991
Тұлғалық қасиет тілден басталады
Тұлғалық қасиет тілден басталады
Жуырда Алматының Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті баспасынан «Өнегелі өмір» сериясымен «Төлеген Тәжібаев» атты естеліктер жинағы жарық көрді. Өткен аптаның жұма күні аталмыш университетте сол кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Ректорат ғимаратындағы үлкен залда рәсімді Философия және саясаттану факультетінің деканы, профессор Әлия Масалимова ашты. Университеттің бірінші проректоры, профессор Мұхамбетқали Бүркітбаев, кітапты құрастырушы, Т.Тәжібаевтың шәкірті, республика гуманитарлық ғылым академиясының академигі Жолмұқан Түрікпенұлының еңбегіне ризашылығын білдірді.
Сөз алған профессор Ж.Түрікпенұлы академик Төлеген Тәжібаевтың бұрын үш томдығы жарық көргенін айта келе, енді өнегелі өмірін үлгі тұтуға арналған естеліктер жинағының жарық көруінен біраз мәліметтер берді. Содан кейін мінберге көтерілгендер: ҚР дипломатиялық қызметінің ардагері Хаир Омаров, биология ғылымдарының докторы Тұрғанбай Досжанов, педагогика ғылымдарының докторы Бақыт Сыдықов акдемиктің өмірбаяны мен ғылыми жұмыстарына тоқталды.
Ия, академик Төлеген Тәжібаевтың өмірбаяны мен қызметі, ғылыми еңбектері жайында біраз мақалалар мен кітаптар жарық көрді. 2004 жылы 5 ақпанда халықаралық «Түркістан» газетіне «Академик Төлеген Тәжібаев» атты журналистік зерттеу мақалам жарияланған болатын. Сол мақалада академиктің ғылыми еңбектерімен бірге азаматтық істерінен де біраз деректер келтірілген еді.
Қазақ мемлекеттік университеті 1934 жылы құрылған. Содан бері университетті жиырмаға жуық ректорлар басқарып, әрқайсысы өздерінің қал-қадірінше міндеттерін атқарды. Дегенмен солардың арасынан екі ректордың ұлтқа сіңірген еңбегін ерекше атап айтқан жөн. Олар − академиктер Төлеген Тәжібаев пен Өмірбек Жолдасбеков. Бір айта кететін жайт, екеуінің тағдыр талайындағы ұқсастықтар. Т.Тәжібаев ректор болып келген кезде университеттегі қазақ студенттер саны 10-11 процентті қана құраған. Сондай-ақ, қазақ оқытушылар саны да 5-6 проценттің төңірегінде екен. Ол өзі басқарған бес жылда студенттер мен оқытушылар санын 50-де 50-ге жеткізіп, басқалармен теңестірді. «Тәжібаев қазақ студенттері мен оқытушылар санын көбейтіп жіберді» деген арыз-шағымдар көп түсті. Ия, ол ұлтын жанындай сүйгендіктен басшылыққа жалтақтамай осындай батылдыққа барды.
Тәжібаевтың тағы бір ерлігі 1951-1952 жылдары университетің профессоры, белгілі тарихшы Бекмұхан Бекмаханов «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты ғылыми монография жазып, 1946 жылы докторлық диссертация қорғаған. Бірақ 1948 жылы М.Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың «Лениншіл жас» газетіне «Саяси қате, құнсыз кітап» атты сын мақаласы жарық көріп, ғылыми құндылығын жоққа шығарған. КСРО Жоғарғы білім министрі бұл ұлтшылдық-буржуазиялық бағытта жазылған зерттеу деп айып тағып жатқанда Тәжібаев: «Жоқ, бұл – Кенесары көтерілісіне таза ғылыми түрде баға берілген еңбек. Министр Бекмахановты жөнсіз кінәлаған», – деп қарсы пікір айтқан. 1950 жылы 26 желтоқсанда КОКП органы «Правда» газетінде Х. Айдаров, Т. Шойынбаев пен А. Якуниннің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» атты сын мақаласы жарияланып, Бекмахановтың жоғарыда айтылған монографиясы ауыр сынның астына алынды. Олар «Бекмахановтың Кенесары Қасымов ханның феодальдық-монархиялық реакцияшыл көтерілісін ғылыми тұрғыдан бағалауда саяси қателіктер жіберген» деп айыптады. 1951 жылы 10 сәуірде БК(б)П ОК сол мақаланы талқылап, «Правда» Бекмахановтың қатесін дұрыс ашқан деп тапты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті (бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов) бұл мақаланы Пленум талқылауына салды. Университет ректоры Т.Тәжібаев Мәскеу буржуазиялық-ұлтшыл бағытты дәріптеуші деп жариялаған Бекмахановты қорғап, оны айыптаушыларға дәйексіз байбалам сала бергеннен гөрі, аталмыш кітапты ғылыми тұрғыдан талдап, сергек қарауға шақырды. Сол үшін ОК оған қатаң сөгіс жариялады. Бекмаханов жағында болған ғалымдар Б.Сүлейменов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Б.Кенжебаев ұлтшылдар атанып, қуғын-сүргінге ұшырады. Алды он бес, жиырма жылдан Сібірге жер аударылды. Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов жан сауғамен Мәскеуге кетті. Төлеген Тәжібаев та солардың бірі болып жазалануы керек болатын. КСРО Сыртқы істер министрі В.Молотовтың қорғауымен аман қалды. Бірақ содан кейін ректорлық қызметтен босатылды.
