293
"Маугли" қыздың ата-анасы табылды
"Маугли" қыздың ата-анасы табылды
Үндістанда "маугли" қыздың ата-анасы табылды, – деп хабарлайды 24.kz арнасы Daily Mail басылымына сілтеме жасай отырып.
Daily Mail басылымының жазуынша, көп уақыт бойы орманда маймылдармен бірге тұрған кішкентай қыз адам тілін ұмытқан, тіпті, ол төрт аяқтап жүреді екен. Баланың ата-анасының айтуынша, қыздары бір жыл бұрын базар маңында олардан қашып кеткен көрінеді. 45 жастағы Рамзан Али Шах пен оның 35 жастағы жұбайы Назма қыздарының суретін газет бетінен көргенін айтады. «Біз өз көзімізге өзіміз сенбедік. Қызымыз базардағы ығы-жығы кісілердің арасында жүріп, бізден қашып кеткен еді. Содан бері ол ұшты-күйлі жоқ болып кетті», – дейді қыздың әкесі.
Шах қызының есімі Ализа екенін және оның 10 жаста екенін алға тартып отыр. Оның айтуынша, қыз психикалық дертке шалдыққан және дәрі сатып алып тұрған кезде олардан қашып кеткен.
Сонымен қатар, Шах жергілікті полицияның қызын тауып беруге еш құлық танытпағанын айтады. Енді Шах пен оның жұбайы орманда табылған қыздың ата-анасы екенін дәлелдеу үшін қан тапсырулары қажет.