Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Тарихтың сабағын ұмытпауымыз керек

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Тарихтың сабағын ұмытпауымыз керек

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Тарихтың сабағын ұмытпауымыз керек
ашық дереккөзі
360
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысы, Ақмол ауылындағы «АЛЖИР» музейіне барып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етті. Мұражай кешенінде Елбасы ескерткіш тақтаға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылы 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген болатын. Содан бергі 20 жыл уақыт ішінде бұл күні жазықсыз қуғынға ұшырағандарды еске алып, олардың рухына тағзым ету дәстүрге айналды. Іс-шараға саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының туыстары мен жақындары да қатысып, Елбасымен әңгімелесті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «АЛЖИР» музейіндегі еске алу жиынында бұл күннің Қазақстан тарихында айрықша күн екенін атап өтті. «31 мамырда біз саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске аламыз. Репрессия барлық КСРО аумағында өтті. Қазақстанға келетін болсақ, мұнда 103 мың адам сотталып, 25 мыңы атылды. Қазақ зиялыларының қаймағы, ел басшылары түп-тамырымен жойылды. Олар барша Қазақстан бойынша салынған 11 лагерьдің қабырғасында ауыр азаптардан көз жұмды. Онда миллионнан астам адам тұтқында болды. КСРО аумағынан 1,5 миллионнан астам адам Солтүстік Кавказдан, Кореядан, Балтық елдерінен, Украинадан, Ресейден Қазақстанға жер аударылды. Осылайша, біз көпұлтты елге айналдық. Олардың барлығына Қазақстан туған үйге айналды, қазақтар құшақ жая қарсы алды. Содан бері басымыз бірлікте, татулықта қосылған бір xалыққа айналдық. Сондықтан бұл оқиғаны xалқымыз әрдайым жадында ұстауы тиіс», – деді Президент. Ақмол ауылында орналасқан «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені 2007 жылдың 31 мамырында Елбасының Жарлығымен ашылды. Мұнда бұрын қуғынға ұшырағандардың әйелдері орналасқан Ақмола лагері болған еді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Саяси қайраткерлермен бірге олардың әйелдері мен балаларын да репрессиялады. АЛЖИР-де қолдарында кішкентай сәбилері бар әйелдер отырды. Кейбір балалар осында дүние есігін ашты. Осындай қатыгездік болды. Аталмыш музей аз да болса, соның бір  бөлшегін көрсетеді», – деп атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті саяси қуғын-сүргіннің төңкерістен кейін болғанын тілге тиек етті. «Бірде-бір революция адамға, мемлекетке жақсылық әкелмеген. Соңғы жылдары орын алған революциялар мемлекетті шайқалтып, xалықтары 10-15 жылға береке таппай тентіреді, терроризм, кісі өлтіру, бандитизм өршіді. Сондықтан бізге эволюциялық даму қажет. Сол кезде ғана алға жылжимыз. Тариxтың сабағын ұмытпауымыз керек», – деді Мемлекет басшысы. Сөз соңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы ауыр кезеңде Қазақстан ондаған этнос үшін туған мекеніндей болғанын, көптеген қиындықты бастан өткерген олар бүгінде біртұтас халыққа айналғанын атап өтті. «Халқымыз осы қайғылы оқиғаларды есте сақтауға тиіс. Мұндай қасірет қайталанбас үшін оны болашақ ұрпақ білуі керек. Бүгінде біз құқықтық жаңа мемлекет құрдық. Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалған. Біздің елде саяси қудалауға орын жоқ. Біз эволюциялық даму жолын таңдадық», – деп қорытындылады сөзін Елбасы.

Серіктес жаңалықтары