570
Тұтас ұрпақтан қалай айырылдық?
Тұтас ұрпақтан қалай айырылдық?
Ұлан-байтақ даланы емін-еркін мекен еткен ата-бабаларымыздың басынан небір қилы кезеңдер өткендігінен ақбас тарих сыр шертеді. Ен даланы еркін меңгеріп, ақылдың бірлігі, найзаның ұшымен елін, жерін қорғап, Отан үшін өліспей беріспеген бабалар ерлігі ұрпаққа алтын әріппен жазылған өшпес ерлік қағидасы. Төл тарихымыздағы батырлық рухты түсіну үшін тарих тұңғиығына бойлай білу де керек. Түйіндеп айтқанда, ұрпақтың Отан тарихына деген азаматтық көзқарасы, тарихи санасы биік болуы қажет. Отан тарихына деген азаматтық көзқарас отаршылар «бұйырған» көзқараспен емес, халқының жанын түсініп, елдік санамен қаруланудан өріс алады. Әлі күнге дейін арамыздағы ұлттық санаға қолы жетпегендер төл тарихымыздағы тарихи тұлғаларға, тарихи оқиғаларға кертартпа баға беріп жатады. Бұның өзі ұлттық сананың ала-құла екендігінің айғағы. Ұлттық рухтың төменшіктеген, ұлттық сананың кемшін тұстары патшалық, одан қалды кеңестік биліктің жат ниеттегі саясатының салдары.
Ұлттық сананың биіктігі, ұлттық рухтың өрлігі жұрт болып жұмылғанда орындалатын дүние. Таза ниеттегі неке, құндылықты бетке ұстаған отбасы, білік пен біліммен халыққа қажетін беретін түрлі деңгейдегі білім ордалары («оқығаны халыққа жақын болуы тиіс» деген ұстаныммен білім беру ісі), халқының жанын ақылмен ұғынып, керегін білетін билік, Ғұмар Қараш данаша айтқанда елі үшін жанын беретін зиялылар ұлттық рухтың күре тамыры. Отаршыл саясат осы айтылған күре тамырға балта шапты. Алайда күре тамырды түбегейлі қопарып, жұлып тастауға шамасы жетпеді. Оның себебі рухани тәрбие қуатының күштілігінде болса керек-ті. Өйткені өткен ғасыр басында ұлтын сүйген нағыз зиялылар билікте болып, адал, халқына жанашыр тұлғалар Алаш партиясына қабылданып, нағыз зиялылар ел басқарып, кітап жазып, шәкірт тәрбиелеп, мәңгі өлмес істерді атқарған еді. Тарих өрісіндегі тұлғалардың рухани сұхбаттастығы, елге тегіс жайылған түзу тәрбие арқасында қазақ рухынан ажырамадық. Отбасында есін білгеннен баланы «ұят болады» деген тәрбиемен жетілдіру де елдік сананы көрсетеді.
1920-1930 жылдардағы саяси қуғын сүргін зобалаңы халқының етек-жеңін жинап, өзгелерден кем болмауы үшін өмір сүрген ұлтын сүйген зиялыларды, түрлі әлеуметтік топтарды түгелдей дерлік қамтыды. Кеңестік билік патшалық Ресейдің отаршыл саясатын жалғастырды. Патшалық Ресейдің отаршыл саясаты дәстүрлі әлеуметтік құрылымды күйретіп, халықты ханынан ажыратып, билерін төрелік етуден шеттетіп, жерін тарылтып (халық арасында таралған «неге жерің тарылып отыр?» деп айтылатын мәтел де содан шықса керект), ұрпағының болашағын ойлап, азаттық жолында соғысқан ерлерді қырып-жойған саясатымен халықты қорқытып, далада емін-еркін тазалықпен өскен, аңғал қазақты бір-біріне айдап салып, тіпті мұсылманшылық тұтқасынан ажыратуға ұмтылғандығы ешкімге құпия емес. Сұлтанмахмұт Торайғырұлы данагөй ХVІІІ-ХІХ ғғ., ХХ ғасырдың басындағы ахуалды жырмен былайша жеткізген еді: «Бұқар тұсы қазақтың бүлінгені, Күн батыстан суық жау көрінгені... Абай тұсы халықтың бұзылғаны, қаралыққа айналып қызыл қаны... «Маса» тұсы елдігін қазақ жойған, Ұмытқан, елдік деген сөзді қойған. Мал секілді үрку мен қорқу болған, кезінде жат пышағы жанын сойған. Бәрі де бақырайып кезек күткен, Артық болмай соғымға сойған қойдан. Бір-бірін мұқатуға жатқа шапқан, Кейбірі өсек айтып тамақ тапқан...», – дей келе, жеріне елдігіне, дініне талай тұзақ, қақпанның құрылғандығын жырлайды. Міне, замана шындығын ғылыми талдау дегеніміз де осы. Талдап қана қоймай, халыққа жақын жыр тілімен түсіндіріп кеткен. Даналық деген осы.
