Журналистика факультетінің телерадиокешеніне - 45 жыл!

Журналистика факультетінің телерадиокешеніне - 45 жыл!

Журналистика факультетінің телерадиокешеніне - 45 жыл!
ашық дереккөзі
198
Әл-Фараби атындғы ҚазҰУ-да IV Халықаралық Фараби оқулары аясында «Студенттік телевизия мен радионың даму келешегі» атты конференция өтті. Конференция жиыны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде негізі қаланған Телерадиокешенге 45 жыл толу құрметіне арналып отыр. Айтулы шараға ҚазҰУ-дағы журналистік бағыттың өрнегін өзінше өрбітіп келе жатқан жақсы-жайсаңдар мен факультет студенттері мен түлектері белсене атсалысты. Конференция жұмысы өзгеше жанр TEDx стилінде өтіп, университет телевизия-радио кешенінің дамуына өз үлесін қосып жүрген студенттерді марапаттау рәсіміне ұласты. Атап өту керек, аталмыш стильдегі шарада технология мен дизайнға басымдық беріліп, көңіл көтеруге уақыт бөлінеді. Алғашқы болып сөз алған ҚазҰУ Имидждік саясат және қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры  Дәурен Дүйсебаев телевизия мен радиоға байланысты ой- пікірін білдіріп, Департамент директоры ректор атынан 4 алғыс хат пен 8 адамға жеке куәлік (бейдж) табыстады. Өз сөзінде Д. Құмарханұлы: «Біздің теле-радио кешеннің келешегі зор деп білемін. Осы тұрғыда университет басшылығы тарапынан теле-радио кешен қызметіне үлкен мән берілуде. Жыл сайын мұнда ағарту жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, ұлттық теларналардың сұранысына сай кәсіби студия жобасы әзірленуде», -деп атап өтті. Сонымен қатар, жиналған жастарға жалпы журналистика мамандығының қыр-сыры жөнінде баяндап, мардымды мағлұматтармен бөлісті. Өз кезегінде телерадиокешеннің іргетасын құруға ұйытқы болған профессор, филология ғылымдарының кандидаты, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы журналистің негізгі қасиеттеріне тоқталып,  факультет түлектерінің тележурналистика кеңістігінде ерен еңбек етіп жүргенін тілге тиек етті . С.Медеубекұлы «ҚазҰУ-дың қасиетті қабырғасында білім алған әр азаматтың бойында азаматтық-патриоттық рух, отаншылдық, сүйіспеншілік болады. Олар қара басының емес, ұлттың қамы үшін жұмыс істеуге қалыптасады»,- деп ҚазҰУ түлектері жайлы ойын ерекше тебіреніспен жеткізіп, университет басшылығы атынан 10 адамға арнайы диплом мен  жеке куәлік (бейдж) тапсырды. Журналистика факультетінің 4 курс студенті, «АЕН» медиа орталығының директоры Еңлік Әбдіқадыр телестудияда жинаған тәжірибесі жайлы сөз етіп, студенттерге жол сілтеді. Ол сөз барысында: «Екінің бірінде мұндай теле-радио студия жоқ. Бізге осындай мүмкіндік беріп отырған ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановқа алғыс білдіремін», - деп жүрекжарды лебізін жеткізіп, университет басшылығы атынан 10 адамға жеке куәлік беріп, 5 студентті арнайы дипломмен марапаттады. Сонымен қатар, журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова 10 адамға жеке куәлік беріп, арнайы  2 дипломмен (бейдж) мадақтады. Шараны ҚазҰУ Телерадиокешенінің директоры Дәурен Мұхамеджанов тұжырымдап, баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Жетпісбай Бекболатұлымен бірге арнайы 4 диплом табыс етіп, 10 адамға жеке куәлік тапсырды. Шара барысында журналистика жайлы әсерлі әңгімелер айтылып ғана қоймай, әуезді әндер де шырқалды. Факультет студенті Назерке Алмағамбетова «Әке-Ана», Алтынай Бажанова халық әні «Сметті», жас әнші Жалын Ғалым «Достар» әнімен әсем күйге бөлеп , Назым Тұрсынғалиева қыл қобыздың қоңыр үнімен жүрек тебірентті. Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ерекше кештен жайдары тарасты.

Анар Жұмабаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы

Серіктес жаңалықтары