279
Германияда әлеуметтік желідегі жазбаларға бақылау күшейді
Германияда әлеуметтік желідегі жазбаларға бақылау күшейді
Германия әлеуметтік желіге бақылауды күшейтті. Өшпенділік пен азғындықты насихаттайтын жазбаларға шектеу қою мәселесі енді заңмен реттелмек деп хабарлайды 24.kz.
Жаңа құжат бойынша әлеуметтік желі тыйым салынған контентті дер кезінде алып тастамаса, оған ірі көлемде айыппұл салынады. Германия үкіметі осыған қатысты арнайы заң қабылдады.
Ел үкіметі бұған дейін де Facebook, Twitter, YouTube сияқты сайт қолданушыларын жөнге келуге шақырғанымен, нәтиже болмады. Енді халық арасында іріткі тастап, арандату мақсатында жазылған әрбір контент үшін жауап береді. Осындай ұлтаралық шиеленіс пен өшпенділік тудыратын жазбалар желіге салынған жағдайда 24 сағаттың ішінде алынып тасталуы тиіс. Енді жаңа заң бойынша желінің Германиядағы өкілдігіне 5 млн евро, ал компанияның өзіне 50 млн евроға дейін айыппұл салынбақ.
Хайко Маас, ГФР Әділет министрі:
- Бұдан былай әлеуметтік желілер жауапкершілікті өз мойындарына алады. Осылай жасағанымыз дұрыс деп шештік. Сайт қолданушылары жат пиғылды насихаттайтын жазбаларға қарсылық білдіріп, шағым түсірсе, онда контентті алып тастауға бір тәулік беріледі. Бағынбағандарды заң бойынша жазалайтын боламыз. Оларға ірі көлемде айыппұл саламыз.
Германия халқының жаңа заңға деген пікірі екіге жарылды. Мәселен осы елдің журналистер одағы мен бірқатар саясаткерлер жаңа заңды жаппай сынға алды. Олар бұл сөз бостандығын шектеу деп санайды. Ал тұрғындардың дені әлеуметтік желіде талаптың қатайтылуына қолдау білдіп жатыр.
Симон, Берлин қаласының тұрғыны:
- Әлеуметтік желіде адам шошырлық пікірлер жазылады. Оны үлкен де, кіші де оқиды. Сондықтан заңның қабылданғаны дұрыс болды.
Әлеуметтік желіні бақылау мұнымен шектелмейді. Сонымен қоса, желіге жалған ақпарат салуға да тыйым салынды. Алғаш болып Facebook заң аясынан шықпайтындығын мәлімдеп, мәліметті тексеретін мекемелермен де бірігіп жұмыс істеуге ниет білдірді.