтихан тапсырады. Әр билетте 3 сұрақ көрсетілген, оның екеуі Қазақстан тарихының барлық курсының негізгі бөлімдерінен теориялық сұрақтар, 3-ші сұрақ шығармашылық тұрғыдағы тапсырма (карта, кескіндер, портреттер, хронологиялық кестелер пайдалану арқылы тапсырмалар). Екінші тіл (орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілі және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі) бойынша тестілеуге 80 минут беріледі. Тест 3 блоктан тұрады: лексикалық-грамматикалық, тыңдалым және оқылым блогы. Алғашқы блокта 20 тест тапсырмасы, тыңдалымда 10, оқылымда 10 тест тапсырмасы бар. Екінші және үшінші блокта 200-250 сөзден тұратын 2 мәтін беріледі. Таңдау пәнінен де 40 сұрақтан тұратын тест тапсырылады. Тестілеуге 80 минут уақыт беріледі, жалпы балы – 60. 40 сұрақтың алғашқы жиырмасы бір дұрыс жауабын табу арқылы 20 баллмен, қалған 20 сұрағы бірнеше дұрыс жауабын табу арқылы 40 баллмен бағаланады. Айта кетейік, екі пәннен тестілеу бір күнде өтеді. Егер сынақ тапсырған оқушы емтиханға қойылған бағалаумен келіспесе, келесі күнгі сағат 13-00-ге дейін аудандық, қалалық және облыстық білім басқармаларының жанынан құрылған комиссияға шағымдана алады. Бітіру емтиханының нақты қай уақыт аралығында өтетіндігі әзірге белгісіз. Нақты мерзім 2017 жылдың 30 сәуіріне дейін Білім және ғылым министрлігінің «2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы» бұйрығымен айқындалатын болады. Кейбір дерек көздерінің мәліметі бойынша, емтихандар шамамен 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өтуі мүмкін. Қорытынды аттестаттаудың барлық материалдарын дайындауды және білім басқармаларына дейін жеткізуді Ұлттық тестілеу орталығы, ал мектептерге жеткізуді білім басқармалары ұйымдастырады. Жазбаша және ауызша емтиханды бағалауды, берілген дұрыс жауап кодтары негізінде жауап парақтарын тексеруді мектепте құрылған емтихан комиссиясы әр пән бойынша жүргізеді.

ҰБТ-ның ұтымды тұсы қайсы?

Ал ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші кезеңі жоғары оқу орнына түсу емтиханы болмақ. Мемлекеттік гранттар да осы тестілеу нәтижесі бойынша бөлінетін болады. Алғашқы қорытынды аттестаттаудан кейін бітірушілер аттестатты қолдарына алғандықтан, ҰБТ-ны жоғары оқу орнына түсуге ниетті талапкерлер ғана тапсырады. ҰБТ 5 пән бойынша 120 сұрақтан құрастырылған. Бірақ тестілеудің жалпы ұпай саны – 140. Өйткені бейінді пәндер бойынша тест тапсырмаларының ішінде бір сұрақтың бірнеше дұрыс жауабын белгілейтін тапсырмалар да бар. 5 пәннің үшеуі міндетті (математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы) және екеуі бейінді пән. Тестілеудің уақыты 3 сағат 30 минутқа есепелген. Ал шекті балл өзгеріссіз қалдырылды, яғни, 50 балл. Тестілеуге қатысу үшін өтініштер 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында қабылданады. Биылғы жылы да 165 ҰБТ өткізу пункттері дайындалуда. ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында өткізілмек. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың тамыз айында және келесі жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. «Алтын белгі» иегерлері, республикалық және халықаралық олимпиадалардың,  ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ-дан босатылмайды. Алайда тапсырған тест нәтижелері аталған жетістіктері жоқ талапкерлердің көрсеткіштерімен бірдей болған жағдайда, гранттарды бөлу кезінде  басымдыққа ие болады. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 5 халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы гранттар бөлінеді.

Сауалдар сауаттылықты арттыра ма?

