1230
Бауыржан Ғұбайдуллин: Ұлы далаға қазақтың саны сай болуы шарт
Бауыржан Ғұбайдуллин: Ұлы далаға қазақтың саны сай болуы шарт
Сағаттап сөйлессең де жалықтырмайтын адамдар бар. Сондай жандардың мәнді де мазмұнды әңгімесін тыңдасаң, жан сарайың ашылғандай болады: ой-өрісіңнің шекарасы кеңейіп, таным таразың теңеседі. Белгілі жазушы-журналист, қоғамның қордаланған мәселелерін аршып, көптің көкейіндегі өзекті тақырыптарды қаузап жүрген қарымды қаламгер Бауыржан Ғұбайдуллинмен әңгімелескеннен кейін де көкейге түйгеніміз, арқалап қайтқан олжамыз көп. Қазақтың шежірелі өлкесі – Батыс Қазақстан облысының айнасы, биылғы жылы ғасырлық тойын тойлайтын тарихи һәм тағылымды басылым – «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетін талай жылдан бері басқарып келе жатқан білікті басшымен сұхбатымыз тек қалам мен қағаз төңірегінде өрбіген жоқ. Жанашыр азамат өз өңірінің әлеуметтік-экономикалық түйткілдерін де қаузады.
– Бауыржан Файзоллаұлы, журналистік жолыңыздың бастауында кімдер тұр? Қалам ұстауыңызға кім ықпал етті?
– Бұл сұрағыңызға барынша толыққанды жауап беру үшін әңгімені әріден бастауға тура келеді-ау. Мен 1965 жылғы қыркүйектің бірінде Шағатай ауылдық округіне қарасты жүз түтінді Қызылжар деген ауылда жарық дүниеге келіппін. Бұл ауыл-аймақ бұрын Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қараған еді, қазір Теректі ауданының құзырында. Қызылжар – іргесінде Жезбұға деген көл бар, ал 3-4 шақырымдай жерде ерке сылқым Ақ Жайық өзені ағып жатқан айналасы табиғи жасыл желекке жомарт, табиғаты керемет ауыл.
Әкем Файзолла ұзақ жыл егіс бригадасының бригадирі болып жемісті еңбек етті. Жылдар бойы жер баптаған диқанның өңірінде бірнеше орден-медальдың жарқырайтындығы балаң көңіліме қаршадайымнан мақтаныш ұялататын. Анам Сағира негізінен үй шаруасында болып, алты перзентінің тәрбиесімен айналысты. Бірақ жаз айларында пішеншілерге көже дайындау, кірпіш басу, шаруашылықтың қоғамдық малының қорасын майлау сықылды науқандық жұмыстарға атсалысатын. Ата-анам қарапайым еңбек адамдары болса да, көзі ашық, көкірегі ояу жандар еді. Әкем үйге «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Орал өңірі», «За рулем», «Сельский механизатор» секілді бірнеше газет-журналды жаздыртып алатын. Сол мерзімді баспасөз өнімдерінің арасында «Балдырған», «Қазақстан пионері» және Мәскеуден шығатын «Пионерская правда» сияқты балаларға арналған, яғни біздер үшін жазылған басылымдар да болатын. Мен осылайша әріп тани бастағаннан-ақ әкемнің арқасында газет-журнал оқуға машықтандым. Қасына отырғызып алып, әкем әуелі газет-журналдардағы материалдардың ірі әріппен жазылған атауларын оқытатын.
Әкем маңдай тері маржан дәнге айналар диқандардың жетекшісі болғандықтан, жыл – он екі ай бойы бірі бітсе, іле-шала екіншісі басталып жататын, мәселен, көктемде жер жырту, топырақты тырмалау, дән себу, жаз ортасы ауа егін жинау, егінжайдан қырманға жеткізілген өнімнің кебегін ұшырып, дәнін жауын-шашынға ұрындырмай, қаладағы элеваторға жеткізу, күз түсе қайтадан жер жырту, тырмалау, күздік бидайды себу, қыста қар тоқтату сықылды қарайған жұмыстың басы-қасында жүретін. Ол, әсіресе, көктемгі егін егу мен жаз ортасы ауа басталатын егін жинау науқаны кезінде үйден гөрі, дала қосында жиі түнейтін. Ал қысты әкем күні жұмыстан кешкі сағат алтыдан кете үйге келгеннен кейін анам алаулатып от жағып қойған ошақтың пешіне арқасын сүйеп, дауыстап кітап оқуға кірісетін. Әкем кітапты кешкі тамақтың қамымен жүрген немесе иірілген жүннен бізге қолғап-шұлық тоқып отырған анам есту үшін дауыстап оқушы еді. Әкемнің осындай мәнермен Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын», Александр Бектің «Арпалысын», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызын», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндерін» оқығаны жадымда. Сірә, соғыстың ауыртпашылығын бастарынан өткерген ұрпақ болғандықтан шығар, ата-анам әскери-патриоттық тақырыптағы әдеби шығармаларды ерекше жоғары бағалайтын. Әсіресе, даңқты қолбасшы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы әке-шешемнің ең сыйлы әдеби кейіпкері еді.
Анам марқұм ретті жерінде әдемі әзіл, орынды қалжыңға қонақ беріп, айналасын күлкіге қарық қылып отыратын ақжарқын адам еді, жарықтық. Өлең де жазып, замандастарының басы қосылған қонақтықтарда ән де салатын. Анашым Махамбеттің жыр-термелерін, халық әндерін, халық композиторларының әндерін, әсіресе, Ақан серінің әндерін ерекше сүйсініп тыңдайтын.
