670
Тілдерді дамытудың жаңа деңгейі Үкімет отырысында кеңінен талқыланды
Тілдерді дамытудың жаңа деңгейі Үкімет отырысында кеңінен талқыланды
Сейсенбі күні Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен Үкімет отырысы өтті. Жиында Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қаралды.
Үкімет отырысының басында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев көктемгі су тасқыны мәселесіне арнайы тоқталып өтті. Аталмыш мәселе төңірегінде баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов көктемгі су тасқыны басталғалы 5 адамның суға кеткендігін айтты. «Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 31 наурыз күні су жүрген жолды жүріп өтпекке талпынғанда, жолаушылар мінген УАЗ көлігі жол жиегіндегі тереңдігі 2 метрлік сайға құлаған. Өз беттерінше 11 адам құтылған, 3 адам суға кеткен. Олардың мүрделері судан шығарылды. Сол ауданда 2 сәуір күні сақтық шараларын ескермей, атқа мінген екі адам өзенді кешіп өтпек болғанда, батып кетті. Қазіргі уақытта олардың мәйіттерін іздестірудеміз», – деп атап өтті Ішкі істер министрі. Министрдің айтуынша, мұндай жағдайларға байланысты қауіпсіздікті сақтау жұмыстары бойынша шаралар қабылданған.
Ал Премьер-министр Бақытжан Әбдірұлы адамдардың соншалықты бейғам екендігін атап өтіп, жауапты тұлғалардан су тасқыны қаупі төнген аймақтарда адамдардың жүрісін шектеу мәселесін ойластыруға шақырды. «Әрине, адамдардан айырылып қалғанымыз қайғылы жағдай. Ескерту жасалғанын министрдің баяндамасынан естідік. Десек те, қандай да бір өңірде, елді мекенде жағдай өте күрделі сипат алса, қарапайым ескертумен шектелуге болмайды. Посттар қойып, тыйым салу керек. Адамдар «өтіп кетем» деп тәуекелге бас тігеді, өзіне қатысы жоқ деп ойлайды. «Тыйым салынады, жолға шығуға болмайды, даладағы жағдай мынадай» деп қатаң айтпасаң, тоқтамайды. Осы бағытта жұмыс ақсап жатқандай. Апта сайын талқылаймыз, кеңестер өткіземіз, бәрібір адам шығыны болады. Өкінішті-ақ», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Одан ары күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндама жасады. Бүгінде Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгергендер қатары артып келеді. Арыстанбек Мұхамедиұлы келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы елімізде мемлекеттік тілді меңгергендер 72,1 пайыз, 2015 жылы 76,3 пайызды құраса, өткен жылы 82,3 пайыз болған. Ал 12-17 жас аралығындағы оқушылар мен ересектерді қосқанда үш тілді меңгергендер үлесі 20,5 пайызға жетіпті. Мәдениет және спорт министрі: «Мемлекеттік бағдарлама аясында 2014-2016 жылдар аралығында оқу-әдістемелік құралдар, әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары, танымдық, ғылыми-публицистикалық, балаларға арналған кітаптар және басқаларды қосқанда, барлығы шамамен 88 баспа жобасы жарық көрді. Оның ішінде өзге тілдерде шығарылған жобалар саны – 24. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әдістемелері «Қазақ сөзі» оқу құралдары әзірленді», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік қызметкерлерді оқытуды ұйымдастыру мақсатында Мемлекеттік басқару академиясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Аталмыш жоба шеңберінде орталық органдарда мемлекеттік тілді оқыту курстарына 300 адам қатысты. Үстіміздегі жылы да бұл жоба жалғасатын болады. Биыл қазақ және ағылшын тілдеріндегі курстарға қатысатын мемлекеттік қызметшілер қатары екі есе артады деп жоспарлануда.
