Теміртаудың тынысы неге тарылды?

Теміртаудың тынысы неге тарылды?

Теміртаудың тынысы неге тарылды?
ашық дереккөзі
1353
Еңбектің, қаласы! Құрыш шаһар! Елбасы еңбек жолын бастаған шежірелі де несібелі қала – Теміртаудың атауын естісе, иісі қазақтың көкірегін мақтаныш кернейді. Алайда өзегі өндірістен, тамыры  тағылымды тарихтан бастау алатын қазыналы шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғалса, көп күмілжиді жұрт. Еңбектен қол үзбеген теміртаулықтар көк түтінге тұншығып отырмыз деп дабыл қақты. Тыныстаған ауа, ішкен судан кесел жұқтырамыз ба деп алаңдаған жергілікті халықтың жанайқайына құлақ түріп көрсек...

Теміртаулықтардың талабы

Теміртау қаласында ауаның ластану деңгейі жылдан жылға ушығып бара жатқаны бұған дейін талай рет айтылып, жазылған. Қандай да бір нәтиже шығар, кінәлілер жауапқа тартылып, шаһардың экологиялық ахуалы оңалар деген үмітпен әліптің артын баққан теміртаулықтардың шыдамы шегіне жетті. Көк түтін торлаған қалада әрі қарай өмір сүру мүмкіндігіне күмәндана бастаған жергілікті тұрғын Антонина Кочуева өндіріс орындарына тексеріс жүргізуді талап етіп, жергілікті әкімдік пен прокуратураға хат жазды. Қоғам белсендісі жазған хатқа 600 адам қол қойып, қала тұрғындарының талап-тілектері тізілген қағаз тиісті мекемелерге тапсырылды. Теміртаулықтардың айтуынша, соңғы күндері қаланы тұман басып кеткен. Өндіріс орындарының мұржасынан ұшқан қою түтіннен қардың бетін қара күйе жауыпты. Ал жел терісінен соққанда қолқаны қабатын сасық иістен демалу тіпті мүмкін емес дейді олар. Өндіріс орындарына тексеріс жүргізу талап етілген хатта: «Әдетте «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорындары орналасқан аумақтан будақтап созылып жататын қою қара түтін бүкіл қаланы басып кетеді. Біз, қала тұрғындары, жыл сайын ауаға тасталатын зиянды қалдықтардың көлемінен бейхабармыз. Ауада қандай қауіпті заттар бар екенін және олардың мөлшері қандай екенін білмейміз. Жергілікті кәсіпорындар бізді және балаларымызды немен улап жатыр, мемлекеттік өкілетті органдар тарапынан табиғатты қорғау жөніндегі заңнама талаптарының орындалу барысы тексеріле ме, тексерілсе, қорытындысы қандай – осы сауалдарға жауап алғымыз келеді. Жергілікті билік бізді қаладағы экологиялық түйткілдің жай-жапсары, олармен күресу үшін атқарылып жатқан шаралар жайлы құлақтандырмайды» делінген. Арыз-шағымдарын айта келе теміртаулықтар жергілікті билікке қояр талаптарын да тізбектепті. Біріншіден, еліміздің түкпір-түкпірінен білікті мамандар шақырып, қаладағы өндіріс ошақтарының сүзгі қондырғыларына тәуелсіз тексеріс жүргізуді және тексеріс нәтижелерін БАҚ арқылы жергілікті халыққа хабарлауды талап етіп отыр. Екіншіден, қала зауыттарында ҚР экологиялық және табиғатты қорғау заңнамаларының сақталуы республика, облыс және қаладағы жауапты органдардың, үкіметтік емес ұйым мүшелерінің қадағалауымен толыққанды тексерілгенін қалайды. Сол тексерістер барысында қаланы торлап алған жағымсыз химиялық иіс, қара күйе мен түтіннің пайда болу себебін анықтап, Теміртау тұрғындарын құлағдар етуді сұрайды. Үшіншіден, ауаға тасталған зиянды қалдықтардың көлемі жайлы қала халқына тұрақты түрде ақпарат беріп отыруды талап еткен. Төртіншіден, эколог мамандар, қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйым мүшелерімен бірлесіп Теміртау қаласының экологиялық ахуалын жақсарту жөніндегі шаралар кешенін жасауды және сол шараларды қаржыландыруды қамтамасыз етуді сұраған. Мұнымен қоса, хатқа қол қойған қоғам белсенділері мемлекеттік бюджет есебінен Теміртауда экобекеттер салынғанын және мониторинг нәтижелері қалалықтарға онлайн-режимде қолжетімді болғанын қалайды.