Темірге салсаң, нағыз ұста, ал ағашқа салсаң, хас шебердің өзі, төрт кластық оқумен-ақ өзін-өзі жетілдіру арқылы ауыл шаруашылығының техникасына бірнеше техникалық жаңалық енгізген әкем марқұм өте сабырлы кісі еді. Ол түскі асқа келген күндері радиодан әуелі жаңалықтарды тыңдап алып, сосын Шәмшінің әндері жазылған күйтабақты (пластинка) қоятын. Айтпақшы, 4-5-класта оқып жүрген кезімде біздің үйде «Қобыланды батыр» эпостық жырының күйтабағы болды. Соны сабақтан кейін рухтанып, арқаланып отырып тыңдайтынмын. Сондай-ақ бала күнімде аңыз-ертегілерді құмартып оқушы едім. Жалпы, біздің толқын кітапқұмар болды. Шағын ауылымыздағы шағын кітапхананы түгесіп, көбіне оқитын кітап таппай дал болатынбыз. Баламыз ғой, бір-бірімізден жақсы кітапты қызғанатынбыз. Мәселен, «Үйіңдегі бөпең жыртып тастайды» деген желеумен маған Алтай деген кластас досым белгілі балалар жазушысы Аркадий Гайдардың «Тимур және оның достары» деген кітабын, ал Қайыржан атты кластасым «Бозінген» деп аталатын ертегілер жинағын оқуға бермей қойғаны әлі күнге дейін жадымда.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, күндердің күнінде журналистикаға, әдебиетке келуіме ата-анамның тәлім-тәрбиесі көбірек әсер еткені анық. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде үлкендер жағы бүгіндері «Қазіргі балалар кітап оқымайды» деп кінәлауға бейім. Өз басым ұл-қызым төменгі кластарда оқитын кездерінде кітап дүкеніне ертіп барып, өздері қалаған немесе өзім кеңес берген балаларға арналған кітапты сатып алып, сосын сол кітаптан бір-екі әңгімені немесе бірер ертегіні әуелі өзім оқып беріп, кітап оқуға қызықтыратынмын. Бүгіндері ересектердің өздері кітап оқи ма және перзенттерін кітап оқуға баули ма, жетелей ме? Дастарқан басында оқыған кітабынан алған әсерін бала-шағасына әңгімелей ме? Міне, мәселе қайда?..
Бүгіндері қыстың аязды немесе боранды кешінде ата-анам жып-жылы үйде кітап оқып отырған шуақты сәттерді сарқылмас сағынышпен еске аламын…
Біздің бала, бозбала кезімізде, жас шағымызда мереке-мейрамдарда немесе туған күнге әдеби кітап сыйлау үрдісі болды. Керек десеңіз, «Ең жақсы сыйлық – кітап» деген көзқарас бар-ды. Орынсыз ұмытылған осы жақсы дәстүрді сіз болып, біз болып жаңғыртсақ, жақсы болар еді…
– Мектепті бітіре салып, зауытта жұмыс істепсіз. Одан кейін әскер, қайтадан өндірістегі, құрылыстағы еңбек. Шалғайдағы Алматыға екінің бірі жете алмайтын кез. Арман қалаға сіз қалай тап болдыңыз?
– Орта мектепті 1982 жылы тәмамдадым. Мектепте жалпы жақсы оқыдым. Біздің Қызылжардағы мектеп сегізжылдық болатын. Тоғызыншы, оныншы сыныпты совхоздың орталығындағы мектеп-интернатта жалғастыратынбыз. Тоғызыншы класта бүйрегіме қатты суық тигізіп алдым, оның үстіне сол жылы анам айықпас дертке шалдығып, келесі жылы дүние салды. Міне, осы екі жағдай, яғни өзімнің сырқаттануым, анамның ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болуы менің сабағымды қатты құлдыратып жіберді. Мектеп бітіргеннен кейін бір жыл бойы әкемнің ас-суын дайындап, өзімнен кіші бауырларыма қарап, үйдің бүкіл ішкі-сыртқы шаруасын істеп үйде болдым. 1983 жылдың мамырында өзімнің алдымдағы ағам әскерден оралды да, мен Орал қаласындағы «Металлист» зауытына үйренуші-токарь ретінде жұмысқа тұрып, еңбек жолымды бастадым. 1983 жылдың күзінде әскерге алынып, екі жылдан соң аталмыш өндіріс ошағына қайта оралдым. 1988 жылы ҚазМУ-ге оқуға түскенше, «Металлист» зауытында слесарь, «Уральскпромстройтрест» құрылыс бірлестігінде арматура кесуші болып жұмыс істедім. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын, енді соған келейік. Зауытта станоктың басында тұрайын, әскер қатарында болайын, құрылыста жұмыс істейін, әйтеуір өмірден өз орнымды түпкілікті таппағанымды сезінумен болдым.
