Ұлыбритания, Венесуэла және Сеулді жайлаған жайсыздық

Ұлыбритания, Венесуэла және Сеулді жайлаған жайсыздық

Ұлыбритания, Венесуэла және Сеулді жайлаған жайсыздық
ашық дереккөзі
407

Еуропаның оңтүстігінен басталған қаржы дағдарысы Ұлыбританияны да шарпыды. Гректер сияқты ағылшындар да мемлекеттік қарызды өтеу қиындықтарымен бетпе-бет келіп отыр. Өткен аптада «Moody’s Investors Service» агенттігі Еуропадағы бірнеше мемлекеттің рейтингін төмен түсіріп тастады. Көрсеткіштері құлдыраған елдердің қатарында Ұлыбритания да бар. Сарапшылар бұған әсер еткен екі факторды атайды. Біріншіден, корольдіктің бюджет тапшылығын қысқарту және мемлекеттік қарыздарды азайтуға бағытталған жоспарлары нәтиже бермеуде. Екіншіден, Еуропаны алқымнан ала бастаған рецессия британ экспортына сұранысты төмендете бастаған. Экспорт Ұлыбритания үшін экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші болғандықтан, ағылшын тауарына сұраныстың кемуі өндірісті тұралатуы мүмкін. Өндірістің азаюы ІЖӨ көлемінің өсімін де тежейтіні анық.

