307
Жұмысқа орналастырамын деп жұртты алдаған алаяқ ұсталды
Жұмысқа орналастырамын деп жұртты алдаған алаяқ ұсталды
Орал қаласында шетелдік компанияларға жұмысқа орналастырамын деп отыздан астам адамды алдап соққан алаяқ қолға түсті, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Полицияның қолына түскен 36 жастағы күдікті Сырым ауданының тумасы екен. Сан соғып қалғандардың дені Ақсай қаласындағы «Шлюмберже» деп аталатын кәсіпорынға кірмек болып, әрқайсысы 120 мың теңгеден 600 мың теңгеге дейін ақша ұстатқан.
Тергеу барысында оның бұрын да алаяқтық әрекеті үшін істі болып, 3 жылдай мерзімін темір тордың ар жағында өткізгені анықталды. Күдікті ол кезде тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен үй беремін деп тоғыз адамды тақырға отырғызып кеткен көрінеді. Полиция алаяқтан зардап шеккен өзге де тұрғындар болса шұғыл түрде хабарласуды сұрап отыр.
«Қазіргі уақытта күдікті Талблимов Арман 2 ай мерзімге ұсталып, «күзетпен ұстау» шарасы қолданылған болатын. Күдікті Арман Талблимовты таныған болсаңыздар 102 нөміріне хабарласуға немесе Орал қаласы Айталиев көшесі мекен-жайындағы Орал қалалық ішкі істер басқармасына арыз беруіңізге болады», – дейді Орал қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі Руслан Есетов.