Бала кезімде футболды өте жақсы ойнадым. Бозбала шағымда мектептің құрама командасына қабылдандым. Өзім қызмет еткен әскери бөлімнің, сондай-ақ жұмыс істеген кәсіпорын командаларының да жасыл алаңда намысын қорғадым. Бірақ оқушы кезімде футбол-хоккей ойнап жүріп, сол аяғымды тізеден үш рет шығарып алған едім. Жиырма бір жасымнан бастап, үшбу жарақат (травма) футболшы ретінде тым жиі мазалай бастады. Шамасы зауытта бірнеше сағаттап станоктың басында екі аяғымнан тік тұрып жұмыс істегенім ескі жарақатқа жағымсыз әсер етті-ау деп ойлаймын. Әскерге алынған күздің қараша айының соңында казарманың жылу жүйесі істен шығып, жүз қаралы солдат бұрыш-бұрышына қалың қырау тұрған мұздай казармада қыстап шыққанымыз бар. Түнде тоңып, бүрісіп ұйықтап жатқанда көбіне аяғымыз құрысып қалып оянатынбыз. Бұған әскерде табаннан өткен сызды және қосыңыз. Сонымен «Жақсы ат аяқтан қалады» дегендей, ақыры сол жақ тіземнің үш рет шығуы мені футболшы болсам деген аяулы арманыммен біржола қоштасуға мәжбүр етті. Оның үстіне ол кездері қазақтың қабілетті баласының арқасынан қағып, қанаттандыратын ұлттық маман Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін біздің Орал облысында мүлдем жоқ-ты.
Енді менің қолымнан не келеді? «Атақты футболшы бола алмадым, енді ең болмаса, балалар бапкері болсам…» деген ой иектей бастады. Сөйтіп жүргенде, зауытта бірге істейтін жігіттердің бірінен Ресейдің Саратов облысына қарасты Вольск қаласындағы педагогикалық училищеде футболдан балалар бапкерін даярлайтын бөлім бар деп естіп, 1986 жылдың жазында сонда құжат тапсыруға бардым. Алайда әлгі ақпарат қате болып шықты да, Оралға оралып, жұмысымды жалғастыра бердім. Міне, сол кездері маған «Неге ҚазМУ-дың журналистика факультетіне барып, бақ сынамаймын?» деген ой келді. Осылайша аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға мақала жазып, арман қала – Алматыға аттануға дайындық басталды. Содан «Нартәуекел!» деп, 1988 жылдың жазында кезекті еңбек демалысымды алып, Алматыға тартып, Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырып, оқуға түстім. Алайда шынымды айтсам, біраз уақытқа дейін сенер-сенбесімді білмей жүрдім. Өзіңіз ойлаңызшы, мектептен кейін алты жылдан соң, әскерге барып келгеннен үш жылдан кейін ақ-адал еңбегіңмен анау-мынау емес, ҚазМУ-дың студенті атану, шынында, бақыттан бас айналатын жағдай ғой. Қазіргі уақытта мектептен кейін алты жылдан соң, әскерден келгеніңе үш жыл өткенде университетке өз біліміңмен түсу мүмкін бе?..
Бүгінде өмірден өз орнымды тапсам деген жас кезімдегі сөздің жақсы мағынасындағы өлермендігіме, жанкештілігіме еріксіз сүйсінемін. Сол жылы бір орынға қанша талапкерден келгені қазір жадымда жоқ, әйтеуір, журфакқа түскісі келетін абитурент көп болғаны есімде. Сол жылдары факультет деканының орынбасары болған Әбілфайыз Ыдырысов ағай бірінші курстың бірінші семестрінде, сабақ үстінде бүкіл курстың көзінше «Егер естеріңде болса, биыл сендер оқуға түсерде шығармашылық турдағы жазбаша емтихан бойынша келген еркін екі тақырыптың бірі «Қайта құруды қалай түсінесің?» деген тақырып болатын. Осы тақырыпқа шығарма жазған 17 абитуренттің ішінен оқуға түскен мына Ғұбайдуллин ғана», – деп маған мейірлене қарады.
Иә, мен шығармашылық турдағы жазбаша емтиханда жаңағы тақырыпқа шығарма жазып, КСРО-ның сол кездегі басшысы, СОКП-ның бас хатшысы Михаил Горбачевтің қайта құру саясаты алып елдің ішкі саясатына, қоғамдық-әлеуметтік тыныс-тіршілігіне әуелгіде тың серпін бергендігін нақты дәлелдер келтіріп, бірақ соңғы кездері тиянақты істен гөрі, Горбачевтің өзінен бастап көпсөзділіктің етек жая бастағандығын, егер осылай кете берсе, қарайған халық үміттеніп отырған қайта құрудан қайыр болмайтындығын жазғанмын. Әрине, бұл белгілі бір дәрежеде батылдық болатын, бірақ абитурент үшін өте қауіпті батылдық еді. Өйткені ол жылдары КСРО секілді алып империяның ішінде де, сыртында да Горбачевтың айдарынан жел есіп тұрған-ды…
– Батылдығыңыздың тағы бір дәлелі – журфакта оқып жүрген кездің өзінде Оралхан Бөкеевтен сұхбат алғаныңызды қатарлас дос-құрбыларыңыз күні бүгінге дейін аңыз қылып айтады. Әлі қаламы ұшталмаған студент сөз зергерінің алдына барудан жүрексінбеді ме?