Қызылдар билігі халыққа орны толмас қасірет әкелді. Байларды жойып, қолдан ашаршылық ұйымдастырып, жаппай саяси қуғын-сүргінді ұйымдастырды. Кешірілмес қылмыстарын қазақ халқының «менталитетіне» таңуға тырысты. Ауыр қылмыстарын жасыруға тырысқан қызылдар билігі тарихи фактілерді бұрмалап, ұзақ жылдар бойы тарих шындығын жасырды. Зиялыларымызды «Халық жауы» деп, халқымызды «Жалқаулықтан аштан қырылды» деген сынды жалған пікірлермен қаралады. «Репрессия кезінде қазақ бірін бірі ұстатқан» сынды жалған пікірлерді кейбір жекелеген адамдардың ара-тұра айтып қалатыны да тым өкінішті. Егер де, саяси қуғын-сүргін жүйесі орнықпаса жат қылықтар бас көтерер ме еді? Міне, тоталитарлық тәртіптің адам санасына орнықтырған құлдық психологиясы. Өзін сыйламай, өзгені құрметтеуге ұмтылу құлдық психологияның айқын көрініс. Өзін сыйлаған адам өзгелерді де сыйлай біледі. Осы тұста өтірік айту, өсек айту, парақорлық секілді адамдыққа жат қылықтардың ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастып тамырланғандығын да айта кетуіміз керек.
Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарында ұлтты рухынан, тұлғаны ұлтынан, отбасын қоғамнан, әйелді күйеуінен, баланы ата-анадан, адамдарды бір-бірінен өгейлендіру шаралары әбден ойластырылып жүргізілді. Өзге ұлттарды бағындырудың неше түрлі айла-әдістерін шебер меңгерген жат саясат ұлттық болмыстың өзегі болған зиялыларымызды түбегейлі жоюға, отбасы құндылығын бұзуға күш салды. Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиев тұжырымдағандай: «Біз бір нәрсені анық түсінгеніміз жөн. Саяси репрессия тарихы – бұл жас ұрпақты отансүйгіштік, мемлекетшілдік рухта тәрбиелеуге тікелей қатысы бар тақырып. ...Билікті сталиндік басқарушы топтың курсымен келіспеген саяси «элементтерден» (сталиндік емес) «тазарту» шаралары оларды басқа ұстанымдағы, яғни жастау, білімдірек, саяси және идеологиялық тұрғыдан айтқанға көнгіш элитамен ауыстырумен аяқталды. «Әлеуметтік тұрғыдан зиянды» бай-кулактарды жою шаралары қоғамды экономикалық және кәсіпкерлік белсенділігі жоғары тұлғалардан айырды, ал үзіліссіз жүргізілген «ұлтшылдармен» күрес науқандары ұлтсыздануға, ұлттық нигилизмге жол ашты».
Тарихи фактілер кеңестік реформалардың саяси қуғын-сүргінге ұласқандығын айғақтайды. 1920-1930 жылдардағы кеңестер билігінің ауыр қылмысы яғни азамат соғысы, байларды тәркілеу, жаппай ұжымдастыру, 1931–33 жылдардағы ашаршылық, 1937–38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін салдарынан қазақ халқы 2 есеге азайған. 1879 жылғы санақта қазақтар 5 млн болса, 1939 жылғы халық санағында қазақтар 2 млн 300 мың болды.