Жыл сайын у-шумен басталып, даумен аяқталатын ҰБТ биылғы жылы мүлдем өзгеше болмақ. Жаңа ережелерді жоғарыда атап өттік. Ал осы жаңалықтар түлектердің білімін толық анықтай ала ма? Жаңадан әзірленетін сұрақтардың мазмұны талапқа сай ма? Олай дейтініміз, бұған дейін де ҰБТ сұрақтарының мазмұнына байланысты талай дау-дамай туындаған. Қазір мектеп бітіруші түлектер сынаққа қызу дайындық үстінде. Өткен жылдан бері бұрынғы тест тапсырмалары бойынша дайындалып жүргендердің жаңа талаптар мен ережелерге бірден бой үйретіп кетуі оңай болмайтыны айтпаса да түсінікті. Бұған дейін тест сұрақтарын жаттап алуды әдетке айналдырғандар үшін жаңа жүйе бойынша эссе жазу, ауызша сұрақтарға жауап беру, мәтіндердің мазмұнын түсіну қиын болғалы тұр. Бір жағынан, ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы оқушылардың білімін жан-жақты көрсетуіне мүмкіндік бермек. Мектеп бітірушінің оқу сауаттылығын анықтайтын бөлімде берілетін мәтіндердің оқушының білімін айқындауға мүмкіндік беретіндігіне күмәнмен қарайтындар көп. Адамнан айла артылсын ба? Қазір мектеп бітіруші түлектер барлық эссе тақырыптарын бөліп алып, жазылған эссені жаттауда. Одан бөлек әлеуметтік желілерде ҰБТ сұрақтары мен жауаптарына арналған түрлі топтар ашылып, қазақстандық мектеп бітірушілердің басым бөлігі осы топтарда бір-бірінің сынақ кітапшаларымен бөлісіп, дұрыс жауаптарды естерінде сақтау үшін жанын салуда. Қазірдің өзінде Ұлттық тестілеу орталығы бекіткен 102 эссе тақырыбы оқушылардың қолына тиіп үлгерген. Әрине, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша берілген тақырыптарға эссе жазып шығу үшін бітірушілердің әдебиетті қайта қолдарына алуға тура келеді. Өйткені эссе тақырыбын таңдағаннан кейін бітірушілер негізгі идеяны анықтап, мәселені жинақтауы, дәлелдер жазуы, тіл құралдарын және тілдік әдістерді (салыстырулар, эпитеттер, метафоралар, риторикалық сұрақ, кіріспе сөздер) білу міндеттелген. Қазақ әдебиетінің барлық кезеңдері қамтылған тақырыптардың барлығы оқушының жадында сақталып қалмағаны анық. Сондықтан, олардың бүкіл әдебиетті ақтарып, бәрін басынан қарап шығуы қажет. Ал екі кезеңдік сынақ тапсыратын бітірушілер бұған дайындалып үлгере алмайтындықтарын тілге тиек етуде. Олардың жоғарыда айтқандай жазылған эсселерді жаттауға көшуінің де сыры осында болса керек.

Журналистер жазықты ма?

Оқу сауаттылығы бойынша еліміздегі түрлі ақпараттық порталдар мен сайттарда жарияланған жаңалықтар мен пікірлер, мақалалар таңдалып алынған. Жасыратыны жоқ, кейбір мәтіндердің ҰБТ тапсырмаларына, мектеп бітірушілердің білім деңгейіне қандай қатысы бар екендігін ұғына алмағанымыздың несін жасырайық. Тіпті, мәтіндердің арасында шоу-бизнеске қатысты сауалдар да қылаң береді. Ал бұған қатысты жауап берген Білім және ғылым министрі барлық кінәні журналистерге аудара салғаны да есімізде. Әңгіме продюсер Баян Есентаеваның «Абайлаңыз, сиыр!» фильмі туралы мәтіндік сұрақтан басталған-ды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің ойынша, тест сұрақтарында Баян Есентаева мен басқа да шоу-бизнес өкілдерінің қаптап жүруінде еш әбестік жоқ екен. Қайта олар түлектерді қызықтырып, емтиханға деген дайындыққа жағымды әсер ететін көрінеді. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осы тақырып төңірегінде сауал қойған журналиске: «Ол ҰБТ-ның сұрағы емес қой. Алдын ала дайындық кезінде қойылған сұрақ. Ол газеттен алынған мәтін. Сіз Баян Есентаева туралы жазып жүрсіз ғой. Оны сіз неге жазасыз? Ол газеттен, сайттан алынған мәтін. Талапкерлерге берілген. Мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріңіз деп жазылған. Сіз жазсаңыз, біз оны неге алмаймыз?», – деген болатын. Демек, ҰБТ сұрақтары журналистермен, оның ішінде ақпараттық сайттардағы жаңалықтармен тығыз байланысты. Ендеше, неге министр мырза оқу сауаттылығы бөліміндегі мәтіндерді газет-журналдар, әдеби кітаптар мен оқулықтардан іріктеп алу туралы тапсырма бермейді? Талапкерлерге жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін ұлттық сынақта неге сайттардағы жазылған пікірлер мен ақпараттар кездесуі керек? Біздің елде балалардың білім деңгейі осылай өлшене ме? Журналист қауымға қарсы сауал қойғанына масаттанған министр осы жөнінде неге ойланбайды? Ұлттық бірыңғай тестілеудің екіге бөлінуіне наразылық білдіріп жатқандар көп емес. Әрине, мектеп қабырғасында өтетін қорытынды аттестаттау баланың білімін шынайы тексеруге мүмкіндік береді деп сенім білдіреміз. Ал сынақтың екінші кезеңі бұрынғы ҰБТ-дан қаншалықты ұтымды болмақ? Қош делік, оқу сауаттылығы талапкердің ойлауына, мәтіннің мазмұнына үңілуіне, мәтіннің идеясы мен ойын анықтауына мүмкіндік береді. Әрине, егер берілген мәтіндер мәнді әрі мазмұнды болса. Одан кейін математикалық сауаттылық бойынша талапкердің математикалық білімі бағаланады. Бұл бөлімнің атауы өзгеріп, «сауаттылық» сөзі тіркескенімен, бұрынғы жүйедегідей тест тапсырмалары. Қазақстан тарихы пәнінен өтетін сынақ та дәл сондай. Бітірушілер тағы да жанталасып, Қазақстан тарихынан келуі мүмкін сұрақтардың жауабын жаттауда. Оқулықты қолына алып, тарихқа тереңінен үңіліп жатқан ешкім жоқ. Биылғы ҰБТ-ның бір ерекшелігі – 2 таңдау пәні бойынша тест тапсыру. Мысалы, физиканы таңдаған бала қосымша математикадан да тест тапсыратын болады. Тағы бір артықшылығы – қазақ тілінде оқитындар орыс тілінен, орыс тілінде оқитындар қазақ тілінен тест тапсырмайды. Бұрын бұл пәндерден тест тапсырып, бірақ одан жинаған ұпайы жалпы балдан шегеріліп тасталатын еді. Енді есепке алынбайтын сабақ үшін бас ауырту қажет емес.

Өз тілімізді неге өгейсіттік?

Оқушыларды орыс тілін сынақтан алып тастап қуантқан министрлік міндетті қазақ тілі пәнін ҰБТ-дан алып тастау арқылы жұрттың кезекті рет ашуына тиді. ҰБТ-дағы қазақ тілін оқу сауаттылығы алмастырды бұл жолы. Бірақ бұл сынақ оқушының тіл білімін бағалай алмайтыны айдан анық. Ал министрліктің қазақ тілін тестілеуден алып тастауы құптарлық іс болды деп айта алмаймыз. Мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына қадам басқан талапкер қазақ тілі пәнінен сынақ тапсыруы тиіс. Онсыз да мемлекеттік тілдің мәртебесіне алаңдап отырғанда, министрліктің бұл әрекеті көңіл көншіте қоймағаны рас. Баршамызға мәлім, мектептегі 10-11-сынып оқушылары соңғы оқу жылдарында тек ҰБТ-дан сынақ тапсыратын пәндерге ғана дайындалады. Бұған қанша көзімізді жұма қарағанымызбен, мектептердегі қалыптасқан жағдай осындай. Ал қазақ тілінің ҰБТ-дан шеттетілуі болашақ мамандардың бұл пәнді оқуды тоқтатуына түрткі болары сөзсіз. Үштілді білім беру жүйесіне қол созып, мектептегі жүйені мүлдем тығырыққа тіреген ведомствоның бұл әрекеті ақтауға келмес. Бірақ қолдан келер шара қайсы. Елімізде пайдасы мен зияны күмәнді талай реформа қабылданып жатыр емес пе? Оның бәріне қарсы пікір білдіріп, үн қосқанымызбен, тыңдар құлақ болмаса, кімге өкпелейміз?!. Министрлік аталмыш мәселеге қатысты түсінік бергенде, қазақ тілінен сынақ мектепте өтетіндіктен, оны ҰБТ-дан алып тастауды ұйғарғандығын жеткізді. Олай болса, математикалық сауаттылық пен таңдау пәнін де ҰБТ-дан шегеріп тастау керек емес пе? Бұл пәндер де мектептегі қорытынды аттестаттау кезінде тапсырылады ғой. Ұлттық тестілеуге өзгеріс енгіземіз деп білім беру жүйесін, мектеп бітірушілерді бағалау жүйесін одан әрі былыққа батырған министрлікке өкпелілер көп сияқты. Тіпті, қоғам белсенділері Ерлан Сағадиевтің отставкаға кетуін де талап еткен болатын. Қазақ тілі мен әдебиеті тек ҰБТ-дан ғана емес, мамандық дәрежесінен де алынып тасталған. Яғни, Қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы сынды маңызды мамандықтар мүлдем жойылған. Бұған үзілді-кесілді қарсы бір топ ғалым Ақордаға хат та жолдады. Әуелде Білім және ғылым министрі бұл жағдайдан бейхабар екендігін айтып, мұндай жағдайдың орын алуы мүмкін еместігін алға тартқан болатын. Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру мамандықтарының жаңа тізбесінде Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы енгізілген. Бірақ Қазақстан тарихы мамандығын таба алмадық. Айта кетейік, ақпан айында шыққан тізімде Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы болмаған. Сол себепті де, Қазақстан Жазушылар одағында Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханмен кездесу барысында бір топ жазушылар осы мәселені көтерген-ді. Қазақ бар жерде оның тілі мен әдебиетін оқытпаудың санаға сыймайтындығын алға тартқан қаламгерлер тіліміз бен әдебиетіміздің өз елімізде өгейдің күнін кешіп отырғанын тілге тиек етті. Расында да, өз тілімізді өгейсітуден алдымызға жан салмайтынымыз өкінішті-ақ.

Серіктес жаңалықтары