Болашақтың энергиясы

Болашақтың энергиясы

Болашақтың энергиясы
ашық дереккөзі
265
«ЭКСПО-2017» көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының жобаларымен танысты. Зерттеулер Астана қаласында өтетін Бүкіләлемдік мамандандырылған көрмеде көпшілік назарына ұсынылатын болады. Сонымен қатар, ол іссапар аясында студенттермен кездесіп, университет технопаркі мен «жасыл технологиялар» орталығын аралады. ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов құрметті қонаққа университеттің жетістіктері, ғылыми-инновациялық және білім беру қызметі, ғалымдар мен  студенттердің болашақ энергетикасы бойынша жобалары жайлы толыққанды ақпарат берді. «Қазақстан» ұлттық павильонында конвективтік диффузия әдісімен көмірсутекті газ қоспасын компоненттерге бөлу құрылғысы; жылу электростанциялары мен көміртозаңды қазандықтардың экологиялық-экономикалық көрсеткішін көтеруге арналған плазмалық отынды жүйелер; жылу және электр энергиясын алуға арналған дербес күн қондырғысы; планарлы концентрат қосылған кремнийлік күн батареясының зерттемесі сынды инновациялық жобалар ұсынылатын болады. Оған қоса, көрме павильонында алғашқы қазақстандық наноспутник жобасын; жарық жиілігі жоғары электр қуатын үнемдейтін газ қуатсыздану шамдарын; көміртекті наноқұрылымдарды өндіретін аз салмақты қондырғылар; өсімдік майларын сутектендіру катализаторын шығару және пьезэлементтерді жол нығыздамасында пайдалану арқылы жарық энергиясын алу технологияларын және тағы басқа зерттеулерді көрсету жоспарлануда. Р.Жошыбаев ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетін жоғары бағалап, университет жетекші инновациялық орталық ретінде  мемлекеттің «жетік» экономикасының өсу нүктесі және «жасыл» энергетиканың қозғаушы күші болып келе жатқанын атап өтті. ҚазҰУ ғалымдары мен жас зерттеушілері «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне қатысуы арқылы өз зерттемелерін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар, озық тәжірибе жинауға, әлемнің инновациялық идеяларынан хабардар болуға, пікірлестер мен серіктестер табуға жақсы мүмкіндік алады. Рәпіл Сейтханұлының студенттермен кездесуі танымды әрі қызықты өтті. Кездесу барысында комиссар «ЭКСПО-2017» көрмесінің дайындығымен таныстырып, мамандандырылған көрменің әлемдік деңгейдегі  айтулы оқиға болатынын тілге тиек етті. Көрмеге 100-ден аса мемлекет пен 10 халықаралық ұйым қатысады, қонақтар мен қала тұрғындарына арналған 3000-нан астам мәдени шара өтеді. Көрмені екі миллионнан артық адам тамашалайды деп күтілуде. Р.Жошыбаев оқытушылар мен студенттерді көрмеге келіп, жобасы ұсынылатын әріптестерін қолдауға шақырды. Келушілердің әлемдік деңгейдегі шарада түрлі қызыққа куә болып, ұмытылмас әсер алатынын сеніммен айтты. Кездесу барысында студенттер көңілде жүрген көп сауалдарына жауап алып, викторинаға қатысты. Олардың ішінен үздік шыққандары кәдесыймен, естелік сыйлықтармен марапатталды. «ЭКСПО-2017» қарсаңында ҚазҰУ-да қалалық «Шағын ЭКСПО» болып табылатын «жасыл технологиялар» орталығы ашылды. Мұнда гидро және биогаз энергетикасы, геотермалдық, күн, жел сияқты қуат алудың инновациялық технологияларын қолдану арқылы «жасыл энергетика»  жобалары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ орталықта ғылымды көп қажетсінетін инжиниринг негізінде мамандар даярланады. ҚазҰУ кампусы аумағында экологиялық тұрақты  әрі қолайлы «жасыл» орта қалыптастырылуда. Суы тазаланатын арнайы құрылғылармен жабдықталған «Кереңқұлақ» өзенінің сағасын ретке келтіру жұмыстары аяқталып қалды. Өзен суы қолдан жасалған «Аквапоника» экожүйесінде қолданылатын болады. Бұл студенттер, университет қалашығының қонақтары мен Алматы қаласы тұрғындары демалатын бірегей орын ғана емес, білімгерлерге бағалы әрі әдемі балықтар мен өсімдіктерді өсіріп, оларға күтім жасауды үйрететін тәжірибелік база болмақ. ҚазҰУ-ға келген сапары барысында Рәпіл Жошыбаев «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен жағдаяттық басқару орталығының жұмысымен танысып,  ЭКСПО-2017 туралы «Лондон-Астана» кітабын университет кітапханасына тарту етті.  

Айдана Жақан, ХАТУ, ІІ курс студенті

   

Серіктес жаңалықтары