241
Баукеспені балгерлер тоқтата алмас
Баукеспені балгерлер тоқтата алмас
Ұрлық түбі – қорлық. Десек те, бүгінгі күні қылмыстың осы бір түріне тоқтау болмай тұр. Соңғы уақытта қоғамдық көліктердегі қалтаға түсетіндерден бастап пәтер тонайтын, тіпті, жат біреудің көлігін тізгіндеп кететін ұрылардың қылмыстық әрекеттері көбейіп кетті. Мұны еліміздің Бас прокуратурасы да жоққа шығармайды. Наурыз айының соңында арнайы кеңес отырысына қатысқан Бас прокурор Жақып Асанов ұрлықтың мемлекетке едәуір шығын келтіріп отырғанын ашық айтты.
Ұрлықтың 70 пайызы ашылмайды
Астана қаласында ҚРБас прокуроры Жақып Асановтың төрағалығымен өткен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында ұрлықтың алдын алу шаралары талқыланды. Отырыстың басында-ақ Бас прокурор ұрлық-қарлықпен күресудің әдістері ескіріп, тиімсіз бола бастағандығын айтты. Тіпті, Жақып Асанов ұрылардың құқық қорғау органдарын мазаққа айналдырып жүргенін де ашына жеткізді. «Ұрылар бізді, яғни құқық қорғау органдарын әбден мазаққа айналдырды. Мысалы, Атыраудағы тұрғын үйлердің бірінде 2016 жылы 21 рет ұрлық тіркеліпті. 21 рет! Ал сол үйдің бірінші қабатында полиция бөлімшесі орналасқан екен. Бұл мазақ емей немене? Бұлар бізді басынайын деді. Оларға қарсы ашық соғыс жариялау керек», – дейді Бас прокурор. Осы жиында келтірілген деректерге сүйенсек, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылдың ішінде 2 миллионнан астам ұрлық орын алған. Оның 1,5 миллионы ашылмай қалыпты. Қазіргі уақытта ұрлық әрекеттері еліміздегі жалпы қылмыстың 64 пайызын құрайды. Еліміздегі бүкіл қылмыстың үштен екісі ұрлық. Яғни, ұрлық біздің қоғамда етегін кең жайған созылмалы дертке айналған. Соңғы 5 жылдың өзінде ұрлықтан келген шығын мөлшері 70 миллиард теңгеден асып жығылған. Онымен қоймай, ұрлық әрекеттері жыл өткен сайын көбеймесе, азаяр түрі байқалмайды. Ұрлық қарапайым халықтың да мазасын әбден қашырып біткен. Осының бәрін ескерген Бас прокурор ұрылармен күресуді мықтап қолға алу қажеттігін атап өтті. Тіпті, ол өзінің жұртшылықтан естіген түрлі болжамдарын да шенділердің есіне салды. «Қарапайым халықтан базарлар мен үлкен дүкендерді күзететін күзет фирмалары «жұмыс» істеп алсын деп ұрыларды белгілі бір уақытта ішке кіргізеді деп естідім. Егер сол базарды, дүкенді күзететін күзет фирмасы ұрыларды ұстай алмаса, лицензиясын қайтарып алайық. Неге олар өз аумағындағы қауіпсіздікке жауап бермейді? Әрбір бесінші ұрлық үлкен базарлар мен дүкендерде жасалады екен. Күзет фирмалары күзететін базарлар мен дүкендерге қатысты шараны күшейту керек», – деді Жақып Асанов өз сөзінде. Сондай-ақ, Бас прокурор ұрланған бұйымдарды сататындарға қатысты жазаны күшейту керек дейді. Қазір ұрлық жасап, оны сатқан адамдар тек жеңіл қылмыстық жазамен құтылатыны белгілі. Яғни Қылмыстық кодекстің 192-бабына сай, олар не айыппұл төлейді, не әкімшілік жазаға тартылады. Бас прокуратура бұл бапқа өзгерістер енгізіп, ұрлық жасап, ол бұйымды сатқандарға орташа ауыр қылмыстық жаза тағайындау керек деген түйінге келді. Ең жиі кездесетін ұялы телефондар ұрлығын азайту үшін Бас прокуратура Аустралияның тәжірибесіне жүгінуді жөн санайды. Онда