Белгілі демограф-ғалым М. Тәтімовтің «1931–1933 жж. ашаршылық кезінде Қазақстанда өмір сүрген 2,5 млн адамның, соның ішінде 2,3 млн қазақтардың және 200 мың сырттан келгендердің қайтыс болғаны анықталды. Отырықшы келімсектер арасында аштықтан өлгендер 10 пайызға жетсе, көшпенді қазақтар арасында бұл көрсеткіш 52-53 пайыздан асып кеткен. Осыдан 17-18 пайыз жергілікті тұрғындар Қазақстаннан біржола көшіп кеткен» – деген мәлімет қалдырған еді (Тәтімов М. «Қазақ әлемі (Қазақтың саны қанша?) – Алматы: Атамұра, 1993.– 160 б.). Тарихшы ғалым Ханкелді Әбжанов: «Қазақстандағы ашаршылық архитекторы – Кремльдің қолшоқпары Ф.И. Голощекин. Əккі де айлакер, адуынды да оспадар бірінші басшы Қазақстанды осында келген соң ғана таныды. Қазақ халқын ешқашан қадірлеген емес, Сталиннің қазақтарға қырын қарайтынын айтпай-ақ білгендіктен келе-сала қолға алған істерінің бірі – Алаш зиялыларын қудалау болса, екіншісі – ауылдың дəстүрлі экономикалық, тұрмыстық, əлеуметтік, рухани іргетасы мен құндылықтарын шайқауға, үшіншісі – қазақты қазаққа айдап салуға сайды» – деп жазып, ашаршылықтың қолдан ұйымдастырылғанын тұжырымдаған еді.
Жоғарыдан қарқынды деңгейде жүргізілген репрессиялық шаралар қоғам өмірінің барлық саласын қамтыды. Кеңестік саясат ұлтжанды азаматтарды, тіпті қарапайым адамдарды да «халық жауы» ретінде ату жазасына кесіп немесе еңбекпен түзету лагерлеріне айдағанда, олардың отбасы мүшелері, туған-туыс, көрші, таныстарына дейін қудалауға ұшыратты. Жазығы жоқ, өмірдің қатыгездігінен бейхабар сәбилер «ата-анасы үшін» Ішкі Істер Халық Комиссариаты жетімектеріне айналып, «Кеңес өкіметінің балалары» ретінде «қайта тәрбиеленді». Осылайша ұлттың тұтастығы мен елдің бірлігіне сызат түсіп, ұлттың ерік-жігері әлсіреді. Тұтас ұрпақтан айрылдық. Отбасы институтын бүлдіру саясатының түпкі мақсаты да осы еді. Нәтижесінде, бұрын-соңды болып көрмеген, әкесіне баласын қарсы қою, туған анасынан бас тарту секілді адамдыққа жат құбылыстар туындады. Мұрағаттардағы шаң басып, сарғайып жатқан құжаттардағы «контрреволюциялық іс-әрекеті» немесе «үгіт-насихаты» үшін сотталған аналар тағдыры, ата-анасынан тірідей айырылып, балалар үйінде «тәрбиеленген» сәбилер өмірі қызылдар билігінің ауыр қылмысының айғағы. Сол жылдары адамды шыққан әлеуметтік тегіне қарап соттау үрдіске айналып, нәтижесінде тегі үшін ұялатын ұрпақ тәрбиеленді. Оның қазіргі зардабы атасы үшін орынсыз мақтанатын жайттардың кездесуі десек қателеспеген болар едік.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құқық қорғау органдарының қолымен жасалды. Кеңес мемлекетінің заңдары 1920 жылдан бастап-ақ тоталитарлық жүйенің орнауына жол көрсетті. Кеңестік құқық «биліктен айрылған қанаушы таптарға» қарсы бағытымен ерекшеленді. Қазақта тап күресі жоқтығын айтып шырылдаған Жүсіпбек Аймауытұлы сынды ұлтын сүйгендер атылды. Кеңестік тоталитарлық тәртіп халықты идеологиялық өңдеуде өзіне ыңғайлы жүйе құрып, өзіне жат келетін күштерді жою жолдарын жетілдірді. КСРО Юстиция Халық Комиссариаты ҚазКСР Юстиция Халық Комиссариатынан саяси қуғын-сүргін шараларына байланысты қылмыс пен соттау ісінің қорытындысын әрдайым сұратып әрі арнайы бақылап отырған (Статические отчеты НКЮ КазССР // ҚРОММ. 1380-қ.; 2-т., 581-іс. -10-28 п.). Осыған орай ақпараттық-статистика бөлімінің есептері жүйелі түрде жоғарыға жіберілетін болған. Жоспарды орындауға деген ұмтылыстың салдарынан қылмыскерлер саны күрт өскен. Себебі қылмыс пен соттау ісі туралы ақпарат болмаған жағдайда, аталмыш орган қызметкерлеріне, «кеңес өкіметіне самарқау қызмет көрсетуде» деген жала жабылып, олардың өздері де қуғын-сүргінге ұшырайтын еді.
