623
Қартқа көмек – жасқа міндет
Қартқа көмек – жасқа міндет
«Қарты бардың қазынасы бар». Қазақтың осы даналығын естен шығармайтын «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты қарияларға қамқорлық көрсетуді үнемі назарда ұстап келеді. Мәселен, Атырау облысының Махамбет ауданындағы жасотандықтардың ізгі істері көптің аузында жүр.
Олар жыл он екі ай тыным көрмейді. Әсіресе, көктем шыға, қыз-жігіттер жалғызілікті қарттардың үйлерін аралап, аулаларын тазартып береді. «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының бір топ өкілі тыл ардагері Түсіпқали Орынғалидың үйіне бас сұқты. Ардагердің ауласы ретке келтіруді қажет етіп тұр екен. Көктемнің өзі күтімді қажет ететіндігі белгілі ғой, жастар білек сыбана кірісіп, баспана алдын лезде әдемілеп тастады.
Зейнет жасындағы Түсіпқали Орынғали қария – ауыл шаруашылығы саласының ардагері. Ол ұзақ жылдар бойына «Сельхозтехника» деп аталатын мекемеде кассир болып істеген. Өзінің қызметі туралы да сыр шерткен қария арнайы келген жастарға ақ батасын берді.
– Сендер қайда жүрсеңдер де жолдарың ашық болсын деп тілеймін. Осы қалыптарыңнан танбай, жас ұрпаққа өнеге көрсете біліңдер. Ардагерлерге айрықша назар аударып, тұрақты жәрдемін беріп келе жатқан «Нұр Отан» партиясына алғыс айтамын, – дейді ақсақал.
Сонымен қатар «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында партияның Атырау қалалық филиалы жергілікті мәслихат депутаттарымен бірге Ұлы Отан соғысының ардагері Орынғали Қарасаевтың үйіне де барып, ол кісіге дәрігерлік көмек көрсетілді.
Орынғали Қарасаев соғыс аяқталысымен туған жеріне оралып, аймақтың дамуы мен гүлденуіне өз үлесін қосты. Еңбек ардагері атанған ақсақал – Атырау облысының Құрметті азаматы. Соғыс және еңбек ардагері «Нұр Отан» партиясына шынайы қолдауы мен назар аударғандары үшін алғыс айтты.
Өскемен қалалық партия филиалы мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері де «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасының аясында қайырымды істер атқаруда. Жуырда олар соғыс ардагерлері тұратын үйлерді аралады.
Ардагерлердің тұрмысы мен денсаулығына назар аударған партиялықтар соғыс ардагері Анна Пьяненкоға Көз микрохирургия орталығына тегін емделуге жолдама тарту етті.
– Менің көзім ауырып, денсаулығым болмай жүрген. «Нұр Отан» партиясына мың алғыс. Бізді ешқашан ұмыт қалдырған емес, апта сайын келіп, денсаулығымызды біліп тұрады. Өзге қажеттілігіміз болса, қол ұшын созуға да даяр, – дейді ардагер.
Партиялықтар «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасының аясында арнайы кесте жасап, сол бойынша облыс көлемінде тұрып жатқан соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйлерін үнемі аралап тұрады. Оларға түрлі көмек көрсетіліп, әлеуметтік қызметкерлер бекітілген.
Мұндай ізгілікті шараларға ардагерлер дән риза. Қарттарды қадірлеудің тамаша үлгісін көрсетіп жүрген «Нұр Отан» партиясының мүшелері «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасының аясында алдағы уақытта да қарияларға көмек көрсетуді жалғастыра бермек.