– 1992 жылдың көктемінде Алматыдағы кітап дүкендерінің бірінен Оралхан Бөкеевтің 1990 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Ұйқым келмейді» атты кітабын сатып алып, бас алмай оқып шықтым. Үшбу жинаққа Оралхан ағамыздың бұрынырақта жазған бірқатар шығармаларына қоса, «Атау кере» атты жаңа повесі енген екен. Бұл жазушының суреткерлік шеберлігі кемеліне келген кезде жазған, сондықтан да төрт құбыласы сай, төрт аяғы тең жорға тың туындысы еді. Әрине, ол кезде «Атау кере» Оралханның соңғы шығармасы болып қаларын ешкімнің білмегені хақ. Жинақы, шымыр һәм шынайы жазылуымен «Атау кере» маған қатты ұнады. Оқыған адамның жан дүниесіне рухани азық болар философиялық нәрге, санасына ой салар психологиялық иірімге бай шығарма атақты жазушыдан сұхбат алуға жетеледі.
Ол кезде төртінші курстың студентімін. Бірақ күндізгі бөлімде оқысам да, Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде жарты ставкада қосымша қызмет істейтінмін. Ал Оралхан ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болатын. «Атау керені» оқып шыққаннан кейін көп ұзамай Оралхан ағайға хабарласып, «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі ретінде сұхбат алғым келетінін айттым. Ол кісі өзінің кабинетінде жолығар уақытты белгіледі. Межелі уақытта барып, амандық-саулық сұрасқан соң, Ор-ағаң қай оқу орнын, қашан бітіргенімді сұрады. Әлі студент екенімді, қалалық газетте қосымша қызмет істейтіндігімді айтып едім, ол кісінің бет әлпетінде маған деген сенімсіздік пайда болғандай көрінді. Дегенмен сұрақтарымды қоюға рұқсат берді. Мен сұрақ қойып, ол кісі жауап берген сайын Оралхан ағаның сұхбат алуға атүсті келмей, іштей тыңғылықты дайындықпен келгеніме риза бола бастағандығын аңғардым. Қанша уақыт сөйлескеніміз қазір жадымда жоқ, бірақ кетерімде Ор-ағаң: «Интервью газетке шықпай тұрып, маған бір оқытып аларсың» деді. Алайда оқытып үлгере алмадым. Себебі ол кездері «Алматы ақшамы» үлкен форматпен аптасына бес рет шығатын. Құдды комбайн сияқты еді, көп жағдайда қазір жазып болған материалың редакция басшылығы оқып, қол қойысымен бетке қатталып, өндіріске кетіп жататын. Менің сұхбатымның да тағдыры солай болып, «Алматы ақшамының» 1992 жылы 14 мамырда жарық көрген санында жарияланды. Тура күні ертең шығатын нөмірге кететінін білісімен Ор-ағаңның қабылдау бөлмесіне хабарласып едім, ол кісі орнында болмай шықты. Ал ол кездері қазіргідей ұялы байланыс әлі жоқ-ты. Бірер күннен кейін Ор-ағаңмен көкбазарға қарама-қарсы редакциялар ғимаратының дәлізінде кездейсоқ кездесіп қалдым. Берген сәлемімді алғаннан кейін ол кісі салған жерден «Мен саған әуелі маған оқытып ал деп едім ғой» деді түсін суытып. Не себепті оқытып үлгере алмағанымды айттым. Сол кезде барып түсі жылып, «Рақмет, сұхбат өте жақсы шыққан!» деп қайтадан қолымды алды. Айтпақшы, сұхбат барысында жазушы «Атау керенің» жарық көргеніне екі жылдың жүзі болса да, әлі ешкім жазбаша пікір білдірмегендігін ренішті рәуішпен тілге тиек еткен-ді…
– Оралхан Бөкеев сізге берген сол сұхбатында: «Халыққа қалқан болатындар бар да, халықты қалқан тұтатындар да бар», – деген екен. Қазақтың бүгінгі қалқаны кім? Ел кімнің сөзіне сүйенеді? Кімге арқа сүйейді?
– Бүгіндері әлемнің алпауыт елдері жер-жаһанды қайта бөліске, ханталапайға салып жібергендей көрінеді. Халықаралық саясатқа ықпалы зор, әскери күш-қуаты ересен державалардан келетін кесірді ескермеген Ирак, Египет, Ливия, Сирия, Украина секілді мемлекеттердің бүгінгі тағдырынан хабардарсыз ғой. Біз даламыз байтақ, жеріміз кең болғанымен, саны аз ұлтпыз. Сол себепті әлгіндей саяси қақпақылға ұрынбаудың жай-жапсарын ұдайы естен шығармауға тиіспіз. Сөйте тұра ешкімге есемізді де жібермеуіміз керек. Демек, дәл қазір «Мынаның сөзіне құлақ асайық, ананың соңынан ерейік» деп көлгірсіп, қоғамдық-саяси әркелкілікке ұрыну өте қауіпті. Ондай жағдайда біз қазіргі күнімізге зар болып, ішкі-сыртқы жымысқы ниетті, мысық тілеулі керітартпа күштердің мазағына айналуымыз әбден кәдік. Сондықтан біз екі-үш қарап, бір-ақ шоқуға тиіспіз.
Дәл қазіргі жағдайда Қазақстанның халқы көп ұлтты, көп дінді болғандықтан, осындай мемлекетті басқару тәжірибесі бар әрі халықаралық саясатта да абырой-беделге ие тұлғаның маңына топтасқаны жөн-ау деп ойлаймын. Қазақстанның бүгінгі басшылығы еріккеннен көп векторлы саясат жүргізіп отырмағандығын алдымен қазақтардың өздері түсінуі шарт.
