Ауыл – ұлт мәдениетінің мәйегі

Ауыл – ұлт мәдениетінің мәйегі

Ауыл – ұлт мәдениетінің мәйегі
ашық дереккөзі
522

Алматы облысында іссапарда болған Елбасы орталықтардан шалғай жатқан аймақтарды дамытуға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінетінін, елдің келешегі саналатын жастарды ауылға тарту шаралары жүргізіліп жатқанын, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар түзілгенін айтты.

Алматы қаласы мен облысында іссапарда болған Елбасы Алматыдағы метроның «Сайран» жаңа стансасын аралап көрді, содан кейін метро вагонымен «Мәскеу» стансасына барды. Метро қызметкерлерін жаңа стансалар құрылысының аяқталуымен құттықтаған Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі ең ірі қалада жерүсті көлік ағынын сейілту үшін метрополитеннің маңызы зор екенін айтты: «Қазақстандағы метросы бар бірден-бір қала – Алматы. Метро құрылысының арқасында 1350 жаңа жұмыс орны ашылды. Метрополитен жұмысы, біріншіден, тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бір жарым миллион халық тұратын қаланың экологиясы жақсарады. Метроны күн сайын 24 мың адам пайдаланады. Жаңадан екі стансаның ашылуына байланысты олардың саны арта түседі. Жаңа стансаның бірі «Мәскеу» деп аталады, ал Мәскеуде «Алматы» стансасы бар. Осылайша елдеріміздің арасындағы достық байланыстар нығаюда». Кездесу кезінде: «Біз қаланың орталығы жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болуы үшін бәрін жасап жатырмыз. Қазақстан экономикасының 20 пайызы Алматының үлесіне тиеді. Қала қаржылық және мәдени орталық ретінде дами береді. 2017 жылы қысқы универсиада өтеді, сондай-ақ біз 2022 жылғы Олимпиадалық ойындарды өткізуге берілген өтінім бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осының бәрі Алматыны және тұтастай Қазақстанды бүкіл әлемде танымал етуге мүмкіндік беретін болады», – деген Елбасы Алматыны дамытуға мемлекет тарапынан ерекше жағдай жасалып жатқанына тоқталды.

Елбасы Алматы облысын­дағы іссапары кезінде Қара­сай ауданының 5 мыңнан аса тұр­ғынымен кездесті. «Қазақ­стандық­тардың еңбегінің арқасында біздің республикамыз тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде ғаламат табыстарға жетті, Тәуелсіздігін нығайтып, танымал әрі беделді елге айналды. Бүгінде біздің ынтымағымыздан өзге мемлекеттер үлгі алып жатыр. Мен үшін бүкіл Қазақстан алтын бесік саналады, баршамызға да солай болуға тиіс. Адам өзінің балалық шағы өткен жерді ешқашан ұмытпайды, Үшқоңыр – мен үшін осындай жер. Жетісудың саф ауасы мен салқын самалын басқа жерден табу қиын. Ғажайып табиғат, сүйікті тауларымыз жылдар өтсе де, бұрынғыдай керемет», – деп мәлімдеген Нұрсұлтан Әбішұлы ғылым мен өнердегі және басқа салалардағы көптеген көрнекті тұлғалардың ауылдан шыққанына тоқталды: «Ауыл – халық руханиятының діңгегі, мәдениетінің мәйегі, елдігінің бастауы, дәстүрінің қайнар көзі. Қарасай жері ежелден көпэтникалық мәдениетімен белгілі, мұнда түрлі халықтар мен этностардың өкілдері өмір сүріп келеді. Олар бізге әкелеріміз арқылы берілген бірліктің, татулық пен келісімнің рухын сақтады».

Мемлекеттің өңірлерді дамыту жөніндегі жүйелі саясатының нәтижесін бүкіл елден көруге болатынын айтқан Президент: «Мен бұл өлкенің қалай гүлденіп келе жатқанын ұдайы назарымда ұстаймын және шын қуанамын. Былтыр Алматы облысында 20 мың жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша өңірде құны 283 миллиард теңге болатын 48 жоба жүзеге асырылды. Соңғы екі жылда жолдарды қалпына келтіруге бір миллиард теңгеден бөлінді. «Орталық – Оңтүстік» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральдерінің осы өңірдегі учаскелерінің құрылысына 50 мыңнан астам адам қатысатын болады. Былтыр облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынды», – деді.

05 20.04.05

Әсіресе, Алматы облысының әлеу­меттік ахуалы жақсарғанын ерекше атаған Нұрсұлтан Назарбаев халықты баспанамен қамту мәселесінде де Қарасай ауданы алда тұрғанын айтты: «Былтыр өңірде 720 мың шаршы метр баспана салынды. Соның жартысына жуығы – Қарасай ауданында. Қаскелең қаласындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде ғана үш мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлады».

Кездесу барысында Елбасы бір кездері арасы шалғай болған Алматы мен Қаскелең бүгінде қосылып кеткеніне назар аударды: «Алматы сияқты аса ірі қаланың жақын орналасуы ауданның дамуына оң ықпал етеді. Қарасай ауданында бүкіл облыс өнімдерінің үштен бірі өндіріледі, мұнда 20 шақты ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы ауданда дәрігерлік амбулатория, 4 мектеп және бір балабақша пайдалануға берілді».

Бір үзім нанын маңдай терімен табатын еңбекқор жандарды қолдау мақсатында арнайы марапат тағайындалған. Осы орайда «Еңбек Адамы» арнайы ордені тағайындалды. «Біз бәріміз өз еңбегімізді және осы жылдары Қазақстанымызды соншалықты биікке көтере алғанымызды мақтан ете аламыз. Енді жаңа асуларды алуға тиіспіз. Сондықтан мен «Нұрлы жол» бағдарламасы мен халықтық бес реформаны ұсындым. Осы бағдарламалар арқасында біз үздік жетістіктерге жетеміз, ал әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына қосылу ниетіміз лайықты мақсатқа айналады», – деді Елбасы.

Серіктес жаңалықтары