Ауа құрамында тұншықтырғыш газдар көбейген

Қалалықтардың дабыл қағатын жөні бар. Жергілікті «Зеркало» басылымының мәліметінше, 2016 жылы қаладағы ауа құрамында азот диоксиді рұқсат етілген көрсеткіштен 2036 есе асып кетсе, күкірт қышқылы – 1557 есе, күкірт диоксиді – 2060 есе, көмірқышқыл газы – 106 есе, фенол – 593 есе, аммиак 26 есе артқан. Автоматты стансалардың жазбасына сүйенсек, 2016 жылдың 24,25 және 28 ақпанында қаланың шығыс бөлігінде ауаның азот диоксидімен жоғары деңгейде ластану дерегі 12 рет тіркелген. Ластану туралы деректерді қала тұрғындары арада бір жыл өткен соң ғана біле алады. Ауаның дәл қазіргі жағдайы теміртаулықтар үшін қат-қабат қағаздар астындағы құпия. Бақылауды «Қазгидромет» мамандары жүргізеді, алайда олар өз зерттеулерінің нәтижесін тегін таратпайды, ақы алады. «Зеркало» газетінің жазуынша, кәсіпорын деректерді тіпті БАҚ өкілдеріне тегін ұсынбайтын көрінеді. Сондықтан тұрғындар немен тыныстап жатқандарын біле алмай дал. Ауадағы улы заттар өздерінен бұрын, балаларының денсаулығына залал келтіре ме деп алаңдайды «Менің жас балам бар, өзімнің денсаулығым әлсіз. Ауаға таралып жатқан өндіріс қалдықтарының адам ағзасына өте зиян екенін білемін. Балам мен жақындарымның денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан көппен бірге наразылық шарасын бастап, қала басшылығына хат жаздық», – дейді Теміртау қаласының тұрғыны Антонина Кочуева. Теміртауды торлаған қара түтін әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Басым бөлігі мұны металлургиялық комбинаттан шығатын улы газдың сүзгіден дұрыс өткізілмеуінен деп топшылауда. Себебі түтінді тазалайтын қондырғының тұрақты жұмыс істеп тұруы үшін аса мол электр қуаты қажет екен. Ал мұндағы жылу электр орталығы қыс бойы бірнеше рет істен шыққан көрінеді. Қала әкімі бұл болжамды жоққа шығарып отыр. Десе де, өндіріс ошақтарының қоршаған ортаға зиян келтіріп отырғанын жасырмайды. «Біздің қарамағымыздағы мамандар әлеуметтік желідегі ақпараттарды, әкімдікке келіп түсетін басқа да мәліметтерді қарап, талдау жүргізіп отырады. Тұрғындардың шағымын ескеріп, экология департаментіне тексеріс жүргізу жөнінде хат жолдадым. Бірақ өнеркәсібі дамыған қала болғаннан кейін ауаға қалдықтардың шығарылатыны белгілі. Қалай десек те, барлығы тек экологтардың тексерісінен кейін белгілі болады. Ал оның нәтижесін міндетті түрде халыққа жариялаймыз», – дейді Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов. Бүгінде Теміртауда 150-ге жуық өндіріс орны жұмыс істейді. Олардың көпшілігі      «АрселорМиттал Теміртау» корпорациясына тиесілі. Бұл алпауыт өндірушіні жәй ғана «компания» деп атауға ауыз бармайды. Қала ішіндегі қалаға ұқсайтын кәсіпорын аумағының үлкендігі сонша, жұмысшыларды өткізу пунктінен жұмыс орнына дейін арнайы автобустар тасымалдайды. Өндірістің даму қарқыны жылдан жылға артып келе жатқандықтан Теміртау бірнеше жылдан бері ауасы ластанған қалалар тізімінде көш бастап тұр. Ресми деректер бойынша 2016 жылы бір ғана «АрселорМиттал Теміртаудан» шыққан зиянды қалдықтар көлемі 239 мың тоннаны құраған. Оның 60 пайызы – тұншықтырғыш газ. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, әсіресе азот диоксиді мен фенолдың көрсеткіші шекті деңгейден бірнеше есе асып кеткен. Фенол мен азот диоксиді – ең қауіпті өндірістік ластаушылардың бірі. Олар шырышты қабықты, жүйке және жүрек-қан тамырлары жүйесін зақымдайды. Сондай-ақ, бұл улы заттар адамның ішкі органдарының қалыпты қызметін бұзып, ауыр сырқат түрлерінің пайда болуына әкеліп соғады. Мамандардың айтуынша, қатерлі ісік тудыру қаупі жоғары.