Ал нағыз қазақ қандай болу керек десеңіз, көз алдыма бірден нар тұлғалы, мәрт мінезді, білім десең, білімді, батыр десең, батыр қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров келеді. Сөйте тұра, қайталап айтамын, қысқа күнде қырық құбылатан қазіргі қитұрқы саясатта мәселенің бәрін батырлық шешпейді. Тіпті көзсіз батырлық немесе орынсыз батырлық жағдайды біржола ушықтырып жіберуі әбден ықтимал…
Қазақстанның ресми билігінің барлық буындарында қияндағыны көретін, қиядағыны шалатын ұлтжанды һәм табанды қайраткерлер көбейген үстіне көбейе берсе екен деген ұлы арманым бар.
– «КазТАГ», «Айқын», «Ақжелкен», «Зерде», «Алтын Орда». Әр ақпарат құралының саясаты, ұстанған бағыт-бағдары бөлек. Қызмет ететін редакцияны бірнеше рет ауыстыру жеке көзқарас пен ұстанымыңызды қаншалықты өзгертті?
– Сіз тілге тиек етіп отырған бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеу мен үшін кәсіби тұрғыдан қалыптасу, шыңдалу, кәсіби білім-білігімді жетілдіру мектебі болды. Бұл БАҚ-тардың қай-қайсысына да өзім сұранып емес, қызметке шақырылып бардым және олардан дүниетанымдық көзқарас-ұстанымым жапа шекті деп айта алмаймын.
– Біраз жылдан бері Батыс Қазақстан облысының айнасы – «Орал өңірі» газетінің бас редакторысыз. Басылымның тыныс-тіршілігі қалай? Оқырманы кім?
– Биылғы маусым айының соңына таман Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына 100 жыл толады. Бұл басылымның бастауында қазақты өзгелермен терезесі тең ел қылсам деп армандаған, өткен ғасырдың басында халқымызды отырықшылық мәдениет пен білім бұлағына жетелеген Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды Алаштың біраз ардақты азамат, аяулы тұлғалары тұр. «Орал өңірінің» тарихын зерттеуде соңғы жылдары әріптесіміз Қазбек Құттымұратұлы ерекше қажырлы еңбек етуде. Ретті жерінде айта кетейін, біздің газеттің тарихының жүйелі зерттелуіне «Жайық Пресс» медиахолдингінің басшысы Жантас Сафуллин мүдделілік танытып келеді. Бір ғасырлық тарихы бар басылымның шежіресін тарқата берсек, тым ұзаққа кетеміз. Сол себепті сіздің жаңағы сұрағыңызға барынша нақты жауап беруге көшейін.
«Орал өңірінің» қазіргі тыныс-тіршілігі әрі қалыпты, әрі қарбалас. Қалыпты болатын себебі облыс басшылығының қолдауымен қаржыландыру тұрақты, материалдық-техникалық әлеуетіміз айтарлықтай жақсы. Дегенмен қазынадан қаржы бөлінеді екен деп, біз қол қусырып, қарап отырмаймыз, заң аясынан шықпайтын өзіміздің жарнамалық-коммерциялық іс-әрекеттеріміз арқылы мекемеміздің ортақ қазанына тым жақсы кіріс түсіріп отырамыз.
Ал енді қарбалас болатын себебі аптасына үш рет кемі 40 бет болып, 16 мың данамен шығатын газеттің күнделікті шаруасының өзі шаш-етектен. Оның бәрін тізіп, оқырман қауымды жалықтырмай-ақ қояйын. Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін, сөздің тура мағынасында, «Орал өңірі» газетінің оқырманы. Өйткені біз балдырғандарға бағыштап, «Айналайын», «Балаларға базарлық» арнайы беттерін, ал жасөспірімдер мен жастарға арнап, «Кім болам?», «Гүлдәурен», «Студент», «Жұлдыздар», жанұя жарастығын насихаттайтын «Отағасы», «Айнамкөз», аға толқын үшін «Ардагер» арнайы бетін шығарып тұрамыз. «Бағбан», «Балға-шеге», «Ине-жіп», «Жаңа технология», «Өмір-өзен», «Әдебиет әлемі», «Әзілтерапия», «Керуен сарай» секілді шығармашылық жобаларымыз да оқырман қауымның ықыласына ие. Ал нақты фактілерге негізделген сыни сипаттағы материалдар мен орынды мәселе көтерген мақалалар «Ақ-қара», «Көкейкесті», «Мәселе», «Қылмыс пен жаза», «Жемқорлық – індет, оны жою – міндет» айдарлары аясында жарық көреді.
Мемлекеттік тапсырысты орындау үшін бюджеттен қаржы бөлінетін ресми сипаттағы бұқаралық ақпарат құралдарын бәсекеге қабілетті қылатын көңілге қонымды, ақылға сыйымды дәреже-деңгейдегі либерализм. Жалпы, менің түсінігімде либерализм дегеніміз, ол жаңа ғана айтқандай, басқа біреудің ақылға сыйымды, көңілге қонымды көзқарасына берісі түсіністікпен, әрісі құрметпен қарау. 1924 жылы АҚШ-та жарық көрген «Журнализм канондары» деп аталатын журналистердің алғашқы кәсіби кодексінің өзінде «Журналистің басты міндеті – халыққа билікті бақылауға көмектесу» деп жазылған екен. Меніңше, ресми сипаттағы БАҚ-тың өкілдері де осы басты міндет-миссияларын ешқашан естен шығармауы тиіс.
