Қазақстанда да қолға алынса...

Қазақстанда да қолға алынса...

Қазақстанда да қолға алынса...
ашық дереккөзі
493

Түркиядағы Қызыл Ай ұйымы Стамбұл көшелеріне қостар тігіп, ерікті азаматтардан қан жинауға кірісті. Дәрігер Метин Аксойдың айтуынша, қарапайым халықтан алынған қан жансақтау бөлімдерінде жатқан науқастарға құйылады. Әлбетте, алдымен қан тазалығы арнайы зертханаларда тексеріліп, сосын барып ауруханаларға жөнелтілмек.

Біз куә болған Стамбұлдың Ақсарай алаңындағы мына қоста бір тәулікте 45 литр қан жиналыпты. Еріктілер алдымен аты-жөні, жасы мен тұратын мекенін көрсетіп, арнайы анкета толтырады. Сосын дәрігер Метин Аксойдың қабылдауында болып, сұрақтарға жауап береді. Егер дәрігер рұхсат берсе, қан тапсыруға кіріседі.

Екі жаққа да тиімді бұл шараның ең маңыздысы, қан берген азамат өзінің денсаулығын да тексеруге мүмкіндік алады. Егер денсаулығында ақау болса, тапсырған қаны ауруханаларға жіберілмейді. Есесіне, қандай дерті барын анықтап алғандар дереу ем қабылдауға кіріседі.

Бізді қызықтырғаны сол, егер осындай шараларды Қазақстанда да қолға алса, талай жанның сауабын алар едік. Біріншіден, арнайы қан тапсыру орталықтарына баруға ерінетіндер тігілген көшпелі қостарда қанға мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Екіншіден, өздері де медициналық тексеруден өтеді. Соңғы кездері Қазақстан халқы әлем бойынша туберкулез, өкпе рагы, сүт бездері ісігі, өңештегі қатерлі ісік т.б. дерттер бойынша алдыңғы орында тұр. Ауруын асқындырып алып барып, дәрігердің көмегіне жүгінетін көпшілік талай аурудың алдын алар еді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ, Стамбұл, Түркия

Серіктес жаңалықтары