мобильді операторлар ұрланған смартфондардың ІМЕІ-кодтарының тізімін жасақтап, оларды жүйеде оқшауландырады. Осыдан кейін ұялы телефонды қолды қылған ұрыға еш пайда жоқ. Өйткені әлгіндей әрекеттен кейін аппарат істен шығып, материалдық құндылығын жоғалтады екен. Жыл басында елімізде ІМЕІ-кодтардың бірыңғай базасында тіркелмеген телефондардың бұғатталатындығы жөнінде хабарланған болатын. Уақытша тіркеу мәселесінен кейін жарияланған бұл жаңалық көпшілікті алаңдатқаны да белгілі. Бірақ дәл осы жағдайдың ұялы телефондар ұрлығын азайтуға септігін тигізетіндігін ескерсек, жаңа жүйеден шошудың қажет еместігін түйсінуге болады. Қаңтар айында осы мәселе бойынша түсінік берген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Жүйе іске қосылғанда телефон ұрлығын айтарлықтай азайтуы керек. Себебі тұрғын телефонының ұрланғанын полицияға хабарласа, оны бұғаттауға болады. Сонда телефон ұрлығының мақсаты жүзеге аспайды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын 60 мың шамасында телефон ұрланады, ал қайтарылу мүмкіндігі 5 пайыз ғана. Оның үстіне, көп жағдайда балалар жәбірленуші болып жатады. Енді олар қылмыскерлердің құрбаны болуының алдын алуға мүмкіндік беретін құралымыз болады», – деген еді.«Қазақтың міні – мал ұрлығы»
Бүгінде қарапайым халықтың құқық қорғау орындарына сенбейтіндігін Бас прокурор да растайды. Мұның бір себебі ретінде Жақып Асанов жыл сайын ұрлықтың 70 пайызы ашылмай қалатындығын атайды. Бас прокурордың сөзінше, халыққа ең ауыр тиетіні – мал ұрлығы. Расында да, ертеден халқымыздың тіршілік көзіне айналған төрт түлік қарапайым қазақ үшін қадірлі. Қорасындағы малынан көз жазып қалған жұрттың қамығатыны сондықтан. Біреудің несібесіне қол салуды әдетке айналдырып алған әккі ұрылар туралы бұрын ауылда арагідік естіп қалатын едік. Өкінішке қарай, бүгінгі күні бұл мәселе ауылдағы халықты ғана емес, қаладағы малы жоқ жанды да, биліктегілерді де алаңдата бастады. «Қазақтың міні – мал ұрлығы» деген Абай атамыздың сөзі әлі де өзектілігін жоя қоймағанына көзіміз жете түсуде. Мал ұрлығына қарсы күрес жүргізу үшін қолға алынған шаралар баршылық. Бірақ оның көбі мал ұрлығының азаюына ықпал етіп жатқан жоқ. Статистикалық деректерге жүгінер болсақ, 2012-2014 жылдар аралығында мал ұрлығына қатысты 29 мың 703 қылмыс тіркелген. Бір айта кетерлігі, мұндай қылмыстардың саны азаймай отырғандығына қарамастан, 2015 жылдан бері бұл санаттағы қылмыстардың статистикалық есебі жүргізілмеген. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарда жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың дамуына әсер етуі әбден ықтимал. Ал есеп жүргізуді тоқтатудың сыры неде? Мұның бір себебін елімізде малды есепке алудағы дәйексіздіктерден іздеуге болады. Жыл басында еліміздегі Ішкі істер органдары республика көлемінде «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасын өткізді. Сөйтіп, елді мекендерден шығар жолдарға 500-ден астам бекет орнатылса, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарға да осындай мөлшерде тосқауыл қойылды. Осы шара аясында жедел топтар ешқандай құжатсыз мал тасымалдауға қатысты 149 фактіні, ет өнімдері бойынша 159 фактіні анықтап, 86 бас мал тәркіледі. Ал мал және ет өнімдерін сатып алу және өткізу орындарына жүргізілген тексеру нәтижесінде ұрланған малды сатқан тұрғын 56 және ұрланған малдың етін сатқан 28 адам қолға түсті. Бірақ мұндай жобалардың жұмысы соңына дейін жетпейтіндігі өкінішті. Аталған шара да қаңтар айында сәтті нәтиже көрсеткенімен, кейіннен бұл тақырып тағы да жабулы күйінде қала берді. Ал ауылдағы малынан айрылып, ұрылардың қармағына түсіп қалғандар әлі де баяғы қалыптасқан жүйемен, балгерлерді жағалап жүргенін естіп жатамыз. Өйткені құқық қорғау қызметкерлеріне деген қарапайым жұрттың сенімі азайған. Олардың ұрлықты аса үлкен қылмыс деп санамайтындығына да көпшіліктің әбден көзі жеткен тәрізді. Ұрлық-қарлық секілді қылмыстардың сыры ашылмайтындығы құқық қорғаушылардың бұған баса назар аудармайтындығының кесірінен деп санайтындар да табылады. Нәпақасын малдан тауып отырған тұрғындардан төрт түлігінің қолды болғандығы жөнінде арыз-шағымдардың көп түсетіндігін шенділер де мойындайды. Мәселен, Қызылорда облысындағы Шиелі ауданында 2017 жылдың алғашқы бір жарым айында мал ұрлығының 13 дерегі тіркелсе, оның тек біреуі ғана ашылыпты. Ауылды жерлерде құқық қорғау өкілдері мал ұрлағандарды тауып, іс қозғауға ниеттенгенімен, тұрғындар өз араларында келісімге келіп, арызынан бас тартатын жайттар жиі кездеседі. Ал шығынның орнын толтыруға уәде берумен құтылатын баукеспелер өз «істерін» әрі қарай жалғастыра береді. Сондықтан, ұрылардың әрекетін қатаң жазалауға баса мән берген жөн секілді. Онсыз баукеспелердің жолына тосқауыл болу қиындау.Пәтерге қатер төндіретіндер де көп
Бұл күні пәтерлерді тонап кететін баукеспелердің де жолын кесу оңай болмай тұр. Мұны еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі пәтер ұрлығының көбеюінен байқауға болады. Ресми деректер пәтер ұрлығының жартысынан көбі ашылмайтындығын растайды. Өткен жылы Қазақстанда тіркелген 44 367 пәтер ұрлығының 17 064-і ғана ашылған. Айта кетейік, 2016 жылы қылмыстың бұл түрі Алматы қаласы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жиі тіркелген көрінеді. Кез келген адам маңдай терімен жинаған дүниесінен бір-ақ күнде айырылғысы келмейді. Өзінің мүлкін бөгде адамдардан қорғау үшін сақтық шараларын да ойластырады. Алайда кейбір әккі ұрылар үшін бөтеннің үйіне кіріп, өзі көздеген кез келген затты немесе ақшаны қолды ету түк те қиын емес. Олардың көбі оқиға орнынан ізін суытып үлгереді. Мамандардың айтуынша, ұрылар ең алдымен өздерінің «олжалы» болуына мүмкіндік беретін нысанын, яғни, тонайтын үйін әбден зерттейді. Бірінші, олар үйде адамның бар-жоғын анықтап алады. Ол үшін сантехник, газ саласының маманы немесе тауар сатушы ретінде пәтер есігін қағады. Егер үйде ешкімнің жоқ екендігі анықталса, іске кірісуге әрекет жасайды. Мұндай жағдайда қылмыскерлердің біреуі ұрлық жасаса, екіншісі үйдің ауласын бар бақылап тұрады. «Жау алыстан келмейді» деген сөзді де жиі еститініміз рас. Расында да, қолының сұғанағы бар адамдар үй иесінің танысы, жолдасы, тіпті туысы болуы да әбден ықтимал. Үй иесінің сеніміне кірген сәтте, ұры өзінің сыбайластарына ақпарат береді. Олар түрлі әдістер арқылы, пәтер иелерінің қай кезде үйде, ал қай кезде жұмыста болатынын біліп алады. Әккі қылмыскерлердің өз әрекеттерін мұқият жоспарлайтындығы соншалық, олардың ізіне түсу құқық қорғау өкілдері үшін қиындық тудыруда. Десек те, еліміздің Бас прокуратурасы да, Ішкі істер министрлігі де ұрлыққа қарсы күрес жүргізуді жүйелі түрде жүзеге асыруды мықтап қолға алуға ниетті. Бас прокуратура өкілдері пәтер ұрлықтарының алдын алу мақсатында «Қазақтелекоммен» көппәтерлі үйлерде бейнекамералар жүйесін кеңейту бойынша «Бұлтты бейнебақылау» жобасы ұсынып отыр. Аталмыш жоба бойынша тұрғындар смартфон немесе гаджеттер арқылы өздерінің үйін онлайн режімде бақылауға мүмкіндік алады. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйлердің тек үш пайызы ғана бейнебақылау камералармен қамтылған екен. Бірақ мұндай камералар әрбір кіреберісте болса, біраз қылмыстың беті ашылар еді. Былтыр камералардың арқасында 1 500 қылмыс ашылған екен.Қалта қағатындарды қақпанға түсіру неге қиын?
Қоғамдық көліктерде қалтаға түсетін баукеспелердің құрбанына айналған қала тұрғындарының саны аз емес. Өкініштісі, мұндай ұрлықтардың көпшілігі жабулы күйінде қалады. Біріншіден, тұрғындар мұндай жағдайда тиісті орындарға шағым түсірмейді. Ал шағым түсіргендердің арызы бойынша құқық қорғау өкілдері жұмыс істеуге құлықсыз не болмаса баукеспелердің ізіне түсу мүмкін емес. Әсіресе, Алматы секілді алып шаһардың қоғамдық көліктерінде таңғы және кешкі уақытта адам саны өте көп болады. Мұндай сәтте қалтаңдағы қаржыңды немесе ұялы телефоныңды ұрылардың қалай жымқырып кеткендігін байқамай да қаласың. Тіпті, бүгінде автобустарда да көлік ішінде ұрылардың болуы мүмкін екендігі, сондықтан әркімнің жеке заттарына абай болуын ескертетін хабарламалар бар. Бірақ қанша сақтық танытса да, ұрылардың құрығына ілініп қалатындар жетерлік. Қоғамдық көліктерде қарапайым жұрттың қалтасына түсетіндер арнайы ұйымдасқан топтардың мүшелері екені айтпаса да түсінікті. Жуырда ғана Тараз қаласында қалта ұрлығын кәсіп еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкере болды. Қылмыстық топ ұзақ жылдар бойы қала тұрғындарын сан соқтырып келіпті. Тіпті, топ құрамында полиция қызметкері де бар болып шықты. Тергеу барысында күдіктілер полицеймен келісім бойынша жұмыс істегенін жайып салды. Құзырлы орган өкілдері алты адамнан құралған топтың ізін алты ай аңдыпты. Тек қалта ұрлығымен айналысқандар адам аяғы көп және қоғамдық көліктерде айласын асырып отырған. Ал топ құрамындағы полицей қандай қызмет атқарғаны жайында ішкі істер департаменті жақ ашпады. Айта кетерлігі, айналдырған үш айда Тараз қаласында үш жүзге жуық қалта ұрлығы дерегі тіркелген. Яғни, күнде бір адам барынан айрылып отырған. Оның 180-і қоғамдық көліктерде болған. Бұл тек тіркелген дерек. Ал аталған қылмыстық топ қанша адамды сан соқтырғаны беймәлім. Ізіне түскен арнайы жасақ тек 15 деректі ғана нақты дәлелдеуге айғақ бар дейді. Қалай десек те, еліміздегі құзырлы органдар ұрыларға қарсы күрес жұмыстарын күшейтіп, өзгенің мүлкіне қол салатындардың жолына тосқауыл болуға барын салуда. Ал мұның қаншалықты нәтижелі аяқталатыны уақыт еншісінде.