Кеңес өкіметі құрылған күннен бастап өз саясатын қуғын-сүргін шараларымен бастады. 1918 жылы 21 ақпанда РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Социалистік Отанға қауіп төнуде» деген лениндік декретті қабылдады. Оның 8-бөлімінде «Алыпсатарлар, шпиондар, бұзақылар, контрреволюциялық насихатшылар қылмыс үстінде ұсталса атылады» деген жолдар жазылды. В.И.Лениннің өзі «...барлық жерді уақыт жібермей тексеріңдер, жаппай тергеу жүргізіңдер. Қару сақтағаны үшін ату жазасына кесіңдер» деген бұйрықтың бастаушысы болды. Ал 1919 жылы 14 қарашада Халық Комиссарлар Кеңесі «О рабочих дисциплинарных товарищеских судах» деген декретінде, – еңбек тәртібін бұзушы мен себепсіз норманы орындамағандарды 6 айға дейінгі мерзімде еңбекпен түзету лагерьлеріне қамауды ұсынады. Осылайша саяси қуғын-сүргін өтпелі кезеңдегі шаруашылық механизімінің ажырамас бөлігіне айналды.
1920 жылдан бастап ВЧК-ГПУ-НКВД халық арасынан «кеңестерге қарсы мәліметтерді» жүйелі түрде жинаған. Жак Россидің айтуынша 1920 жылдың басынан бастап-ақ «контрреволюциялық» немесе «кеңестерге қарсы» іс-әрекеті үшін айыпталғандарға 6 айдан жоғары мерзіммен бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, ал 1930-жылы РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 бабымен 10 жылға сотталғандар саны миллионға жетіп, ГУЛАГ халқының 25 процентін құраған. Ал 1930-жылдан бастап өлім жазасына кесілгендер туралы ақпарат мемлекеттік құпияға айналады.
1928-1931 жылдар аралығында жалған айып пен жала жабу әдісі күшейді және айыпкерді мойындатудың «әдіс-тәсілдері» жетілдіріліп, ОГПУ-дің қолында peпpeccияны жүpгізyдің даяр механизмі болды. Осы механизм 1930 жылдардың ортасында толықтай күшіне енеді. Нәтижесінде саяси қуғын-сүргін жалпылама бағыт алады. Сот-тергеу органдарының жазалаушы қызметі саяси-шаруашылық науқандар барысында қарқынды деңгейде болған. Астық, ет дайындау, бай-кулакты тап ретінде жою, социалистік меншікті қорғау науқандары кезінде жоспарды орындай алмаған халыққа қарсы қолданылған күштеу, зорлық-зомбылық шаралары өте көлемді. Науқандар тұсында азаматтар үстінен қозғалған қылмыстық істердің бірсыпырасының заңсыздығы туралы сол жылдардың өзінде-ақ айтылғандығын мұрағат құжаттары дәлелдейді. Мәселен, «…1928 жылы сотталған шаруалар өз өнімдерін сатпаған және алыпсатарлықпен айналыспаған. Олардың көпшілігінде астықты сату үшін ауылдық кеңестен алынған рұқсат қағаз болған. Астықты мұқтаждықтары бойынша сатқан. Бірақ олардың үстінен заңсыз негізде қылмыстық іс қозғалған» деген мәліметтер сол кезеңнің ақиқатын көрсетеді. Тіпті, сол жылдары жоспарды орындамағандарды да, орындата алмағандарды да тұтқындау жоғарыдан қатаң бұйырылған (Жалобы и заявления граждан 1928-29 гг. // ҚРОММ.- 1380-қ.; 1-т., 261-іс.