261
«Қазсушар» өкілі: Келетін судың көлемін иіскеп білеміз бе?
«Қазсушар» өкілі: Келетін судың көлемін иіскеп білеміз бе?
Ақтөбе қаласы маңындағы Ақтөбе, Сазды, Қарғалы су қоймалары толып кеткендіктен келген су өзендерге ағызылып жатыр. «Қазсушар» РМК Ақтөбе бөлімшесі ағын судың көлемі жайлы дұрыс болжам жасамаған «Қазгидромет» РМК мамандарын айыптап отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Ақтөбедегі Сазды, Ақтөбе, Қарғалы су қоймалары толады деген жоспар болғанымен, келген судың ағыны мұншалықты көп болатынын жауапты мамандар да болжай алмаған. Соның салдарынан қазір су қоймаларына келіп жатқан судың бәрі ағызылып жатыр. Себебі, қойманың бәрі толып тұр.
«11 сәуірден бастап Ақтөбе облысына көлемі 500 миллион текше метр су келді. Су Ақтөбе, Сазды, Қарғалы су қоймасын толтырды. Қазір келген судың бәрін төмен қарай тастап жатырмыз. Дағдарыс өтті, дегенмен судың келуі тоқтаған жоқ. Біз әрбір екі сағат сайын қарап, бақылап отырмыз», - деді «Қазсушар» РМК Ақтөбе бөлімшесінің басшысы Бекзат Наметов.
Ұзақ жылдар бойы Ақтөбедегі су қоймаларында жұмыс істеп жүрген білікті маман судың мол келуі 1993 жылы тіркелгенін айтады. Ол кезде барлығы 966 миллион текше метр су келген екен.
«Қазір 500 миллион текше метр су келіп тұр. 1 мамырға дейін тағы 200 миллион текше метр су келеді. Көпшілік «неге алдың ала жібермедіңдер» деп сұрайды. Су тасқыны басталар алдында Ақтөбе су қоймасында 68 пайыз, Қаралы су қоймасында 57 пайыз қор болды. «Қазгидромед» РМК 120-240 миллион текше метр су келеді деп болжам айтты. Әдетте ақпараттың 80 пайызы дәл келетін еді. Бірақ су үш күнде лық ете қалды. Өз кінәмізді біреуге итеріп салмаймыз. Шешімін таппаған мәселе де бар. Мәселен, гидробекеттің санын 95-тен 25-ке дейін азайтты. Бәрін қайта орнына келтіру керек. Олар Су ресурстары комитетіне қарады, «Қазгидромет» Қоршаған ортаны қорғау басқармасында болды. Ал бізді Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберді де сонында тарап кеттік. Бәрі қосылмаса, болмайды. Біз өз еркімізбен алдын-ала болжай алмаймыз. Оны «Қазгидромет» пен гидробекет қарамағанда қайдан білеміз? Иіскеп білеміз бе?»,- деді Бекзат Наметов.