233
Тегерандағы лаңкестік әрекет құрбандарының саны артуда
Тегерандағы лаңкестік әрекет құрбандарының саны артуда
Ирандағы лаңкестік әрекет құрбандарының саны 13 адамға жетті, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Сондай-ақ, лаңкестік әрекет салдарынан 43 адамның жапа шеккен. Айта кеткен жөн, кеше Иран астанасы Тегеранда қос шабуыл жасалған болатын. Хомейни имам кесенесіне басып кірген екі лаңкестің бірі өзін-өзі жарып жіберген. Қарулы қақтығыс кезінде күштік құрылым өкілдері екіншісінің көзін жойды.
Арнайы қызмет өкілдері парламент ғимаратында оқ атқан төрт қаскөйдің үшеуін жер жастандырды. Ал біреуі өзін-өзі жарып жіберген. Екі қантөгісті де «Ирак пен Левант лаңкестік тобы» мойындады. Осы ретте Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл шабуылдарды қатаң сынға алып отыр.
«БҰҰ Тегерандағы шабуылдарды сынға алады. Біз Иран билігі мен қаза болғандардың жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Бұл қастандық үшін жауаптылар жазаға тартылады деген сенім білдіріп отырмыз. Осы ретте лаңкестікке қарсы тұру үшін барлық мемлекеттер жұмыла әрекет етуі тиіс», – деді БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик.