213
ІІМ: Суға кеткен үйден денесі табылған әйел жүрек дертінен көз жұмған
ІІМ: Суға кеткен үйден денесі табылған әйел жүрек дертінен көз жұмған
Ақмола облысында су тасқынынан қаза тапты деп жарияланған әйелдің өліміне төтенше жағдайдың қатысы жоқ. Бұл жайында бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов БАҚ өкілдеріне мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні адамдардың өліміне жол берілген жоқ. Ал әйел «жедел жүрек жетіспеушілігінен» көз жұмған. Қазір сараптама жүргізілуде. Ол әйел құтқарушылар келгенге дейін екі күн бұрын көз жұмған», - деді Қасымов БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Кеше бірқатар бұқаралық ақпарат құралы Ақмола облысындағы Сандықтау ауданына қарасты Сандықтау елді мекенінде суға кеткен үйлердің бірінен 59 жастағы әйелдің мәйіті табылғандығын хабарлаған болатын. Сонымен қатар министр алдағы 3-5 күнде жағдай тұрақталатындығын атап өтіп, су тасқынының орын алуының басты себептерін де атады.
«Біріншіден, биыл қар өте мол болып, шекті нормадан 3 есе асып кетті. Ал өткен аптаның бейсенбі, жұма және сенбі күндері жаңбыр жауып, ол қардың күрт еруіне түрткі болды. Соның салдарынан өзендердегі, су қоймаларындағы су деңгейі көтерілді. Екіншіден, салынған жолдар әрине, бөгет ретінде пайдаға жарады. Бірақ, еріген сулар сол жолдардың бойында жиналып, суағарлардың болмауы салдарынан жолдарды шайып кетті», - деді ол. Үшіншіден, оның атап өтуінше, су қоймаларының дұрыс есебі болмады. Яғни, су қоймаларының иелері жазғы мезгілде суды егіншілікпен айналысатындарға және өнеркәсіптерге сату үшін көп жинап алуға тырысты. Бірақ, су қоймаларына судың мол мөлшері түсіп, бөгеттің бұзылмауы үшін мәжбүрлі түрде суды көптеп ағызуға тура келді. «Ал тасқын су өзен арналарының төменгі сағаларына жайылып, елді мекендерді басып қалып отыр», - деді Қ.Қасымов.