Ескі шаһардың елдік ескерткіштері

Ескі шаһардың елдік ескерткіштері

Ескі шаһардың елдік ескерткіштері
ашық дереккөзі
1359
Құпиясы мол қазақ даласы бүккен сырларын жұртшылық біле бермейді.  Жібек жолы қазақ даласын қақ жарып, кәрі құрлыққа жол салған. Тарих беттерінде еміс-еміс елестей ғана болған, кең байтақ қазақ жерінің төсіндегі бір ғана елді мекенде Жібек жолының сүрлеуі осы күнге дейін сақталған. Ұлы даланың отырықшы мәдениеті елдің оңтүстігінде қалыптасқанын талай тарихшы айтады. Қазақ­стан­ның оңтүстігінде қамалы мен қорғаны, зәулім сарайлары мен сауда базарлары бар қалалар жиі бой көтерді. Сығанақ, Жанкент, Жанқала, Күйіккескен,  Шірік-Рабат қалалары Жібек жолының ең ірі нүктелеріне айналды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда бұл қалалар қазба ескерткіштер ретінде ғана сақталған. Оларды тек тарихи мұра, археологиялық ескерткіш ретінде ғана көре аламыз. Алайда Жібек жолының бойында әлі күнге дейін сақталған тармақтары, тіпті керуеннің ізі қалған жерлер бар. Айталық, Алматы облысы, Панфилов ауданы Жаркент қаласы – көне шаһарлардың бірі. Осы Жаркент қаласының кіреберісі ертеректегі керуен өткен жолдың үсті. Бұрындары тура осы жерден табылған қыш құмыралар мен тарихи жәдігерлер керуеннің осы маңайда жиі тоқтағанын білдіреді. Академик Уахит Шәлекеновтің жібек жолының тармақтары туралы дәйектері сөзімізді салмақтай түседі. «Біздің елімізден, қазіргі егемен еліміздің оңтүстік-шығыс жағымен Ұлы Жібек жолының желісі өткен. Ол – Қытайдан басталып, Батысқа қарай тартылған Ұлы жолдың желісі. Жібек жолы Шығыс Түркістанда екі тармаққа бөлінген. Бірі Қашқар қаласын басып өтіп, Жаркент қаласына келген. Жаркент кешегі кеңес заманында Панфилов деп аталды. Енді өзінің тарихи атауын алып, Жаркент болды», – дейді ол. Ал қаланың ресми жасы – 135-те. Жаркент қаласының іргетасы 1882 жылы қаланып, 1942 жылы қызыл империя басшыларының ықпалымен Панфилов аталып кеткен. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Жаркент атауы қайтарылды. Қытай мен қазақ шекарасында орналасқан  Жаркент қаласының қазіргі тұрған жері Ұлы Жібек жолындағы керуен сарайлардың бірі болған. Империя аумағына өтпес бұрын, бұл аралықта қазақ-ұйғыр қыстақтары жайғасқан. Кезінде ірі орталық болған шаһардың ертеден-ақ жардың басына орналасқанын байқау қиын емес. Бүгінде қала сыртындағы биік жартастар мүжіліп, кішкене жоталары ғана көрінеді. Керуен тұрағы демекші, Қашқарға сапарында қазақтың ұлы зерттеушісі Шоқан Уәлиханов осы араға дамылдап, Жібек жолының бір нүктесі ретінде белгілеп өткен. 1856 жылы Шоқан «Шығыс Түркістанға саяхат күнделігі» атты еңбегінде Жаркент өңірінде болған кезін суреттей келе, «Үсек өзенінің жағасында аялдауға лаж болмады. Шынында да айналасында құм мен тас, тым болмаса бір шөп болсашы, үй тіккендей таза орынның өзін төңіректі барлап, қанша іздесек те таба алмадық», – деп жазған. Шоқан атаған Өсек өзенінің арнасы күні бүгінге дейін сарқылған жоқ. Тарихи деректерде Жаркент қаласы Х ғасырда-ақ қазақ-қытай арасындағы сауда-саттық орталығы ретінде аталады.  ХVІІІ-XIX ғасырларда қазақ-жоңғар қақтығыстарының көпшілігі осы өңірде өткенін тарихшылар дәлелдеп берді. Жар басындағы қаланың тарихи мұрасы, ең ірі ескерткіштерінің бірі – Уәлибай мешіті. Жұртшылық мешіттің шегесіз салынғанынан хабардар. Қазақ-станда мұндай сәулет өнері жалғыз. Бес жыл бойы салынған мешіт жергілікті халықтың ақшасына тұрғызылған. Қытай сәулетшісі Хон Пик Уәли байдың тапсыруымен бірде-бір шегесіз, тек қарағайды қиюластыру арқылы орындап шығады. Шегесіз құрылыстың беріктігі сондай, 1905 жылғы жер сілкінісі, 1965 жылғы дауылдан кейін бірде-бір қабырғасы қисайған жоқ.  Жаркент қаласы тарихи Жібек жолы орталықтарын қайта жаңғырту, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұраларын сақтап дамыту, инфрақұрылымдарын құру жөніндегі ҚР мемлекеттік бағдарламасына қосылды. Бұл тарихи көркем ғимаратта «Атаманның ақыры» фильмі, ал жақында «Қазақ хандығы» фильмінің эпизодтары түсірілді. Жыл өткен сайын жұртшылық жағажай демалысынан бас тартып, саяхатқа шығуды, мәдени-тарихи жерлерді аралауды құп көруде. «Қазқайтажаңғырту» кәсіпорны директорының кеңесшісі Қанат Тұяқбаевтың айтуынша, елімізде біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырларда салынған тарихи-мәдени ескерткіштер өте көп. Осыны ресурс көзіне айналдырып, тартымды туризм кілті жасауға мүмкіндік жеткілікті. БҰҰ биылғы жылды туризмді дамыту жылы деп атады. Бұған дейін Қазақстан Жібек жолының бойындағы 8 ескерткішті Дүниежүзілік мұралар қатарына кіргізген еді. Енді Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысы, Сырдария өңірінен 16 тарихи ескерткіштің құжаттары әзірленіп, әлемдік мұралар тізіміне Ұлы Жібек жолының тармақтары ретінде енгізілмек. Жаркент өңіріндегі Әулиеғашты, әйгілі Орбұлақ шайқасы өткен орынды, Уәли бай мешіті мен Әбілхан Қастеевтің туған жерін насихаттап, ғажайып туристік мекенге айналдыруға әбден болады.  

Бейімбет ОСПАНБАЕВ,

Әулиеағаш орта мектебінің

мұғалімі

Серіктес жаңалықтары