1651
Көргенiм өзбек киносы
Көргенiм өзбек киносы
«Теңгедей өзiң болғанмен, теңiздей көрiп тамсанам» деп тебiренiптi Саршолақ шайыр өзi туған Шалқар өңiрiндегi шағын ғана Жомарт көлi туралы. Сол айтқандай қазақ киносы туралы зәуде бiр жылы сөз ести қалсақ жүректегi азды-көптi тоң жiбiп, көңіліміз көл-көсір бола жаздап, жадыраңқы бiр күйге түсетiнiмiздi несiне жасырайық. Неге бұлай екенін түсiндiру үшiн қазақ киносын көршi өзбек елінiң кешелі-бүгiнгi киносымен салыстырудан әрi аттамай-ақ қойсақ та болатын сияқты.
Иә, әнебір жылы Сарыағашта болдым. Бiр аңғарғаным, жергiлiктi қазақтар өзбек мәдениетiн қатты құрметтейдi екен. Олар ала тақиялы ағайындардың жұрт аузына iлiккен өнерпаздарының (актер, әртістерiнiң) қай-қайсысын да түстеп танып, қай кинода, қандай рөлде ойнағанына шейiн майын тамызып әңгiмелеп отырғанын көргенде, әрi қызықтым, әрi қызғандым. Қазақтың бәсекешiлдiгi шығар, әйтеуiр мұнда қалталы қазақтар қыз ұзатып, келiн түсiрсе, тойға Ташкенттен әртiс, киноактерлер шақыру да үрдiске айналған. Өзбек әшулә (өлең) айта бастаса болды, қазақтың жiгiт-желең, қыз-қырқындарынан бастап жасамыстарына дейiн ұршықтай үйiрiлiп, билей жөнеледi. Жергiлiктi қазақтардың ауызекi сөйлеу үрдiстерiнде өзбек ырғағы (интонациясы) басым екенiн бұрын да аңғаратынмын. Сондай-ақ, олар «Өзбекфильм» киностудиясы шығарған үлкендi-кiшiлi фильмдерге әуес. Әуес деген бергi жақтағы сөз, алда-жалда өзбек киносы басталса, iшкен асын жерге қояды. Несіне жасырайын, сондайда қазіргі қазақ телесериалдарын көргенде «біз қашан кино түсіруді үйренер екенбіз» деп өзіме-өзім налып, жершұқылағаным еске түседі.
Бұлар неге сонша құмартады екен деп, DVD дискiде сатылса, бiр-екi киносын өзiммен бірге ала барған ноутбук арқылы тамашалағым келдi. Сатылады екен. Сатылмақ түгiлi кез келген жерде қаптап тұр. Арзан. Он-он екi кино жазылған бiр дискi 4500-5000 өзбек сомының төңiрегiнде. Қазақ пұлына шаққанда айналасы 450-500-ақ теңге. Ал содан көре бастайын. Алғашында тiлiн толық түсiне алмай бiраз қиналдым. Қайта көрдiм. Қайта тамашаладым. Бiр-екi күннен соң өзбекшені де үйреніп алдым. Ден қоя білсең, қазақшадан айырмашылығы да аз екен. Сол баяғы дүңгiршекке қайта барып, «тағы қандай киноларың бар?» деп сұрадым. Сатушы қыз күледi. «Аға, бәрiмiз де осылай әсте-әсте «өзбек» болғанбыз»,– деп қояды.
Өнерден азды-көптi хабарым бар. Бiз көрген «Фатима мен Зухра», «Ойын», «Сүйiнiш», «Бақыт үшiн миллион», «Егiздер», «Жалғыз», «Жұлдызсыз аспан» секiлдi кинолары көрермендi қарапайым адамгершiлiк қағидаларын қарапайым ғана көрiнiстермен жалпыға ұғынықты етiп насихаттау арқылы баурап алады екен. Абай айтпақшы, «Мұнда жоқ алтын иек, сары-ала қыз». Бәрi өзбек халқының өмiрiнен, ұлттық дәстүр-салтынан алынған кәдiмгi таныс жәйттер. Сөйте тұра, ешкiмдi жалықтырмайды, тiптi тартымды дерлiктей дүниелер. Әлбетте, арзан күлкi, жасанды жылауық көрiнiстер де баршылық. Әйтсе де көрермендерiне, әсiресе, әзіл, қалжыңқұмар өзбектердiң өздерiне қатты ұнайтыны көрiнiп-ақ тұр. Бұл жердегi мақсатымыз өзбек өнерiн, өзбек киносын насихаттау емес. Айтпағымыз, қазақ киносы әлемдi бағындыра бастады деп жарыла жаздайтын «Қазақфильм» басшылары осыған қалай қарайды екен? Шынында да, кино саласында солар айтқандай «Әлемдi бағындыра бастаған» қандай-қандай дүниелерiмiз бар? Олар өзбек киносы бiздiң базарларды жаулап алғанын бiле ме екен?
Ақиқатын айтсақ, адам санасына кiтапқа қарағанда мәдениет пен өнердiң музыка, кино сияқты салалары тiкелей, жедел әсер ететiнi рас. Ал құлағы өзбек музыкасын, өзбек әуезiн тыңдауға, көзi өзбек киносын тамашалауға дағдыланып кеткен оңтүстiктiң қазақтарына өзбекке бүйрегiң бұрады, өзбекше араластырып сөйлейсiңдер, дастарқандарың өзбекше жайылады деп ренжу де орынсыз. Яғни, бұл жақта өзбектiң ұлттық идеологиясының нышандары басым.