Академик Өмірбек Жолдасбеков осы университетті Қонаевтың қолдауымен салды. Барлық факультеттердің әсем ғимараттарын тұрғызып, студенттер мен аспиранттарға арнап қазіргі үлгідегі жатақханаларды пайдалануға берді. Есентай өзенінің арғы жағасынан оқытушыларға тұрғын үй салып, оларға бар жағдайды жасады. Сондай-ақ, ол қазақ студенттер санын 90 процентке, қазақ оқытушы ғалымдар санын сондай деңгейге көтерді. Барлық факультеттердің декандарын қазақ ұлтынан және кафедаралардың меңгерушілерінің көбін де жергілікті ұлт өкілі ғалымдарынан тағайындады. Жолдасбеков ұлтын жан-тәнімен сүймесе, солай істер ме еді? Сонда да университеттегі кейбір ғалымдарға жақпады. Олар ректордың үстінен Мәскеуге, Қазақстан Орталық Комитетіне университет құрылысына бөлінген қаражаттың біраз бөлігін ішіп-жеп қойды, оңтүстік өңірлерден талапкерлерді оқуға көп қабылдап, оқытушыларды жақын-жуықтарынан алып жатыр деп арыз-шағымды үстін-үстіне бұрқыратып жазды. 1986 жылы студенттер мен жұмысшы жастарды Мәскеудің билік шешіміне қарсы көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі деген айыппен Жолдасбековтің басына да күн туған. Ол соған қарамай партия мүшелігінен шығарылып, қызметінен босатылған профессор Қожакеевті жаладан қорғау үшін Қазақстан ОК-не барып, сондағы лауазым иелеріне өз қарсылығын білдіріп, қорғап бақты. Көп ұзамай өзі де ректорлық қызметтен босатылды.
Т.Тәжібаев Ленинград университетінің аспирантурасында психологиядан кандидаттық диссертация қорғады. Оның ғалымдық қарымын байқаған университет профессорлары Ленинградта қалуын және ғылыми жұмыстарын осында жалғастыруын ұсынған. Бірақ ол сол ұсынысқа құлақ аспай елге қайтты. Оның сол тамаша мүмкіндікті пайдаланып, ірі мәдени ғылыми орталық Ленинградта қалуына болар еді ғой. Ал неге қалмады? Оған Қазақстанда Жүсіпбек Аймауытов пен Мағжан Жұмабаевтан кейін кенжелеп қалған ұлттық психология ғылымын көтеру керек болды. Ол оны өз ұлтының алдындағы перзенттік парызындай көрді.
