Йоханнес Зингхаммер, Германия Бундестагының Вице-президенті: Қазақстанның халқы да, табиғаты да ғажайып

Йоханнес Зингхаммер, Германия Бундестагының Вице-президенті: Қазақстанның халқы да, табиғаты да ғажайып

Йоханнес Зингхаммер, Германия Бундестагының Вице-президенті: Қазақстанның халқы да, табиғаты да ғажайып
ашық дереккөзі
244

Оның есімі еуропалық саяси сахнада жақсы таныс. Батыстағы әлеуметтік-рухани мәселелерге белсене араласумен қатар халықаралық саясатта аса беделді. Қазақстан мен Орталық Азиядағы саяси ахуалға қатысты мәлімдемелерді де жиі жасайды. Германия Бундестагының Вице-президенті Йоханнес Зингхаммер мырзамен сұхбат алу үшін маған небары 20 минут уақыт берілді.

Сол жиырма минутта вице-президент мырза Қазақстан мен Германия арасындағы қатынас, өз еліндегі және әлемдегі саяси ахуал, Орталық Азия мен посткеңестік елдердегі жер дауын шешудің жолдары, отбасы туралы мәлімет берді. Шыққан шыңы қаншалықты биік болса, мінезі соншалықты қарапайым тұлғаның Қазақстанға деген ықыласы да ерекше.

«Өткеннен сабақ алған жөн»

– Вице-президент мырза, Қазақстанға қош келдіңіз! Сапарыңыз сәтті болды деген үміттеміз...

– Иә, ең алдымен, Қазақстандағы сапарыма көңілім толатындығын жеткізгім келеді. Әсіресе, адамдардың риясыз көңілі мен қонақжайлылығы, табиғатының өте сұлулығы қатты ұнады. Осы сапарда жұбайым жанымда болды. Алматы мен Астананы бірге араладық. Елге барғасын Қазақстаннан алған жағымды әсерімізбен міндетті түрде бөлісеміз. Іссапардың басты мақсаты Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толу мерейтойына байланысты. Біз болашаққа сеніммен қарап, өткеннен сабақ алуымыз керек. Екіншіден, Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастардың белсенді түрде жүргізіле бастауы да Қазақ даласына ат басын бұруыма себеп болды. Меніңше, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Германияның экономикалық-әлеуметтік дамуы әлемдегі көптеген елдерге үлгі болуға лайық. Әлеуметтік-нарықтық экономика ең алдымен экономикалық еркіндікті қамтамасыз етеді. Адамдар экономикалық тұрғыда азат болуы шарт. Бір жағынан, әлеуметтік өтемақы да қарастырылады.

– Германия үкіметінің Қазақстанда қаржыландыратын жобалары бар ма?

– Германия үкіметінің бастамасымен жүзеге асырылатын жобалар өте көп. Мәселен, Қазақстанда тұратын ұлты неміс азаматтарға арналған жобалар. Неміс тілін үйренуге талпынатын, өзінің түп-тамырын білуге құштар азаматтарға мақсатын орындауға үлкен мүмкіндік бар. Кез келген қарым-қатынаста адамдардың қосатын үлесі салмақты. Сондықтан бір кездері Қазақстанда тұрған, қазір Германияда тұратын неміс ұлтының өкілдері арқылы екіжақты байланысты нығайтуға болады. Бұл өте үлкен әлеуетті күш. Оны тиімді пайдаланған жөн. Қазақстан мен Германия арасындағы шикізаттық келісімге адамдардың белсене атсалысқанын қалаймын.

– Қазақстан мен Германия арасындағы парламентаралық ынтымақтастыққа қандай баға бересіз?

– Қазақстан Республикасы Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева ханым жуырда Германияға жасаған іссапарының барысында мені Астанаға шақырған болатын. Осы шақырудың арқасында мен Қазақстанға екінші мәрте ат ізін салуға мүмкіндік алдым. Қазіргі кезде екі ел арасындағы көптеген саладағы ынтымақтастық пен серіктестік барынша жақсы дамып келеді. Оған парламентаралық байланысты да қосуға болады.