- 25-п.). Сондай-ақ РСФСР ҚК-нің баптары бұрмаланып қолданылғандықтан «қылмыскерлер» саны күрт өскен. Ал астық тапсырмағандардың мүлкін тәркілеу кезінде мал-мүлкінен айырылғысы келмей, кеңес өкіметіне қарсы сөз айтқандардың іс-әрекеті «террористік акт» ретінде бағаланып, ҚК-тің 58-8 бабымен ату жазасына кесілген. Тіпті, ауылдарында бай-кулак қалмағандығын айтқан ауылдық кеңес төрағалары да, осы баппен атылып кете барған. «Науқан жоспарын орындауға шамамыз келмейді» деген сөзді айтқандарды «кеңестерге қарсы үгіт-насихаты» үшін ҚК-нің 58-10 бабымен соттау үрдіс алған. Әсіресе, 14 бөлімнен тұратын 58-бап жұртшылыққа қайғылы жағымен танымал болды. Оның 12 бөлімі «контрреволюциялық қылмысқа» қарсы бағытталып, ату жазасы үкімін белгілейтін еді. Аталған кодексте ату жазасы үкіміне кесетін 46 бап көрсетілді. Нәтижесінде түрмелерге адам сыймай, сотталғандар адам төзгісіз жағдайда «жазаларын» өтеген. Мәселен, мұрағат құжаттарындағы «1933 жылы 65 орындық Әулиеата түрмесінде 1200 адам қамалған. Олар отырып ұйықтайды. Түрмеде аштан өлу өте жиі кездеседі. Аштан өлгендердің мүрдесі бірнеше күн камерада жатып қалады. Тұтқындар аштықтан бір-бірінің саусақтарын тістейді. Жергілікті әкімшілік бұл жағдайға көңіл бөлмеуде» деген жолдар жан түршігерлік жағдайды көрсетеді. Түрмедегі тұтқындардың шамадан тыс болуы «таптық күрестің шиеленісуінен» деп түсіндірілді. Кейбір түрмелерде қылмыстық іс қозғалмай қамалған азаматтар да болған. Дәлел келтірер болсақ, 1931 жылы 112 орындық Қызылорда түрмесіндегі 325 адамның 203-нің ешқандай мәліметсіз қамалғаны анықталған. Ал 300 адамның түрме қабырғасының жанында көшеде «қамауда» жатқандығы белгілі болады. Сотталғандар мен айыпқа тартылған тұлғаларға азық-түлікті көп шығындамау мәселесі де жыл сайын ескертіліп, оны орындамағандар жазаланған.
1937-жылдың 3 желтоқсанында БК(б)П ОК Қазақстанда қуғын-сүргінге ұшырағандар санын І-дәреже бойынша 600 адамға, ал ІІ-дәреже бойынша 1000 адамға өсіру жөнінде шешім шығарады. Нәтижесінде І-дәрежеге жататын «кеңестерге қарсы аса қауіпті элементтер» ату жазасына кесіліп, ал ІІ-дәрежеге 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімнен бас бостандығынан айрылғандар жатты. 1937-жылы 22-қаңтарда өткізілген Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің VІІ пленумының қаулысында партия жауларына қарсы күресті күшейту мәселесі қайта-қайта айтылып, әcіpece Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян, Қазалы аудандары, Батыс Қазақстан облысының Орда, Жамбейті аудандары, Шығыс Қазақстан облысыньң Бесқарағай, Жарма, Ұлан аудандары мен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданын қазақ ұлтшылдығы ұлтшыл ұйымның ордасы ретінде бағалап, оларға қарсы күресті күшейту қажеттілігі көрсетіледі. Сондай-ақ барлық партия ұйымдарына қазақ контрреволюциялық ұлтшылдығына қарсы күресті шешімді әрі жүйелі түрде жүргізу қатаң тапсырылды.
Саяси қуғын-сүргіннің ауқымы адам ақылына сыймайды. Жасалынған қылмыстың ауырлығынан әлі күнге дейін жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың нақты санын шығара алмаудамыз. Кешенді зерттей алмай отырмыз. Саяси қуғын-сүргін қасіреті толық кешенді зерттелгенде ғана ұлттық сананың тұтастығына қол жеткіземіз.
Құралай Сәрсембина,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті