275
Алимент төлемеген азамат бас бостандығынан айырылды
Алимент төлемеген азамат бас бостандығынан айырылды
Елімізде алғаш рет алимент төлемеген азамат сотталып, темір торға қамалды, – деп хабарлайды Астана арнасы.
Арнаның хабарлауынша, павлодарлық сот баласын асырауға арналған өтемақыны аударудан бас тартқан әкеге 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қадағалау органы өкілдерінің айтуынша, бұл өзге борышкерлерге сабақ болуы тиіс. Белгілі болғандай, әйелімен ажырасқан павлодарлық кәмелетке толмаған ұлына жеті жыл бойы алимент төлемей келген. Осы уақыт аралығында тек 60 мың теңге ғана аударыпты.
Прокурорлар тексере келе, сотталушының тұрақты кірісі болғанын анықтаған. Тіпті, былтыр анасы алименттік қарызды жапсын деген ниетпен ұлына 440 мың теңге несие алып берген көрінеді. Алайда, бұл соманы ол бәс тігіп, ұтылып қалған. Сондықтан осындай шара қолдануға тура келді,-дейді прокурорлар.
«Балаларын асырауға арналған өтем 2 млн теңгеге жеткен. Ол тұрақты жұмыс істемегенімен, оның үнемі кірісі болған. Ол кірістерін өзінің мүддесіне жұмсаған. Сонымен қатар, букмекерлік контораларда ставка тігіп, соған жұмсаған», – дейді Павлодар қалалық прокуратурасының аға прокуроры Данияр Қалымбетов.
Облыстық әділет департаменті берген ақпарға сәйкес, өңірде алимент өндіріп алуға қатысты 10 мыңға жуық іс тіркелген. Қазірде 77 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, олар іздестіріліп жатыр. "Оның ішінде 180 құжат проблемалы. Жалпы сомасы 117 млн-нан асып түседі. 14 құжат бойынша 17 млн теңге қордаланған. Бұлар 3 айдан бері алимент төлемеген борышкерлер болып отыр. Қалғанының алимент төлемегеніне жарты жылдан асып кеткен», – дейді Павлодар облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Шынар Тавлютова.