 «Украинадағы жағдай бейбіт шешілуі тиіс»

– Қазақстан Германия, Франция сияқты Еуропалық Одаққа мүше елдермен бірге Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуалдың реттелуіне мүдделі. Президент Назарбаев бұл мәселеде араағайын міндетін атқарып жүр. Сіздіңше, жағдайды түзеу үшін не істемек керек?

– Украина мен Ресей арасындағы даудың астарында өте үлкен қауіп жатыр. Оны тек бейбіт жолмен, қаруды қолданбай шешуге болады. Ол үшін басым бөлігі Меркель ханымның ұсынысымен түзілген Минск келісімінің әрбір тарау, әрбір тармағы мүлтіксіз орындалуы шарт. Өйткені аталған құжат бейбіт келісімге жетуде аса маңызды рөл атқарады. Осының арқасында бүгінде бірқатар жетістікке қол жеткізілгенін байқаймыз. Ауыр артеллерия аймақтан әкетіле бастады. Болашақта түбегейлі бейбітшілік орнасын десек, бұл түйткілді шешуге әлемдік қауымдастықтың белсене араласқаны жөн.

– Бундестагта адамдардың діни сенімі мен сезімін қорлайтын әрекеттерді қатаң жазалауды ұсындыңыз. Бұл ұсынысты әріптестеріңіздің көпшілігі қолдамады. Сіздіңше, не себепті?

– Бұл мәселені көтерген себебім, мен адамдардың діни сенім-нанымы қорғалуы керек деп есептеймін. Өйткені әрбір азаматтың діни сезімі мен сенімі адам құқықтарының маңызды тармақтарына жатады. Діни тақырыпта қандай да бір карикатуралар жариялау, діни сезімдерін аяққа таптау – жаңсақ қадам. Кейбір азаматтар Құдайға тіл тигізу, Пайғамбарды мазақтап, суретін салу киелі ұғымды қорлау деп есептейді. Осы орайда, мен азаматтарға, сондай-ақ, Германияға діни мәселелерде, азаматтардың діни сезімінде ұстамды болуды ұсынамын. Өкінішке қарай, менің 166 параграфқа өзгеріс енгізуге қатысты ұсынысымды Бундестагтағы әріптестерімнің көпшілігі қолдамады. Өйткені олар «діни сенімді қорлауға қатысты бап күшейтілсе, сөз бостандығы мен ой еркіндігіне қысым жасалады», – деген ұстанымда.

– Таулы Қарабахтағы қантөгіске Кеңестер Одағы кінәлі. Өкінішке қарай, Әзірбайжан мен Армения арасындағы жер дауы әлі шешімін тапқан жоқ. Сіз бір сөзіңізде Әзірбайжанның территориялық тұтастығын қолдайтындығыңызды айттыңыз. Сіздіңше, Таулы Қарабахқа қатысты түйіткіл қалай шешілуі керек?

– Берлинде Әзірбайжанның тәуелсіздік күнін атап өту шарасына қатыстым. Таулы Қарабахқа қатысты мәлімдемемді сол кеште жасаған едім. Германия – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы­ның Минск тобы бойынша мүшесі. Осы орайда, келіссөздер арқылы Таулы Қарабахтағы дауды бейбіт жолмен шешудің тиімді тәсілдерін қарастырып жатыр. Оның үш жолы бар: біріншісі, қарусыз, бейбіт жолмен келісімге келу; екіншісі, елдің территориялық тұтастығын сақтау; үшіншісі, халықтың қалауы бойынша таңдау жасауға құқық беру. Біздіңше, осы үш шартқа қол жеткізуге әбден болады. Тіпті, көздеген мақсатқа бастайтын жол қиындық пен кедергіге толы болса да.

– Таулы Қарабахтағы Ходжалы қыр­ғынының кесірінен жүздеген жазықсыз жан қырылды. Оңтүстік Осетия мен Абхазия халқы да саяси тартыстың құрбаны болды. Қырым мен Украина халқының жағдайы анау... Соңғы жылдары әлемдік саяси сахнада келісімге емес, қаруға жүгіну неліктен жиілеп кетті?

