815
Рухани жаңғыру - жаңа серпіліс
Рухани жаңғыру - жаңа серпіліс
Жуырда Ғылым Академиясының ғимаратында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Геосаяси зерттеулер институты бірлесіп, Қазақстан Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының әлеуметтік, мәдени аспектілері мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» тұжырымдамасына арналған «Жаһандану және ұлттық парадигма» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов халықаралық конференцияны құттықтау сөзімен ашты.
Негізгі баяндаманы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков пен Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Анатолий Косиченко жасады.
Т.Омарбеков өзінің «Ұлттық қалыптасу және жаһандану мәселесі» деп аталған баяндамасында Республика Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен жаһанданудың тарихына тоқтала отырып:
«...Жалпы, Үкімет «Мәдени мұра», содан кейін «Халық тарих толқынында» бағдарламасын жариялады. Біздің жаһандануға төтеп берер бірден-бір жолымыз – өзіміздің рухани мұраларымызды үздіксіз насихаттау. Сондай-ақ, оны халықаралық деңгейде насихаттап, дамыған елдерге мойындату. Ең бастысы, өз мемлекетіміздің ішінде осы рухани мұраларды, рухани мәдениетімізді насихаттауда ең алдыменен мемлекет тарихи сабақтастықты ұстану керек. Жаһандануда бірінші тұлға − адам. Екінші − қоғам. Үшінші − мемлекет. Мемлекет не істеуі керек? Адам мен қоғамға қамқорлық жасалуы керек. Біздің жазушылар мәдени мұраны, көп деректерді жинап, сұрыптап жинау керек дейді. «Мәдени мұра» бойынша бес мыңдай жәдігер жиналыпты. Ал сол қазір қайда? Сөйтсек ол Шығыстану институтының Әбусейітова басқаратын жер асты төлесінде жатыр екен. Оған ешкімді жібергісі жоқ. Біз – тарихшылар, соларды пайдалана алмай отырмыз. Сондай-ақ, неге мәдени мұра үш-ақ жылға созылуы керек? Ол неге он жылдай болмайды? Бұл өзі үлкен мәселе. Бізде тарихи сабақтастық жоқ. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы бойынша біздің институт жиырма кітаптан тұратын «Қазақ тарихын» шығарамыз деп жоспарлаған едік. Үш жылда мұны шығару мүмкін емес екен. Біз соның төрт кітабын ғана шығарып үлгердік. Сондай-ақ, төрт томнан тұратын «Көшпенділер тарихы» монографиясын шығардық. Сонымен «Халық тарих толқынында» бағдарламасымен бар-жоғы сегіз кітап қана жарық көрді. Содан кейін бағдарлама жабылып қалды. Сонда қалай, қазақ халқының тарихы үш жыл ғана зерттелуі керек пе? Оның сабақтастығы, жалғастыратын бағдарламалар қайда? Міне, осындай кемшілікке назар аудару керек. Осыны біздер, ғалымдар айтпағанда кім айтады? Енді Республика Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын негізге ала отырып, осы олқылықтардың орнын толтыруымыз керек», – деді.
Ресей журналисі, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы азаматтық қоғамды дамыту мен адам құқығы бойынша Кеңес мүшесі Максим Шевченко «Глобальные вызовы и национальные государства. Перспективы развития национальных государств и этносов» тақырыбында сөз сөйледі:
«...Сіздер ЛДПР партиясының төрағасы В.Жириновскийдің ұлт республикалары туралы не айтып жүргенін білесіздер. Бірақ оның сол пікір-пайымдары Ресей саясаткерлерінің ой-тұжырымдарымен үнемі қабыса бермейді. Солай бола тұра біз қазақ тарихы туралы ештеңе де білмейміз. Ал өз басым әдеби шығармалардан бұрын ақын Олжас Сүлейменовтің кітаптарын оқығаным бар. Сондай-ақ Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» оқыдым. «Көшпенділер» көркемсуретті фильмін де көрдім. Бұл – ұлтты тану үшін өте аз. Мен өз тілін, тарихын, мәдениетін қорғамаған халық жойылатыны сөзсіз деп білемін. Сіздердің жазу таңбасын латын қарпіне көшу туралы бастамаларыңызға ешқандай қарсы пікірім жоқ. Шынымды айтсам, бұл сіздердің өз қалауларыңыз. Сіздер өткен дәуірде араб қарпімен де жазып, оқыдыңыздар. Татар және башқұрт достарым латын қарпінде түркі елдерінің тілдері жұмсақ әрі таза естіледі деген еді. Мен бұл екі араны онша айыра білмеймін. Бұрын латын қарпімен жазылғандарды «пантуркизм» деп айыптаушы еді. Қазір жағдай басқаша. Маған латын қарпі не, кирилл қарпі не, бәрі бір. Қай-қайсысы болса да оқи беремін. Ал жаһандануға қарсы тұру үшін сіздер мен біздерге ең бастысы, білім керек дер едім. Біз сол үшін де күш салуымыз керек. Олай болмаған жағдайда жаһандану заманында ірі корпорацияның құралы болып қала береміз. Мен адамды адам ретінде бағалап, құрметтейтін бұрынғы кеңестік академиялық білім беретін мектептің ұстанымындағы адаммын. Кеңес өкіметінің мектептері орыс халқымен бірге түркі тілдес ұлттарға да білім берді, сол арқылы үлкен жетістіктерге жетті. Сол арқылы әлемді таныды. Енді, міне, уақыт келген соң түркі тілдес халықтар латын қарпіне көшіп жатыр. Бұл да қалыпты жағдай».
