Әкең келе жатыр...

Әкең келе жатыр...

Әкең келе жатыр...
ашық дереккөзі
1293
Әке –жаратылыстың  бастауы.  Ең  алғаш жаралған да  Адам  ата.  Біз бәріміз әкеден тараймыз.  Әкеміздің  тегіне  жазыламыз. Себебі  бойымыздағы  қанымыз әкеміздің  қаны.  Біз қашан да отбасында  әкені  тіреу,  қорған етеміз. Әкенің  берген тәлімін ешбір жер бере  алмасы  анық. Жақсы  әке жаман балаға  қырық  жыл азық. Әке  мен  баланың  қарым-қатынасы  жайлы  ойланғанда ,  ғаламтордан оқыған  мына  бір оқиға  ойыма  орала  береді. Бірде баласы жұмысбасты әкесіне: – «Әке, бірнәрсе сұрасам бола ма?–  дейді. Әкесі: – «Тыңдап тұрмын». – Бір сағатта қанша ақша табасыз?..Әкесі ашуланып: –  «Не шаруаң бар!» – дейді. Бала: – «Әке, айтыңызшы білгім келіп тұр». – «Қоймадың ғой. Бір сағатта шамамен 500 теңге табамын». Баласы аз-кем ойланып: –  «Әке, маған 100 теңге қарызға беріңізші!». – Немене, менің табысымды қарыз сұрау үшін тексердің бе? Бөлмеңе барып, ұйықта, менің уақытым жоқ деп зекіп береді. Біршама уақыттан соң. Әкесі баласын жөнсіз өкпелеткенін түсініп, бөлмесіне кіреді. – «Балам! Ұйықтап жатқан жоқсың ба? Мен қатты сөйлеп қойдым. Ренжіме. Міне сұраған 100 теңгең деп қолына ұстатады. Бала қуанып, төсегінен ыршып тұрады да, жастығының астынан біраз бүктелген ақшаларды шығарып, жүз теңгені қосады.Әлгі ақшаларды көрген әкесі ашуланып «Ақшаң бар екен ғой!. Не үшін менен сұрадың?» деп, ұрысады. Сонда баласы: – «Әке менің ақшам жетпей тұр еді. Енді 500 теңге болды. Міне алыңыз. Маған бір сағатыңызды бөліңізші»,–  дейді. Шынымен,  кейде  біз жұмысбастылықпен  балаларымызға  бір сағат тұрмақ бір минут бөлуді  ұмытып кетеміз.  Таң қылау  бере  ұйқылы-ояу  сүйрелеп  балабақшасына  апарамыз.  Көлікпен  зырылдап  барып «Тез!  Кешігесің!» деп  есіктен кіргізіп жібереміз. Кешке  қаланың  кептелісінен жүйке  жұқарып,  күн ұясына  батқанда  үйге әрең  жеткен біз  балаларға  көңіл бөлмек  түгілі  асыр салып ойнаса  «Шуламаңдаршы!» деп  зекіп  жіберетін кездеріміз болады.  Әрине әрбір отбасы  баласына  осындай қарым-қатынас  жасап  отыр деуден  аулақпыз,  дегенмен,  ара-тұра  бәрімізде  кездесетін жайт. Баланы анасы  дүниеге  әкеледі,  балаға  әкеден гөрі  ана жақын,  үйде  оның  тәрбиесіне  ана жуапты  деп  қарағанмен,  анадан гөрі  тыста  көп  жүретін әкенің  тәрбиесі  балаға  жетіспей  жатады.   Ал отбасы  болған соң  балаға  екі  тараптан да  көңіл бөлінуі  міндетті.   Әкенің  тәрбиесі  жетпеген бала  болашақта  ынжық,  қорғансыз,  қорқақ,  жігерсіз,  жалтақ болып өсетіні  дәлелденген. Қазіргі  таңда  қыз-келіншектеріміз «өзім  үшін туып  алам,  маған еркек  керек  емес»  деген секілді  жаңсақ пікірді ұстанып,    толық емес  отбасылардың  санын көбейтіп отыр.  Бұл – эгоизм. Әке тәрбиесі  әсіресе ер балаларға   ауадай қажет.  Себебі  ербала  болашақ әке. Ал әке дегеннің  кім  екенін білмей  өскен  бала  болашақта  өзі  қалай  әке  болмақ? Осы  жағын ойлануымыз керек.  «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген осыдан шығады. Бүгінгі  таңда  «Отбасында  әкенің  рөлі  жоғалып барады»,  «балаларын қабағымен  жұмсап,  «Әкең  келе  жатыр» деген сөзден  зәресі  қалмай  қорқатын ұрпақ қайда қазір?», – деген секілді  қоғамдық пікірлер орын алып отыр.  Оған   90 –жылдарда  жұмыссыз қалып,  отбасын асырайтын нәпақа  таба  алмай  ішімдікке  салынып не  болмаса  ажырасып кеткен  әкелердің  көбеюі себеп  болып еді.  Әке мәртебесін  көтеру  үшін біз бұрынғы  ата-баба  салып кеткен  атаның  сара  жолын жалғастыруымыз керек.  Абай  мен  Құнанбайдың,  Шоқан мен  Шыңғыстың  арасындағы  қарым-қатынастан  тәлім-тәрбие  алуымыз керек. «Құнанбай  болмаса  Абай  қайдан болсын ?» деген Құнанбай  баласына    өз орныңды  білуді,  әкеңді  сыйлауды,  жақсы  болмағың  әкеден екенін ұқтырғысы  келген.  