3 мың адам онкологиялық дертке шалдыққан

Қазіргі таңда Теміртау қаласында 170 мыңға жуық адам тұрады. Олардың 3 мыңнан астамы онкологиялық ауруларға шалдыққан. Ең қорқыныштысы, бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. «Өткен жылы 200 адамды есепке алдық. Олардың барлығынан қатерлі ісіктің бастапқы белгілері анықталды. Науқастар санының артуы экологиялық жағдайдың салдары екені анық», – дейді №1 Теміртау қалалық емханасының онколог-дәрігері Ирина Баранова. Жоғарыда аталған заттардан бөлек, су және топырақ бетіне мыс, марганец, сынап, қорғасын және басқа да ауыр металдар шөгеді. Топырақ арқылы олар өсімдік пен жануар ағзасына түседі. Букетов атындағы ҚарМУ-дың ботаника кафедрасының қызметкерлері осы мәселені бірнеше жылдан бері зерттеп жүр екен. Олардың зерттеу деректеріне сүйенсек, Теміртау тұрғындары өз бақшаларында өсіріп, қоспасы жоқ, табиғи өнім деп тұтынып жүрген көкөністердің өзі денсаулыққа қауіпті. – Теміртауда жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде сәбіз, қызылша секілді тамыржемісті көкөністердің құрамында ауыр металдардың жинақталу көрсеткіші өте жоғары екені анықталды. Жер үсті жемістерде бұл көрсеткіш анағұрлым азырақ. Ауыр металдардан топырақ қана емес, су да қатты ластанады. Егер қаладағы су қоймасының суын алатын болсақ, оның құрамында ауыр металдардың үлесі өте аз. Өйткені ауыр металдардың ауырлығы сол, су түбіне шөгеді. Су түбінен балықтардың қорегі – балдырларға сіңеді. Қалдық тұндырғыға жақын маңайдан ауланған балықтардың сынамасында ауыр металдардың үлесі жоғары болды. Ал одан алысырақ жерден ауланған балықтардың қаупі анағұрлым аздау екенін анықталды, – дейді ботаника кафедрасының профессоры Маргарита Ишмуратова. Ауыр металдардың ықпалына физикалық тұрғыдан мықты деген ересек адамдардың өзі төтеп бере алмайды екен. Демек, олардың әлі қалыптасып үлгермеген балалардың ағзасын қалай зақымдайтыны айтпаса да белгілі. – Экологияның балалардың денсаулығына кері әсер ететінін үнемі байқап келеміз. Өндірістік қалдықтар да, анасының жұмыс орны да бала ағзасының қалыптасуына ықпалын тигізеді. Қабылдауымызға балалы аналар келсе, міндетті түрде баланы дүниеге әкелгенге дейін қай жерде жұмыс істегенін сұраймыз. Көп жағдайда баласы сырқаттанған әйелдердің көпшілігі сәбилі болғанға дейін шаң-тозаңы, зиянды қалдықтары көп өндіріс ошақтарында жұмыс істегені анықталып жатады. Яғни, ағзаға енген улы заттар белгілі бір уақыттан кейін іске қосылатын жарылғыш зат секілді. Бала қалыпты болып туады. Аяқ-қолы сау, ішкі органдары дұрыс жұмыс істейді. Алайда біраз уақыттан соң бала жиі ауыра бастайды, яғни, иммундық жүйеде ақау пайда болады. Денесі бөртіп, белгілі бір тағам түрлеріне аллергия бере бастайды. Бұл ананың ағзасына жүктілік кезінде түскен заттардың салдары, – дейді аллерголог-дәрігер Галина Кузьмина.

Тазартқыш құрылғылар әдейі өшіріле ме?

Өндіріс орындарынан бөлінетін зиянды қалдықтардың бәрі бүгінде қаланы қою түтінмен тұмшалап тастаған. Қардың бетіне, терезе алдына, көліктердің үстіне жиналып қалатын қара күйе теміртаулықтар үшін қалыпты құбылысқа айналған. Жергілікті тұрғындар арасында метталлургиялық комбинаттардағы заманауи әрі қымбат тазартқыш құрылғылар түнде әдейі өшіріледі деген пікір бар. Яғни, таңертеңге дейін өндіріс орнынан шыққан зиянды заттар қалың күйе түзіп үлгереді деп есептейді. Алайда «АрселорМиттал Теміртау» экологтары бұл пікірді жоққа шығарып келеді. Олардың айтуынша, тазартқыш құрылғы өшірілсе, бүкіл цехтың жұмысы тоқтап қалады. – Егер газды сүзгілеу қондырғысының жұмысы тоқтаса, конвертер де істен шығады. Бұл комбинаттың бүкіл жұмысы тоқтап қалады деген сөз. Егер болат балқытуды тоқтатсақ, доменді пештер, прокат цехы да жұмыс істеуді доғарады. Яғни, қондырғылардың бәрі бір-біріне жіпсіз байланған тізбек бойынша жұмыс істейді. Тазартқыш қондырғы конвертер жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтатылғанда ғана өшеді, – дейді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ экология бойынша директоры Галина Дроздова. Комбинат экологтары қаланың экологиялық ахуалының қиындауына жалғыз «АрселорМиттал Теміртау» ғана емес, өзге кәсіпорындар да қомақты «үлес» қосып отыр деп есептейді. – Теміртау – өндірістік қала. Қалада бізден бөлек Қарағанды су электр стансасы, Қарағанды цемент зауыты және ашық әдіспен кен өндіріп жатқан «Нұрқазған» кәсіп­ор­ны бар. Боран кезінде оңтүстік-шығыстан желдің шыр айналдыратыны соншалық, қалдықтың қай өндіріс ошағынан шығып жатқанын анықтау қиын, – дейді «АрселорМиттал Теміртаудың» экология бойынша директоры өз кәсіпорнын ақтап алған боп. Корпорация қызметкерлерінің айтуынша, соңғы 20 жылда ауаға шығарылған шаң-тозаң 70 пайызға, ал қоршаған ортаны ластаушы заттар 30 пайызға азайған. Алайда өндірістік экологтар кәсіпорынға елдің экологиялық заңнамаларын сақтамағаны үшін бір емес, бірнеше рет миллиондаған теңге айыппұл салынғанын алға тартады. Заңбұзушылықтардың басым бөлігі қалдықтарды қаттау жөніндегі талаптардың орындалмауына қатысты. Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінің әкімшілік-қаржылық, кадрлық және құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі директоры Дархан Иісжановтың айтуынша, 2016 жылы «АрселорМиттал Теміртауға» ірі көлемде 4 айыппұл салынған және 57 миллион теңге көлемінде материалдық өтемақы төлеу жөніндегі талап қойылған. Жергілікті экологтардың пікірінше, Теміртаудағы барлық жекеменшік иелеріне тағылар айып біреу: олар қалалықтармен кері байланыс орнатып, өздерінің қызметі жайлы ашық айтқысы келмейді. Өзінің және балаларының денсаулығына алаңдаған жергілікті тұрғындар ондаған, тіпті жүздеген метрлік құбырлар мен темір-бетон қабырғалардың ар жағында не болып жатқанын білгісі келеді.

Айыптыны анықтаудың жолы қандай?

«Қаланы көк түтін басуына зауыттардың қайсысы кінәлі екенін білудің бір ғана жолы – онлайн-мониторинг. Бұл – ластаушы заттар туралы деректер келіп түскен бойда оларды бірден ғаламторға жүктеп отыратын қондырғы. «Арселор» осыдан үш жыл бұрын аталған қондырғы сатып алынғанын, монтаж жұмыстары жүріп жатқанын хабарлаған болатын. Бірақ біз әлі күнге дейін бірде-бір дерек алған емеспіз», – дейді Қарағанды Экомузейінің директоры Дмитрий Калмыков. «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы табиғат қорғаушылардың бұл уәжіне қанық. Олар онлайн-мониторинг жасайтын қондырғыны іске қосуға техникалық мүмкіндіктері жетпейтінін алға тартуда. Алайда талап етілген құралды алуға немесе қажетті мамандарды тартуға өндірістік алпауыттың шамасы келмейді дегенге сену қиын. Әрине, Теміртауда «АрселорМиттал Теміртаудан» да өзге өндіріс ошақтары жетерлік. Қаладағы күл-қоқыс, шаң-тозаң атаулының бәрін бір ғана корпорацияның мойнына іле салу негізсіз. Көзін ашқалы Теміртауда өмір сүріп келе жатқан эколог Елена Варганованың айтуынша, қаланың ластануына «АрселорМиттал Теміртау» ғана емес, шаһар тұрғындарының өздері де зор «үлес» қосуда. – Қалада автокөліктердің саны күн санап артып келеді. Қыста жеке сектор үйді жылыту үшін пеш жағады. Олар қандай отын жағып жатқаны, пайдаланып жатқан көмірлерінің сапасы қандай екені белгісіз. Әрине, қалтасы көтергендер сапалы отын алуға тырысады. Ал шамасы жетпегендер бала-шаға жаурамаса болды дейді де, пластик болсын, қағаз болсын, қолға түскенді жаға береді, – дейді ол. Кешенді тексеріс жүргізіліп, айыптылар анықталғанша, Теміртау көк түтіннен көз ашпайтын секілді. Біреу жанның, енді біреу қалтаның қамы үшін қоршаған ортаны аяусыз ластауда. Теміртаулықтар үшін жұтқан ауа ғана емес, ішкен су мен жеген ас та қатерлі болып тұр. Көк түтіннің түнегінен арылмаса, құрыш қаланың өкпесі өшері анық.    

Серіктес жаңалықтары