Министр өз сөзінде орталық және жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі құжаттар айналымын да назарсыз қалдырмады. Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, 2016 жылы мұндағы құжат айналымы 91 пайызды құраған. Бірақ статистикалық-есептік және қаржылық құжаттамалардың мемлекеттік тілге көшу деңгейі жеткіліксіз екен. «Бұл жағдай, әсіресе, ұлттық компанияларда байқалады. Мемлекеттік тілдегі іс қағаздарын жүргізу орталық атқарушы органдарда – 89 пайыз, жергілікті атқарушы органдарда – 93 пайыз. Отандық БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 71 пайыз», – деп мәлімдеді Мәдениет және спорт министрі.
Қазіргі уақытта аталған бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстары тәмамдалды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, соңғы 3 жылда бағдарламаны жүзеге асыру қорытындылары орташа тиімділігін көрсеткен. Яғни, балдық жүйе бойынша, мүмкін болатын 4 баллдан 2,66 баллмен бағаланған. Сондай-ақ, осы уақыт арлығында бағдарламаны жүзеге асыруға 16,7 миллиард теңге бағытталса, соның 14,9 миллиард теңгесі, яғни 89,3 пайызы тиімді игерілген көрінеді.
Ұлттық экономика министрі Экономикалық зерттеулер институтының аталмыш мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысы мен тұрғындардың қанағаттану деңгейін анықтау бойынша сауалнама жүргізілгендігі тілге тиек етті. «Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, сұралғандардың жартысынан көбі мемлекеттік тілді тұрақты қолданады. Басым бөлігі – 63,7 пайызы «соңғы кезде тіл мәдениеті жақсарды» деп санайды, яғни, адамдардың тіл білімдерін, біліктіліктерін, дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін дамыту деңгейі артқан. Сұралғандардың жартысының мемлекеттік тілді оқыту бойынша оқу-әдістемелік әдебиеттердің сапасына көңілдері толады», – деді Тимур Сүлейменов. Алайда қазақстандықтар мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының аздығына шағымданатын көрінеді.
Аталған тақырыпты қорытындылау кезінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев тілдерді ары қарай дамыту мәселелері жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Премьер-министр берген тапсырмалар Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру аясында жүзеге асырылады. Мемлекет басшысының Жолдауында үш тілді білім беруге кезең-кезеңмен көшуге назар аударылғандықтан, Үкімет осы тапсырманы орындауға ниетті. Осы ретте Үкімет басшысы Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктеріне, әкімдерге халыққа қазақ тілін үйретудің тегін курстарын ұйымдастыру туралы тапсырма берді. Өзге тілдерді үйрететін курстардың да қолжетімді болуын тапсырды.
Үкімет отырысында терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мәселесі де талқыланды. Бұл ретте Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақстандық азаматтарды деструктивті діни ағымдарға тарту динамикасы азаймай отырғанын мәлімдеді. ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков келтірген деректерге жүгінсек, өткен жылы дәстүрлі емес діни ағымдарды жақтаушылардың 32,1 пайызы «адресті профилактикалық шаралармен» қамтылған екен. Нұрғали Білісбеков: «Нысаналы жұмыс нәтижесінде, салафиттік қоғамдастықтардың 70 жетекшісі мен белсендісі қазақстандық қоғам құндылықтарына түзу көзқарасқа иліктірілді. Қазақстанның 91 азаматының халықаралық террористік ұйымдар жағында ұрысқа қатысу үшін шетелге шығу ниеттеріне тосқауыл қойылды. Жүргізілген жұмыс арқасында елге 81 студент қайтарылды. Шетелдегі діни оқу орындарына барудан 177 адам аластатылды. Есепті кезеңде ел аумағында 12 террористік және басқа да зорлық-зомбылықты экстремистік акциялардың жасалуына жол берілмеді. Жалпы алғанда, террористік, діни экстремистік қылмыстары үшін 123 радикал сотталды», – деп атап өтті. Қазіргі уақытта террористік қауіпке ден қоятын және терактілер салдарын жоятын өңірлік жедел штабтардың дайындығы 89,9-дан 91,7 пайызға дейін арттырылды.