Т.Тәжібаев сол Ленинградта жүргенде ағылшын тілін өз бетінше оқып, үйреніп алған. Соғыстан кейін Германия тағдыры талқыға түскен халықаралық үлкен жиында Кеңестер Одағы саясатын ағылшын тілінде жеткізген және Біріккен Ұлттар Ұйымында Латын Америкасы елдері жөніндегі комитетті басқарып, сол елдердің әлеуметтік жағдайлары туралы баяндамалар жасағанын бүгінгі жастар біле де бермес.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің негізін қалаған және қызметін жолға қойған да Төлеген Тәжібаев. Кейін ол Индиядағы Кеңестер Одағы елшісінің кеңесшісі де болып еңбек етті. Бірақ ол жұрт айтып жүргендей бұл қызметтен өз еркімен кеткен жоқ. Шындығында, босатылды. Оған себеп Тәжібаев сол елдегі ағылшын тілінде шығатын ақпарат құралдарына әрқалай тақырыптарда мақалалар жазып, үнді ғалымдарының, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің назарына ілікті. Олармен кездесіп, пікір алысулары жиілеп кеткен соң секем алып қалған елші Мәскеуге хабарлап, оны кеңесші қызметінен босатуын өтінген. Елші өтініші орындалып, Тәжібаев елге оралды.
Қазақта бұра тартқан жел сөз көп. «Қонаев Тәжібаевқа қызмет бермей қойыпты» деген сөз сол кезде қауға тиген өрттей лаулап жатты. Әлдекімдер күні бүгінге дейін соны арагідік айтумен келеді. Шындық мүлдем басқаша. Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабы бар. Ол кітапты өмірінің соңғы кезінде жазған. Қонаев сол еңбегінде Тәжібаевты арнайы қабылдап, қызмет ұсынғаны жөнінде жазған. Тәжібаев шәкірті Жолмұқан Түрікпенұлына өмірінің көп бөлігі қызметпен өткенін, ендігісін ғылымға арнағысы келетінін айтып, Қонаев ұсынған қызметтен өз еркімен бас тартқанын айтқан. Содан кейін осы Қазақ университетіндегі психология кафедрасына меңгеруші болып келді.
Осыдан біраз жыл бұрын Өзбекстан астанасында болдым. Ташкент мемлекеттік университеті жанындағы шағын саябақта еуропалық нәсілдегі ғалымның басына ала тақия киген әріптесімен өзбек тілінде сөйлесіп тұрғанын көрдім. Өзбек ғалымы кетіп қалған кезде әуестікпен анадан тілді қалай үйренгенін сұрадым. Ол: «Они сами себе уважает», − деп жауап берді.
Қазір бізде ғылымның қай саласында да ғалымдар аз емес. Және олар өздерін тұлға санайды. Шынымен ғалымдардың бәрі ұлттық тұлға ма? Жоқ, бәрі бірдей тұлға емес. Олардың басм бөлігі бір-бірімен ресми тілде сөйлесіп тұрғанын жиі кездестіреміз. Тұлғалық қасиет тілден басталатынын білсейші, шіркіндер. Басқа тілден емес, өз ана тілінен. Өз тіліңді құрметтеу аз. Оны барша тілден жетік білуің қажет. Біле білгенге бұл ұлт болып қалыптасудың алғы шарты. Сондай-ақ, ұлтың үшін жасаған азаматтық ісің болуы керек. Сондай ғалым ғана ұлттық тұлға және елге тұтқа бола алады. Бұл жөнінде Алаш арыстары баяғыда-ақ айтып кеткен. Мұндай қасиеттер Төлеген Тәжібаев пен Өмірбек Жолдасбековте бар еді. Сондықтан олар ағысқа қарсы жүзген ұлттық тұлғалар болып қалды.
Төлеген Тәжібаев Ленинградтан келіп, университетте қазақ және орыс топтарына психологиядан дәріс оқыды. Сол кезде психологиядан дәріс тек орыс тілінде жүргізілсін деген арнайы нұсқау болатын. Соған қарамай ол қазақ тобына дәрісті қазақ тілінде оқыды. Шәкірттерінің айтуына қарағанда, дәрісіне басқа тілден бір сөз де қоспайды екен. Ол кейінірек ректор кезінде «Жалпы психология» кітабын қазақ тілінде жазып шықты. Өкінішке қарай, оқу министрлігі оны баспадан шығартпайды.
Өмірбек Жолдасбеков те университеттегі қазақ топтарына механикадан қазақ тілінде дәріс оқыған. Ғалым А. Ахметов екеуі бірігіп «Теориялық механика» кітабын қазақ тілінде жазып шықты. Кітап кейін «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Олар неге қазақ тілінде жазды? Орыс тіліне шорқақ қазақ жастары үшін десек те болар еді. Сырт көзге солай көрінері анық. Қазір олардың тек сол үшін ғана емес, ұлттық ғылымды ұлт тілінде көтеруді мақсат тұтқанын байқаймыз.