1629
Жамбыл медициналық колледжі үшін талас жүруде
Жамбыл медициналық колледжі үшін талас жүруде
Жамбылдағы жалғыз медициналық колледжінің оқытушылары мен студенттері жаппай наразылыққа шықты, – деп хабарлайды Астана арнасы.
Жекешелендірілген медициналық колледж директоры білім ошағын облыс басшылығындағы лауазымды адам тартып алғысы келетінін мәлімдеген.
Арна тілшісінің хабарлауынша, «Әділдік!» деп ұрандатқан ұжым құзырлы орган қызметкерлерін бір сәтте колледж алдына жедел жинапты. Наразылық білдірушілердің айтуынша, колледжді "Тараз trаst" деген компания иемденгісі келеді. Ал қазіргі иесі "Даримет" серіктестігі колледжді тендер арқылы сенімгерлік басқаруға алған. Алайда, колледжді бұларға бергісі келмеген басқа компания тендерде жеңілгеніне қарамастан, ауданаралық экономикалық сотқа арызданса керек. Ал сот тендер өткізуде "Даримет" пен қаржы басқармасы арасында жасалған келісімшартты бұзады. Сондықтан, колледж басшысы бұл компанияның артында облыс басшылығындағы адамдар тұр деп жорамалдап отыр.
Тендер әділ өткенін прокурорлар да тексеріп, заңсыздықтар анықталмағанын айтқан. Тендерді ойнатқан қаржы басқармасы да бұған күмән келтірмейді. Ал «Тараз траст» компаниясының өкілдерімен тілдескісі келген тараптар оларды таппай отыр.
Тілшінің айтуынша, колледж директорының "компанияның артында аймақтағы атқамінерлер тұр" деген күдігін гранттың бөлінбеуі күшейте түскен. Өйткені жылдағыдай облыс әкімдігінен берілуі тиіс 375 гранттың биыл бір де бірі бөлінбепті. Бұлай жалғаса берсе, ұжымда қысқарту жүрмек.