300
"Саран" шахтасындағы апатқа қатысты іс сотқа жіберілді
"Саран" шахтасындағы апатқа қатысты іс сотқа жіберілді
Қарағанды облысындағы «Саран» шахтасында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты іс сотқа жіберілді, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Арнаның хабарлауынша, Қарағанды облысындағы «Саран» шахтасында болған апатқа учаске басшысы мен 2 машинист кінәлі. Қазіргі уақытта оларға еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзды деген айып тағылып отыр. Шахтадағы қайғылы оқиғаны 5 ай бойы толықтай зерттеген Қарағанды облыстық прокуратурасы қылмыстық істі сотқа жіберді. «Енді еліміздің қылмыстық заңына сәйкес, айыпталып отырған участок басшысы мен екі машинист 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оның үстіне, бұл баппен сотталғандар рақымшылыққа ілікпейді», – дейді Қарағанды облыстық прокуратурасының аға прокуроры Ерзат Мүсеев.
Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылдың қараша айында Қарағандыдағы «Саран» шахтасында төтенше жағдай орын алған болатын. Кеншілерді тасуға арналған аспалы жолдың тросы үзіліп кетіп, ауысымдағы 12 адамның 9-ы зардап шеккен еді. Оның үшеуі оқиға орнында мерт болса, тағы бір кенші ауруханада көз жұмды. Ал 5 жұмыскер әртүрлі деңгейде дене жарақаттарын алған.