– Интернеттің даму қарқыны күн санап артып, газетті оқыту мұңға айналған уақыт қой. Жаңа заман талаптарына бейімделу, басылымның таралымын арттыру жолында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Өз басым айлап-жылдап кабинетінен шықпай отырып алатын редакторлардың қатарынан емеспін. Ал Камал Ысмайылов айтқандай, «Басылым басшысына тартады». Жылына кемі үш-төрт рет ең алыс аудан, шалғай ауылдарға дейін барып, тұрғындармен жүздесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрамын. Осындай жүздесулер барысында ел-жұрттың алдында қазақстандық қоғамдағы және өзіміздің өңірдің тыныс-тіршілігіне қатысты көкейкесті тақырыптардың тінін тарқатып, жетістіктер мен кемшіліктер жөнінде алма-кезек әңгіме өрбітемін. Орайы келгенде, халықаралық жағдайды да қамти кетемін. Мұның бәрін құрғақ баяндамай, тыңдап отырған әлеуметтің санасына әсер етер факті-факторлармен байытамын. Жергілікті жұрт болса, билік құрылымдарына немесе редакция басшылығына айтар талап-тілек, өкпе-назына, алғыс-реніштерін алға тартып, тілге тиек етеді. Бас редактор, жалпы журналист ретінде оқырмандардың аманатын аяқасты етпеймін. Сын жазу керек болса, сын жазамыз, мәселе көтеріп, қоғамдық пікір туғызып, биліктің назарын аудару керек пе, одан да қашпаймыз. Міне, біздің редакция мен оқырман қауым арасында осындай жанды, жүйелі, екіжақты тиімді һәм шынайы байланыс орнаған. Менің түсінігімде, кез келген БАҚ өз оқырман-көрермендерінің талап-тілегіне әр кез сергек қарап, өз аудиториясы үшін шынайы қызмет істеуі тиіс. Сонда ғана халықтың алдында БАҚ өкілдерінің жүзі жарқын болады. Ақпараттық технологияның даму қарқынына сәйкес осыдан үш жылдай бұрын газетіміздің электрондық сайтын аштық және «Орал өңірінің» Фейсбук әлеуметтік желісінде парақшасы бар.
– Бауыржан Файзоллаұлы, Батыс Қазақстан халқының барлық мұң-мұқтажы сіздерге мәлім. Жергілікті жұрттың қай мәселесі орталық назарынан тыс қалып жүр? Жалпы, сізді жазушы, журналист, ұлтжанды, елжанды азамат ретінде қандай мәселелер қатты мазалайды, жиі толғандырады?
– Шүкір, мың өліп, мың тіріліп жүріп, осыдан ширек ғасыр бұрын қазақ елі ұлы мәртебелі тәуелсіздікке ие болды. Өз тізгініміз өз қолымызға тигелі бері қол жеткізген жетістігіміз аз емес, әрине. Сонымен қатар қадау-қадау кемшілігіміз де баршылық. Сірә, соның ең бастысы, онсыз да ат төбеліндей аз ғана қазақты діни әркелкілікке ұрындыруға жол бергеніміз болар. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1999 жылғы төртінші маусым күні жарық көрген санында «Ұл-қызыңыз қай дінде?» («ҚӘ», №23. 04. 06 1999) атты мақалам жарық көрді. Бұл қазаққа діни әркелкіліктің қауіп-қатері төнгендігі туралы жазған алғашқы мақалам еді. Үшбу тақырыпты менен бұрын қаузаған әріптестерім де баршылық. Әсіресе, «Жас алаш» газеті тоқсаныншы жылдардың орта шенінен бастап аталмыш тақырыпқа қатысты жиі-жиі дабыл қаққаны жадымда. Егер сол кездері қазақстандық ресми билік ұлтжанды журналистердің жанайқайына уақытылы құлақ асқанда, қазақ арасындағы бүгінгі әсіре діни әркелкілік жергөгінде тұншығып, жағдай қазіргідей ушықпас еді ме деймін.
Біздің билік «Бұлардан пәлендей зиян-залал бола қоймас» деген оймен кейбір жат ағымдарға әлі де болса, әсіре көңілшектік танытып отырғандай көрінеді маған. Осыны сезген әлгілер сырт көзге әдейі бетегеден биік, жусаннан аласа көрініп, жақтастарын көбейтуге астыртын түрде жанталаса әрекет етуде. Меніңше, Қазақстанның ресми билігі мен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы «Ислам дінінің Әбу-ханифа мәзһабы күллі қазақ үшін мәңгі ортақ діни ұстаным» деген пәтуаны қазақ арасында, қазақтың ұлттық санасында біржола берік бекітуге белсенді әрекет жасауы шарт. Күн тәртібінде мемлекет құраушы ұлттың діни тұтастығы өткір тұрғанда «Біз зайырлы мемлекетпіз, бізде заң бойынша дін мемлекеттен бөлінген» деген қасаңдыққа ұрынудың еш қажеті жоқ. Өзіңіз салқын ақылға салып көріңіз, әгәрки аз ғана қазақтың өзі діни әркелкілікке айықпастай ұрынса, біз қалайша Мәңгілік ел боламыз?
Бізге демографиялық тұрғыдан күрт көбею керек! Ұлан-ғайыр далаға қазақтың саны сәйкес болуы шарт. Сөйте тұра, бүгіндері қаланың қазағына қоса, даланың қазағы да бір-екі баламен, әрі кетсе үш перзентпен шектелуге үйір болып барады. Бұл бағыт бойынша үкімет тарапынан айтулы әлеуметтік қолдау болса, жағдайдың оңалары шүбәсіз деп сенейік.
2001 жылы «Ақсай – Үлкен Шаған – Атырау» газ құбырын тарту барысында Орал қаласының маңынан бұрын беймәлім болып келген ескі шаһардың жұрты табылды. Зерттей келе, тарихшы ғалымдар мен археологтар үшбу шаһарды түркі жұртының құтты қонысы болған, ХІV ғасырға тиесілі елді мекен деген түбегейлі тоқтамға келді. Осыдан біраз жыл бұрын көне шаһардың жұртын аспан асты музейге айналдырудың керемет жобасы жасалды. Осы жобаны жүзеге асыру өте маңызды екендігін 2007 жылдан бері, Батыс Қазақстан облысының әкімдері ауысқан сайын айтып келемін. Дегенмен ол үшін әлі күнге дейін үкімет тарапынан жеткілікті қаржы бөлінер емес. Ал аталмыш жобаны жүзеге асыру не үшін қажет?
Біріншіден, Горбачевтың тұсында Кремльге арқа сүйеген кейбіреулердің Орал өңірі Қазақстанға емес, Ресейге тиесілі деп көкігені мәлім. Әне, Оралдың түбіндегі көне шаһардың жұртын аспан асты музейге айналдырсақ, әлгі әпербақандардың аузына біржола құм құйылар еді.
Екіншіден, ішкі-сыртқы туристердің қарасы күрт көбейіп, қазынаға түсім артар еді.
Енді біразырақ болса да, экономикалық мәселелерді сөз етейік. Аудан-ауылдарға барғанда халық алдымызға кесе-көлденең тартатын мәселенің бірі – тері-терсек, жүн-жұрқа сықылды агрошикізаттың текке рәсуа болып жатқандығы. 2006 жылы отандық жеңіл өнеркәсіптің аянышты ахуалы хақында «Соры қайнаған сала», «Жұртта қалған жеңіл өнеркәсіп» деген атаулармен сын мақалалар сериясын жазып, проблема көтергенмін. Содан бері он жылдан аса уақыт өтсе де, жеңіл өнеркәсіпке қатысты жағдай әлі түбегейлі жақсарып кете қойған жоқ. Біздің жақтың фермерлері қойларын қырыққаннан кейін ешкім алмайтындықтан тонна-тонна қой жүнін өртеуге немесе жерге көмуге мәжбүр. Міне, әлемдік нарықта (рынокта) жеңіл өнеркәсіп үшін баға жетпес шикізат – қой жүнінен біз әлі күнге дейін осылай құтыламыз! Қойдың жүнін өртегеннің де, көмгеннің де экологиялық зиян-залалы орасан. Өртеген кезде түтін арқылы ауаға қыруар улы зат тарайды, ал қой жүнін жерге көмгеннен топырақтың құнары күрт кемиді. Егер қойдың бір жылда екі рет қырқылатындығын ескерсек, шаруа адамы қарайған қой жүнінен басқалай қалай құтылады?
Кеңес одағы кезінде Оралда Клара Цеткин атындағы тігін фабрикасы болды. Бұл өнеркәсіп нысаны 1800 қыз-келіншекті тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 1 миллион өте сапалы шалбар тігіп, өнімдерін ішкі нарыққа шығаруға қоса, экспортқа да жөнелтетін. КСРО ыдырағаннан кейін біздің үкімет тарапынан жылдар бойы лайықты қолдау болмады. Ақыры кезінде сапалы өнімдерімен аты шыққан фабриканың ғимараты осыдан 5-6 жыл бұрын халық пен мемлекеттің мүддесін тым тайыз ойлайтын шенеуініктердің кесірінен тұрмыстық техника сататын сауда үйіне айналып тынды. Ал оған дейін де алақандай Оралда әлгіндей сауда үйлері аз емес-ті…
Жеңіл өнеркәсіпке қажетті ресурс-резерв бойынша Қазақстанның кез келген облысының әлеуеті орасан зор. Демек, жеңіл өнеркәсіп бойынша біздің елдің кез келген өлке-өңірінде экономикалық кластер қалыптастыруға болады. Әсіресе, аумағы шағын болғанымен бір өзі Ресейдің бақандай бес губерниясымен шектесетін Батыс Қазақстан облысының жеңіл өнеркәсіп жөнінен шикізаттық та, экспорттық та әлеуеті өте зор.
Соңғы кездері 6 миллиардтан астам әлем халқы жыл сайын 1,4 пайызға көбейе түсуде. Ал азық-түлік өнімінің артуы жылма-жыл 0,9% деңгейінде қалып отыр. Халықаралық сарапшылар қазірдің өзінде әлемнің 40-тан астам елі азық-түлік дағдарысын қатты сезініп отырғандығын айтып жүр. Бұл көрсеткіш 2030 жылға дейін кемі екі еселенетінін көрінеді. Демек, Қазақстан егін өнімділігін арттырып, мал мен құс етінің сапасын еуростандартқа жеткізіп және жеңіл өнеркәсібін жүйелі жолға қою арқылы өз өнімдерімен дүние жүзінің біраз жерін «жаулай» алады.