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Амангелді Айталы «Жаһандану және ұлттық мемлекет» тақырыбында сөз сөйледі:
«...Бүгін конференцияда қаралып отырған мәселе өте күрделі. Біз жаһандану үрдісінен құтыла алмаймыз. Жапондар: «Өз еліңде екі аяғыңмен нық тұрып, екі көзіңмен әлемді шолып, базардан керегіңді ал. Керек емесінен жирен» деген екен. Жақанданудың негізі осы болар деймін. Әрине ұлттық мемлекеттерге жаһанданудың қаупі жоқ емес, бар. Сондай мемлекеттердің біріне Қазақстан да жатады. Өйткені бізбен іргелес мемлекеттер секілді еліміздің экономикасы әзірге трансұлттық корпорациялардың ықпалында. Жаһандану үрдісін халықаралық ірі компаниялар өз мүдделері үшін жүргізе береді. Бұл тек Қазақстанға ғана қатысты емес. Әрине, бұл ұлттық мемлекеттердің қолайынан шыға бермейтінін жасырып қалуға да болмас. Тіптен қарсылары да бар. Қазір үлкен күрес пен тартыс жүріп жатыр. Жаһандану тек экономикаға ғана ықпал етіп қоймайды батыстағы алпауыт елдердің мәдениеті мен менталитетін де енгізу деген сөз. Бізге осы жағы аса қауіпті. «Жаман айтпай жақсы жоқ». Жаһанданумен бірге елімізде космополиттік ұстаным қалыптасуы да мүмкін. Мен Олжас Сүлейменовті өте қатты құрметтеймін. Ия, ол тек ақын ғана емес, үлкен ойшыл. Бірақ ол өзін әлемнің азаматымын деп санайды. «Олжаспен сұхбат» деген кітап шыққан. Оның сол сұхбатынан ұлттық мүддені бағалай бермейтіні байқалады. Қазаққа тағы бір қауіп, орыстанып кетуі. Орыс тілді ақпарат құралдарында саясаткер Иноземцевтің мақалалары жиі көрініп тұрады. Ол сол еңбектерінде Ресей мүддесін қорғай отырып, көрші тәуелсіз республикалардың ішкі істеріне араласуда. Оның бұл оғаш ойын біз де сезіп келеміз. Бұл қазақ қоғамына қауіпті. Франция неге бұрынғы отар елдерінің ішкі жұмыстарына араласпайды? Атап айтқанда, Камерун мен Самоли секілді елдердің. Олардың халқы француз тілінде өте жақсы сөйлей алады ғой. Осындай жағдайды Италияға да қатысты айтуға болады. Мен Францияға келіп, өнерін көрсететін шетелдік әншілердің кез келгеніне сахнасын беріп қоймайтынын білемін. Оларға қойған қатал лимиттері бар. Сондай-ақ олар шетелдің театр қойылымдары мен киноларына да қатал лимит қойған. Басқалар осы жағына келгенде оларды ұлтшыл деп санайды. Бірақ француздар оған пысқырып та қарап жатқан жоқ. Олар өз құндылықтары мен мүдделерін бәрінен де жоғары қояды. Ұлтты ұлт ететін тілі, діні, мәдениеті, салт-дәстүрі. Республика Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы дер кезінде жарияланып отыр. Енді осыны іс-жүзеге асыру керек».
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов «Мәдени жаңғыру – «Мәңгілік ел» кепілі» тақырыбында сөз сөйледі:
«Президенттің ақпарат құралдарында жарияланған «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласы біздің рухани өмірімізге үлкен бір серпіліс әкелді. Мақалада айтылғандарды өмір ақиқатына айналдыру үшін ғалымдар үлкен үлес қосады. Елбасы мұнда сананы жаңғыртудың басты бағыттарына да ерекше тоқталған. Соның басты бағыттары бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанаты, сананың ашықтығы деп көрсетеді. Сананың түрі мен мазмұны әр алуан. Қоғамдық сана, тарихи сана, саяси сана деп кете береді. Көп этносты, көп тілді Қазақстан жағдайында рухани жаңғырудың, әсіресе сана жаңғыруының негізі мен мазмұнын, күрделілігін қазақ халқының заманына сай қайта түлеуі қазақ ренасансын арманнан ашықтыққа айналдыруды меңзейді. Қайта өрлеуді Еуропа мен Американың, Азияның мен Африканың біраз елдері жүзеге асыра алды. Ендігі кезек қазақтікі. Барша қазақстандықтар қазақпен ғана көсегесі көгеретінін мойындайтын санамен өмір сүріп жүр. Бұл өте жоғары жауапкершілікті мойынына алған қазақ халқымен бірге болу деген сөз».
