Стамбұлда қатігездікті әшкерлеген көрме өтті (Фото)
Стамбұлда қатігездікті әшкерлеген көрме өтті (Фото)
Нәзия Жоямергенқызы арнайы «Түркістан» үшін Стамбұлдан хабарлайды:
Стамбұл қаласының Сұлтанахмет мешітіне жақын маңда МНР партиясының өкілдері көрме ұйымдастырыды. Көрмеге қойылған суреттер МНР партиясының бас ғимараты мен Интернеттен алынған. Бастапқыда бір күнге жоспарланған көрме келушілердің қызығушылығына байланысты екі күнге созылды.
Шараның басты мақсаты – Бірінші Дүниежүзілік соғыста армяндардың түріктерді аяусыз қырғанын және Кеңестер Одағы кезінде Әзірбайжанның Ходжалыда мыңдаған әзірбайжанды қырғанын суреттермен дәлелдеу.
МНР Стамбұл қаласы Фатих бөлімшесінің басшысы Әли Динчер Чолак мырзаның айтуынша, «күні бүгінге дейін түріктер армяндармен бейбіт қатынасты сақтап отыр. Бірақ армяндар бүкіл әлемге өздерін түріктердің құрбаны көрсетіп келеді. Ал Түркия, түріктер ақталып, өздерінің жазықсыз екенін, керісінше, армяндар тарапынан қағажу көргенін дәлелдеуге тырысқан емес, келешекте тырыспайтын да сияқты. Сол себепті, біз бүгінгі көрмені ұйымдастырдық. Ашылу салтанатында көрмені Стамбұлда жүрген шетелдік туристер де тамашалады. Франциядан келген бір қонақ бізге: «Мен тарихта мұндай оқиға болғанын, армяндардың түріктер мен әзірбайжандарды аяусыз қырғанын білмейтін едім», – деді. Демек, Түркия мемлекеті үдіксіз жұмыс істеуі қажет». Армяндардың өздерін құрбан көрсеткісі келіп, «түріктер армян геноцидін жасағанын ресми түрде мойындасын» деген талап қойғалы біраз болды. Әлбетте, ресми Анкара оған үзілді-кесілді қарсы. Өткен аптада Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған: «Түркияның барлық архивтері ашық. Тіпті, әскери құжаттар сақталған архивті де ашуға дайынбыз. Армения да өз архивтерін ашсын», – деген талап қойды. Бірақ оны ресми Ереван қабылдар емес. Есесіне, «армяндарды қырғандарыңды мойындаңдар» дегеннен арыға аспайды. Армяндар бұл мәселеде өте белсенді. Мәселен, күні бүгінге дейін олар «армян геноциді» деген атпен 26 мың кітап шығарыпты, ал түріктер тарихи деректер келтірілген, яғни, «армян геноцидін» теріске шығаратын 37 кітап дайындаған. Тарихты бұра тартқысы келетіндер осылайша, түбі бір түркіге жасаған қиянатын мойындар емес.
Өткен аптада «Түріктер армян геноцидін жасады» деп ресми түрде әлімдеген Ресей президенті Путин күні кеше ғана «Мен олай айтқан жоқпын» деп бастапқы сөзінен айнып шықты. Ал Ердоған: «Ресей бізге кінә артпас бұрын Кеңестер Одағы кезінде жасалған Кавказ халықтары, оның ішінде, ахыска түріктер, шешен мен ингуштар, әзірбайжандар қырғынына жауап берсін», – өте қатты айтты. Артынша Путин «армян геноцидіне» қатысты айтқан сөзінен айнып шықты. Тарихи деректерді көрінген бұрмаламас үшін бүгінгі көрме сияқты шаралардың жиі ұйымдастырылғаны маңызды.