– Бұл кез келген саясаткер үшін ең қиын сұрақтардың бірі... Әлемде неліктен әлі күнге теңсіздік пен әділетсіздік бар? Меніңше, Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық ұйым Жер бетіндегі бейбітшілік пен адам құқықтарының және халықаралық құжаттардың сақталуына кепілдік беруі тиіс. БҰҰ-ға мүше елдердің барлығы өздеріне жүктелген міндеттер мен қойылған талаптарды үтір, нүктесіне дейін бұлжытпай орындауы тиіс. Олардың арасында мемлекеттердің тәуелсіздігі, елдердің өз қалауын еркін, яғни, еш кедергісіз анықтай алуы бар. Тек сонда ғана территориялық тұтастық, азаматтардың жеке басының қауіп­сіздігі, бейбітшіліктің сақталуы, әлеуметтік және рухани даму сияқты адами құндылықтар сақталады. Біз Еуропада жетпіс жылдан бері Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарын жою үшін белсенді түрде әрекет етіп келеміз. Осының арқасында соғыс пен қантөгіс болған жоқ. Бейбітшілікті сақтау үшін ұстанған бағытымыздан таймауымыз керек. Жүз жыл бұрын әлемнің әр түкпірінен соғыс өрті лап ете қалатын. Оны өшіруге емес, өршітуге мүдделілер көп болды. Ал қазір олай емес. Бейбітшіліктің арқасында Еуропа азаматтары еркіндікке қол жеткізді. Мәселен, Германия азаматтары еш кедергісіз Францияға саяхаттай алады. Шекараларда шектеу жоқ, Еуропалық Одаққа мүше елдердің әр азаматы қалаған елінде өмір сүріп, жұмыс істеуге қақылы.

 «Тілді экономика арқылы сақтау тиімді»

– Сіз «Неміс тілінің жанашыры» деп танылдыңыз. Қазір Қазақстанда мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар баршылық. Осы себепті, Назарбаев «2025 жылға дейін Қазақстан халқының 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгерсін» деп тапсырды. Сіздіңше, тілді сақтаудың тиімді жолы қандай?

– Меніңше, тілді сақтаудың тиімді жолдарының бірі – экономикалық тұрғыда қызығушылықты ояту. Германиядағы неміс тілін насихаттау шаралары өте жоғары деңгейде жүргізіледі. Біздің еліміз Еуропа бойынша өмір сүруге, жұмыс істеуге өте қолайлы. Сондықтан Испания, Италия, Ирландия, Польша, Грекиядан Германияға келетіндер көп. Оларға неміс тілін білу міндеттеледі. Осылайша, тілді насихаттау шаралары оңай жүзеге асырылады.

– Рейхстаг қабырғасындағы жазуларға қатысты ұсыны­сыңыздың соңы не болды? Оны Германия халқы қолдай ма?

– Мен Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған жазуларға қарсы емеспін. Керісінше, Бундестаг қабырғаларындағы орысша жазылған сөздердің неміс тіліндегі аудармасы қоса берілсе деймін. Осы мәселеге орай ең алғаш рет журналистер арасында сізге мәлімдеме жасап отырмын. Мұны Германиядағы журналистердің бірде бірі әзір білмейді. Жаңалығым, үстіміздегі жылдың мамырынан бас­тап Бундестаг қабырғаларындағы жазулардың немісше мағынасы қоса ілінетін болды.

– Вице-президент мырза, тым қысқа уақыт ішінде өткізілген бүгінгі сұхбатта көптеген мағыналы ой айттыңыз. Қазақстандағы сапа­рыңыздың сәтті аяқталуына және еліңіздегі істеріңіздің берекелі болуына тілектеспіз. Әңгімеңізге рахмет!

– Сұхбат алып, көңіл бөлгеніңіз үшін сізге рахмет айтамын. Келесі әңгімені Берлинде жалғастыруға шақырамын. Сіздерге де көп рахмет!

Әңгімелескен  Нәзия Жоямергенқызы

Серіктес жаңалықтары