258
Оралда жертөледен нәресте табылды
Оралда жертөледен нәресте табылды
Оралда құрылыс алаңындағы жертөледен нәресте табылды, – деп хабарлайды Астана арнасы.
Астана арнасының хабарлауынша, қазір полиция сәбидің ата-анасын іздестіріп жатыр. Иіс сезгіш иттер сақшыларды бір мекенжайға алып келген.
Нәресте салынып бітпеген үйдің жертөлесінен табылыпты. Құрылыс алаңының күзетшісі айналаны шолып жүріп, тосын дыбысты құлағы шалады. Кейін бұл дыбыстың жертөледен шығып жатқанын аңғарады. Төменге түскенде жерде жатқан сәбиді көріпті.
Кейін оқиға орнына иттерін ертіп, полиция да келіп жетті. Иісшіл ит із кесіп, кинологтар осы маңдағы әрбір үйді аралап шықты.
Қазір бүлдіршін облыстық балалар ауруханасында. Дәрігерлердің айтуынша, сәбидің салқын жерде қанша уақыт жатып қалғаны белгісіз, бірақ жағдайы жақсы, денсаулығына да зиян келмеген.
Оралда мұндай жағдай биыл алғаш рет тіркеліп отыр. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Егер сәбидің ата-анасы табылса, оларға 100 айлық есептік көрсеткіші көлемінде айыппұл салынады не қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Тіпті, 45 тәулікке дейін қамалуы мүмкін.