Өзбектер 25 жылдан берi қазақтардай өйтеміз де бүйтеміз деп күмпiлдеген жоқ, олардың киногерлерi де өз ұлты үшiн, дәстүр-салтының мерейi үстем тұруы үшiн қызмет етумен келедi. Сондықтан да олар өз тілінде-ақ тәуелсiз ұлттық өнер жасап келедi. Ташкентте орыстардың өзі өзбекше сөйлейді. Бiз ше? Жер-жаһанға жар салған «Көшпендiлерiмiз» анандай болды. Сөйте тұра, «керемет жасадық, бұл фильм әлемдiк прокатқа шығатын болды» деп атақты актеріміз жарияға жар салды. Газеттiң бiрнеше нөмiрiне құлаш-құлаш мақала жазды. Тiптi, фильмнiң әнебiр тұсын пәленшекемнiң айтуымен түсiрдiк деп мақтанғанын да көрдiк. Әрине, «Көшпендiлерге» деп бөлiнген де алынған мол ақша түгелдей кемталап режиссураның жемтiгiне айналды дегендердің сөзіне құлақ асқан жан болмады. Тек, осы фильмде «Жұлдыз туды» деген ұранды сөздi естiгенде тiксiнiп қалғаным рас. Өйткені бұл Таураттан алынған сөз сияқты. Бүкiл фильмнен осы күнi қазақ арасындағы Ислам дiнiне, мұсылманшылыққа iрiткi салмақшы болып жүрген тәңiршiлдiк наным-сенімнің (тенгризм) иiсi аңқып тұр. Осы «Көшпенділер» фильмі аяқталғанша одан домбыраның дың еткен бiр дұрыс даусын естiмедiк.
Ал 16-17 жас аралығындағы мың баладан қол жиып, ел қорғаған, 93 жасында қайтыс болған әрі би, әрі батыр Сартай туралы «Жау жүрек мың бала» фильмінде оны 16 жасында өлтіргеніміз былай тұрсын, одан екіқабат болып қалған қызды ойлап тауып, оған шаңырақ көтертіп масқара болдық. Біріншіден, Сартай батыр туралы мұрағаттарда дерек көп. Ол деректер фильмге пайдаланылмай далада қалды. Екіншіден, қазақ ешуақытта киіз үй тігерде шаңырақты әйел жыныстыға көтертпейді. Олар тек уық қадайды. Ал 16-ға толар толмас қыздың оң жақта отырып екіқабат боп қалуы о заманда адам естімеген уақиға. Бұны қай фильмге не үшін енгізгенін қайдам...Сонымен…
Сонымен, егер «Көшпендiлерге» немесе «Жау жүрек мың балаға» бұйырған қыруар қаржының ширегi ғана өзбек не қырғыз киношыларының қолына түссе, қандай ғажап дүниелер, ұлттық дүниелер жасар едi деп күйінемін iштей. Иә, олардың қолын жоқшылық қысып отыр. Жасаған Иемiз қазақ жерiне осынша байлық пен бақ берген екен. Соның қадiрiн білмей, киноны бүгінгі ұрпағымыз ұмытып бара жатқан ұлттық сананы оятуға жұмсамай, ақша десе ит көрген ешкiкөзденiп шыға келетiн дертке душар болдық. Сондықтан, ендігәрі бiрден аспандағы Айды аламын деп, Голливуд боламыз деп шалабымызды шайқамай-ақ, көршiлес бауырларымызға күлкi болмай-ақ әуелi өзiмiздiң топырағымыздағы бүгiнгi проблемаларды, ұлттық мәселелерiмiздi, ұлттық тілімізді, ұлттық тәрбиемізді сөз ететiн, ойландыратын әрi қарапайым, әрi арзан, ұғынықты да тартымды дүниелерден бастауымыз керек шығар? Әттең, бұл орайда да «Қазақфильм» киностудиясын ұлттық дәстүрдi, ұлттық сананы жете бiлетiн, әрi бiлiмдi, әрi таза қазақы намысы, ұлттық намысы бар азамат басқармай iстiң iлгерi басуы…Әй,қайдам?..
Айтпақшы, сол «Көшпендiлердi» әлгiндей етіп түсiргендердiң әрқайсысы миллиондаған қаржыны қайда шашқанына жауап берудің орнына қазiр әр терiнiң пұшпағын илеп жүр. Соны түсiне алмаған жұрт әлі күнге үндеген жоқ. Баяғыда өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын партия һәм кеңес қызметiнiң ортақолдау қызметкерi бiр-ақ күнде Мәдениет министрi болып шыға келгенде жұрт осылай үнсiз қалған. Айтпақшы, ХV ғасырдағы басты кейіпкерлері осы күнгі қазақтардың сөйлеу стилімен сөйлейтін «Қазақ хандығы» фильміндегі өрескелдіктер туралы әлі ешкім жұмған аузын ашпай отыр. Неге?
Алматыға осындай әрi-сәрi оймен қайтқан басым келе сала кино туралы әртүрлi басылымдарды қарайтын «ауру» тауып алдым. Сондағы ойым – бәлкiм, қателесетiн шығармын, мүмкiн менiң бiлгенiм қырықтың бiрi ғана шығар деген күдiк қой, баяғы. Бiрақ, аса қателесе қоймаған секiлдiмiн. Мұның бәрi бұрыс болса, төрелiгiн жұрт айтсын! Жұрт не дер екен?
Мырзан КЕНЖЕБАЙ,
ақын, ҚР Мәдениет қайраткері