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің қытайтану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы «Жаһанданудың ұлттық мәдениет пен білім беруге сын қатерлері» атты тақырыпта өз ойын ортаға салды.
«Қазіргі уақытта әлемдік жаһандануды қолдайтындар да, қарсы тұратындар да бар. Оны қолдаушылар жаһандану бүкіл әлемде бұрын соңды болып көрмеген прогресті әкеледі деп үміттенеді. Ал оған қарсы шығушылар жаһандану дамушы мемлекеттерге кедейлікті, соғысты әкеледі, тіпті мәдени шыңырауға құалатады деп алаңдайды. Қорғаушылар үшін айтқанда жаһандану әлемдегі ең идеялды идеялогия болып көрінеді. Ал оған қарсы тұру бай мен кедей айырмашылығының ұлғаюын тежеу және ұлттық мәдени болымысты сақтау ретінде қарайды. Жаһандану күрделі процес. Ол әртүрлі кеңістікте және уақытта әртүрлі нәтиже береді. Сондықтан әрбір ел ұлттық идеологиясы негізінде өздерінің ұстанымдарын анықтайды. Біздің мемлекетіміз дамушы елдер санатындағы ел. Еліміздің саяси экономикалық және мәдени жүйелері нарықтық қатынас негізінде қалыптасқандықтан жаһанданудың жағымды және жағымсыз ықпалдарына бірдей ұшырауда. Әсіресе, жағымсыз жағы бізді қатты алаңдатады. Әрине, біз ғана емес кейбір дамыған елдердің өздері де жаһанданудың ұлттық мемлекетіне тигізген кері әсерін сезініп, одан қорғанудың шараларын қарастыруда. Мәдениет қауіпсіздігі дегеніміз мемлекеттік концептуалды формациялардың, мәдениеттердің өмір сүруі мен дамуының қауіпке ұшыраған жағдайы. Мемлекеттік немесе ұлттық мәдениеттің қауіпсіздігі елдің ішкі, сыртқы жағдайларының өзгеруіне байланысты үздіксіз диалектикалық және динамикалық құбылып отырады. Мәдениеттерге қауіп төндіретін деструктивті факторлар көбейіп, мемлекеттік концептуалды мәдениеттің өмір сүруі мен дамуы кері әсерге ұшыраған кезде мәдениетті қауіпті жағдайда тұр деп есептейді. Сондықтан динамикалық даму тұрғысынан стратегиялық мақсатта мемлекеттік немесе ұлттық мәдениеттің қауіпсіздігін қарастыру бізге өте қажет. Өйткені қазіргі жаһандану үдерісі адамзат мәдениетін бұрын-соңды болып көрмеген күшпен бір-бірімен араластырып, ықпалдастырып, қақтығыстырып жатқан жағдайда ұлттық мәденинтіміздің тағдырына, даму болашағына бас қатырмауға болмайды. Бұл Елбасын да қатты толғандырып отыр деп ойлаймын», – деді.
Геосаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Әбдірахман Ескендір «Жаһанданудың объективті және субъективті қырлары» тақырыбында сөз қозғады.
«Біз қазіргі жаһанданудың елесін бұрын Кеңес өкіметінен көргенбіз. Ол жаһанданудың кішкентай моделі болды. Бір тіл, бір мәдениет деп жетпіс жылдай өмір сүрдік қой. Ал әлемдік деңгейдегі бүгінгі жаһандану қазіргі Батыс Еуропа мен Америка жүргізіп отырған саясатың нәтижесі. Сексенінші жылдары жаһандану туралы Робертсон мақалалар жариялай бастады. Сол сексенінші жылдың соңында-ақ әлемдік әлеуметтік ғалымдар «Жаһандану мәдениеті» атты еңбек шығарды. Тоқсаныншы жылдың басында Кеңес өкіметі құлады. Енді әлемдік державаның біреуі ғана қалды. Жаһандану теориясы соған дейін қалыптасып қойған. Енді ашық жүргізе бастады. Жаһанданудың негізі неде? Ол «транснационалдық» корпорацияларда. Бүкіл билік, капитал қаржыға айналғаннан кейін ақша солардың қолында болатыны анық. Сол арқылы бәрін өздері басқарады. Өндіріс орындарына бұрынғыдай жұмысшылар аса көп керек емес. Жыл өткен сайын технологияның дамуы оларды қысқартуға алып баратыны анық. Бұл табиғи заңдылық.
Біз кеше ғана тәуелсіздік алған елміз. 25 жыл аз уақыт. Қазақ «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді. Біздің қазіргі зиялылар мен Алаш зиялыларының арасында ерекшеліктер бар. Алаш зиялыларының тарихи, діни негіздері бар еді. Бірақ оларда тәуелсіздік жоқ еді. Ал біз кеңестік кезеңнен шықтық. Ең бастысы қазір бізде тәуелсіздік бар. Елбасы не дейді. «Тәуелсіздікті жеңгеннен гөрі, тәуелсіздікті сақтау қиын» дейді. Біз тәуелсіздікті жеңдік, енді оны сақтауымыз керек. Сондықтан біз жан аянбай жұмыс істеуіміз керек».