Абайдың: «Әкесі ұрысса балаға, ол да достық, Ба­ласы ұрысса әкеге жараса ма…» деген өлең жолдарын оқи отырып,  Құнанбайдың  тәрбиесі  далаға  кетпегенін аңғарғандай  боласың.  Абай  мен  Құнанбай  арасындағы ең  кең  тараған мына  бір сұрақ жауаптан  көп  дүние  түюге  болады. – Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Соны тыңда!–  дейді  Құнанбай. Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басына ел үйрілмейді. Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің! – дейді. – Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп айтам. Деп  жауап  береді  Абай. Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз-жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын. Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «ай» десе өргізіп, «шайт» десе жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «шөк» десең, аңырап барып қана бұрылады. Ал, қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады... Жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады... Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы – білім-өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма? Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас...– деді. Жоғарыдағы  диалогты  екі  жақты  қарастыруға  болады.  Бұл жерде  Абайдың  берген жауабы  орынды  болғанмен,  Құнанбайдың  таққан міні  де  қате  емес.  Әсіресе  үшінші  мінін қазіргі  жаһанданған дәуірде  тәрбиеленіп  келе  жатқан қала  жұртының  қазақтарына  дөп  басып таққан секілді.  Орыстану  деп  тура  мағынасында  түсіну  дұрыс  емес,  ол шетелге  еліктеп,  өз тілің  мен  дініңді  ұмытпа  дегені. Өз  ана  тілінен гөрі  өзгенің  тілін мәртебе  көретін, елсек  мұсылман дінімізге селкеу  түсіріп,  әртүрлі  ағымның  соңында  кеткен  бүгінгі  жастарға  Құнанбай қажы   сонау  заманнан-ақ ескерту  жасап  отырғандай.  «Әке  балаға  сыншы» деп  осыны айтсын. Кейбір әкелер бала  сәл есейсін,  қолыма  су  құйюға  жарасын,  сосын өзім  тәрбиелеп  аламын деп  жатады.  Бұл кеш деп  санайды  жаңа  заманның  мамандары.  Баланы  ананың  құрсағында  жатқанда-ақ тәрбиелеуге  ат салысу  керек.  Онымен  сөйлесіп,  алақанының  жылуын сезіндіру  керек. Психологтар  әкелерге  арнап  психологиялық кеңес  ұсынады:
  1. Балаларыңызға оларды жақсы көретіндеріңізді жасырмай, жиі білдіріп тұрыңыздар.
  2. Неғұрлым жанұяңызбен бірге уақытыңызды жиі өткізіңіз, өткен күндерді талқылап, жанұялық ахуалды ақылдаса отырып шешім қабылдаңыздар.
  3. Балаңыздан ақыл сұраудан қорықпаңыз, бұл сіздердің араларыңызды жақындата түседі.
  4. Балаңыздың достарын жақсы біліңіз.
  5. Балаңызға тек ата-ана ғана емес, жанашыр досы да бола біліңіз.
  6. Балаңызға әр уақытта үлгі бола біліңіз, есіңізде болсын, өз ата-анаңызды сыйлаңыз, ертең сізді де балаңыз сыйлайтын болады. Өз кемшілігіңізді көрсетпеуге тырысыңыз.
Соңғы  кеңеске  тоқтала  кетсек,  баланың  алдында  ғайбат сөйлемеу,  шылым  шегіп,  ішімдік  ішпеу, адал жарына,  балаларына,  анасына  құрмет көрсету. Аналар мерекесінде,  туған күн кешінде    ұлдарына: «жүріңдер,  аналарыңа  гүл әкелеміз деп,  бір дана  гүл сатып әкеліп  перзентінің  қолымен  сыйлатса,  осы бір кішкентай  ғана  сыйластық арқылы  балаға  үлкен  тәрбие  бергені.  Мақаламызға  өзек қылып  алып отырған Құнанбайдың  тәрбиесіндегі  анаға  деген құрметті Абайдың  қаладағы  оқудан еліне  оралған сәтте ең  алдымен  өзіне  емес,  анасы  Зереге  барып амандас деп  жіберген сәтінен үлкен өнегелікті  көреміз.  Дүйім  бір жұртты  басқарып,  абыройы  асқақтап  отырған Құнанбайдың  анасына  құрмет көрсетіп,  оны  баласына  да  сіңіре  біленінің  куәсі  боламыз. Қорыта  келе  қазақ бала  тәрбиелеудің  жолын  бір ғана мақалдың  ішіне  сыйғызған «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас». Атадан қалған осы  аталы  сөзден  аспасақ,  жаман ұрпақ өсірмесіміз анық.

Жадыра  Жақсытай

Серіктес жаңалықтары