– Тарихтың шежірелі қатпарларын біраз аршығаныңызды білеміз. Бекежанды арашалап алғаныңыз жұрттың жадында. Қазір қай тақырыпқа үңіліп, қандай оқиғаны індете зерттеп жүрсіз?
– Биыл ересектерге арналған прозалық шығармаларымды жеке кітап қылып шығарсам деген ой жиі мазалап жүр.
– Балалар жазушысы ретінде балдырғандарға талай тамаша дүниелер сыйладыңыз. Әдебиеттің бұл саласының бүгінгі аяқ алысына көңіліңіз тола ма? Бүлдіршіндерге кімнің шығармасы қорек?
– Бірауыз сөзбен жалпы қазіргі заманғы қазақ балалар әдебиетіне баға беру мүмкін емес. Бұл тақырыптың өзі бір сұхбатты немесе көлемді мақаланы талап етеді. Балалар әдебиетіне билік тарапынан аялы қамқорлық, жүйелі жанашырлық бар екендігін әлі күнге дейін сезінген емеспін.
Мен ресейлік балалар жазушысы Эдуард Успенскийдің 2003 жылы Мәскеудегі «Оникс 21 век» баспасынан шыққан «Дядя Федор, пёс и кот» кітабын қолыма алған сайын сүйсінемін әрі қызығамын. Безендіру қандай, қағаздың сапасы қандай, шіркін! Орайы келгенде айта кетейін, ресейлік мамандар Э. Успенскийдің аталмыш повесть-ертегісі желісімен бірінен бірі өткен бірнеше мультфильм түсірді. Менің де «Ойыншықтар көтерілісі», «Жиһанкез» Ақкербез», «Ақ көбелек», «Кішкентай «командир», «Әке көрген оқ жонар…», «Абзалдың күшігі», «Кішкентай «Карлсон», «Көк «құлыншақ», «Ауылдан келген Ақтөс», «Чук» пен «Гек» секілді әңгімелерім мультфилм түсіруге сұранып тұрған туындылар. Бірақ оған біздің елде кім көңіл бөліп, назар аударып жатыр? Мультфильм өндірісіне келгенде, біз қазақ балаларын әлі күнге дейін фольклормен алдарқатып жүрміз. Ал бүгінгі балдырғандардың көңілін үнемі ауыз әдебиетімен аулау мүмкін бе?..
Бала кезінде кітап оқымаған адам өскесін кітап оқымайды. Сол себепті балалар әдебиетін үлкен әдебиеттің берік, мығым іргетасы деп қарау керек. Ал жалпы, асқақ гуманизмді ту еткен әдебиетсіз иманды орта, жібі түзу қоғам қалыптастыру мүмкін емес. Сол себепті билік те, халық та әдебиет әлеміне оралғаны ләзім. Бұған әрине, бірінші кезекте билік мүдделілік танытуы тиіс.
– Жазғыңыз келмейтін тақырыпта жазған кезіңіз болып па еді? Тапсырыспен жазатын қаламгерлер қатарында барсыз ба?
– Елудің екеуіне келгенше ондайға барған емеспін, енді бара қоймасым анық.
– Білікті басшы, қарымды қаламгер ғана емес, үлгілі отағасы екеніңіз көпке мәлім. Қандай да бір істе табысқа жеткен адамдардан бас салып рецепт, формула сұрайтын заман болды ғой. Қит етсе қисайып, жарын сотқа сүйрей жөнелетін жастарға үлгі ретінде отбасылық бақыттың құпиясын бөліссеңіз…
– Ақыл айту оңай ғой, алайда өзім ақыл айтқанды жаратпаймын. Сөйте тұра, сұрақ қойылғасын, жауап беруге ықылас танытқан абзал. Ең әуелі айтарым, шаңырақ көтеріп, отау құруға бекінген екі жастың, қыз бен жігіттің арасында шын мәнінде шынайы сезім мен нық сенім болуы шарт. Абай айтпақшы, «Махаббатсыз дүние бос…». Француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Махаббат дегеніміз қыз бен жігіттің бірі-біріне қарауы емес, екеуінің бір бағытқа қарауы» деген қанатты сөзге айналған көзқарасы бар. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, ерлі-зайыптылардың өмір бойы арман-тілегі, мұрат-мақсаты бір болуы керек. Өмір сүргіленген теп-тегіс тақтай емес. Неше түрлі жағдайлар орын алуы ықтимал, сондай кезде ерлі-зайыптылар бірі ашу болғанда, бірі басу болып, сабыр сақтаса, дүние орнына келеді. Жұбайлар арасындағы өзара сыйластық шаңырақтың шаттығын еселеп, жанұя жарасымын арттырып, ынтымақты нығайтып, ырысты молайтады. Бірлік бар жерге береке үйір. Ешқандай негізі жоқ орынсыз қызғанышқа берілмеу керек. Табиғат аясына демалуға, саяжайға еңбек етуге мүмкін болса, бірге барыңыздар. Табиғатпен тікелей байланыс адамды ақжарқын, мейірімді қыла түседі. Салауатты өмір салтын ұстаныңыздар, өйткені перзенттеріңіз «Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі».
Ал баланы кішкентайынан еңбекқорлыққа тәрбиелеген ләзім. Сондай-ақ «Өнерліге өріс кең» дегендей, ұл-қызыңызды өнерге баулысаңыз, оған өмірден өз орнын табу жеңілдей түседі, айналасындағы адамдармен тіл табысу оңай болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Анар ЛЕПЕСОВА