АҒЫЛШЫНДАР ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ АЛАҢДАУЛЫ

Мұнай бағасының құлдырауы да Ұлыбритания экономикасына кері әсерін тигізіп үлгерген. Елдегі мұнай-газ өндіруші ірі компанияларының бірі – «Brindex»-тің төрағасы Робин Аллан мұнай бағасы барреліне 60 доллар болған кездің өзінде-ақ: «Мұндай бағамен ақша табу мүмкін емес. Біз терең дағдарыстамыз», – деген болатын. Өткен ғасырда Солтүстік теңіз түбіндегі қордың арқасында Ұлыбритания мұнай өндіру көлемі бойынша көшбасшы мемлекеттердің бірі атанған. Алайда 1990-жылдардың соңында теңіздің өнімділігі күрт азайып, мұнай өндіруші компаниялар жаңа кен ошақтарын таппай қалды. Соңғы төрт жылда Ұлыбритания өндірген қара алтынның көлемі 40 пайызға кеміген. Қазіргі таңда ағылшындар күніне 1 млрд. баррель мұнайды қанағат тұтып отыр, бұл 1998 жылғы көрсеткіштің жартысына да жетпейді. Салықтың өсуі және шикізат қорының сарқылуы мұнай өндіруге жұмсалатын шығынды шарықтатып жібергені де ағылшын кәсіпкерлерін тұйыққа тіреп отыр. Қазір қара алтын алу шығыны 2002 жылмен салыстырғанда 5 есе артқан көрінеді. Соның нәтижесінде елдегі мұнай өндірісі қазынаға еш пайда әкелмей тұр. Алайда бұл саладағы дағдарыстың негізгі себебін мамандар 2014 жылдың екінші жартысынан басталған әлемдік бағаның құлдырауымен байланыстырады. Салдарынан мұнай өндіруші компаниялар шығынды азайту үшін қызметкерлерін күрт қысқарта бастаған. Ресми дерек бойынша Ұлыбританияда қара алтын өндірісіне 450 мыңнан астам адам тартылған. Елдің түкпір-түкпірінде жүргізілген жаппай қысқартулардан соң қанша адам қалғаны белгісіз. «BBC» таратқан дерекке сүйенсек, «ConocoPhillips» компаниясы өз қызметкерлерінің 14 пайызын, яғни 1650 адамды жұмыстан шығарыпты. Кейбір компаниялар қаржы тапшылығына байланысты жалақыны уақытылы бере алмай отыр, бұған шыдамаған жұмысшылар өз еріктерімен қызметін тастап кетіп жатқан көрінеді. Алқымнан алған экономикалық дағдарыс мұнай алпауыттарын ғана емес, нарықтың өзге субъектілерін де тығырыққа тіреді. Шығынға батқандардың ішінде сонау 1924 жылы құрылған, жаһанның түкпір-түкпірінде 7 600 сауда орталығы бар, таза табысы кезінде 2,96 млрд. долларды құраған «Tesko» компаниясы да бар. Әлем бойынша супермаркет желілері арасындағы «Wal-Mart» (АҚШ) және «Garrefour» (Франция) компанияларынан кейінгі үшінші орында тұрған «Tesco» соңғы жылдарда қаржылық қиындықтардан туындаған дау-дамайлардан көз ашпай келеді. Соның әсерінен бүгінде құрылымның табысы тым төмендеп кеткен. Осы келеңсіздіктердің салдарынан компания өз иелігіндегі сауда нүктелерінде жұмыс істейтін мыңдаған қызметкерін еңбек биржасына бағыттауға мәжбүр. «Tesсo» мойнына түскен ауырт­палықты осылай жеңілдетпесе, басқадай жол табар емес. Өйткені құрылымның құлдырауына ішкі қайшылықтар ғана емес, тұты­нушылардың тауар сатып алу белсенділігі күрт төмендеп кеткені де кері әсер етуде. Әсіресе, Еуропа мемлекеттеріндегі сауда нүктелерінен келетін кіріс мардымсыз болып тұр екен. Компания ішкі келеңсіздіктерін реттеуі мүмкін, бірақ адамдарды өз дүкендеріне қойша иіріп кіргізіп, саудасын жүргізе алмайды. Бұлай еткеннің өзінде қалтасы жұқарған тұрғындардан пайда болмасы анық. Бұдан біз жағдайды түзеу «Tesсo»-ның өзіне байланысты емес екенін аңғарамыз. Банкрот болудың алдында тұрған «Tesсo» әкімшілігі өздері салып жатқан алып ғимараттардың құрылысын тоқтатты және қатарға қосылғалы тұрған 49 жаңа дүкенді ашудан бас тартты. Сонымен қатар, табыстан қағылған 43 супермаркетін жабу жөнінде шешім қабылдады. Бұл жағдай құрылыстар мен дүкендерде жұмыс істейтін ұлыбританиялық мыңдаған азаматты нәпақасыз қалдырмақ. Сондай-ақ, компания шығындарын азайта түсу үшін өзінің «Blinkbox» атты танымал сайтын сатуы мүмкін. Бұған қоса, компанияның ішкі зейнетақы аударымдарына тоқтау салыныпты. Еуропаның өзге мемлекеттерімен салыстарғанда жұмыссыздық деңгейі біршама төмен (5,9%) деп есептеліп келген Ұлыбританияда бүгінгі таңда бейресми дерек бойынша 2 миллионға жуық жұмыссыз адам бар. Жұмыссыздықтың белең алуы, ең алдымен, тәртіп сақшыларының мазасын қашыруда. Себебі елде бұзақылық пен ұрлық-қарлық көбейген. Жыл басынан бері зергерлік және азық-түлік дүкендерін тонау фактілері тыйылмай тұр екен. Лондонның өзінде қылмыс саны 22 пайызға артқан. Бір ай ішінде арнайы операция кезінде заңсыз сақталған қарудың 358 данасы тәркіленіпті. Ұлыбритания полицейлері ел тұр­ғындарын қылмысқа күнкөріс қамы итер­мелейтінін біледі. Тауар мен қызметтер құнының артуы жағдайды тіпті ушықтыруы ықтимал. Қазірдің өзінде Ұлыбритания тұрғындарының 75 пайызы электр қуаты ақысын төлеуге қиналып отыр. 2,3 млн астам британдық отбасы отын жетіспеушілігі жағдайында өмір сүруде. Бұған «Policy Exchange» талдау орталығы жүргізген зерттеу нәтижелері дәлел. Демек, кең ауқымды энергетикалық дағдарыс Ұлыбританияны да айналып өтпеген.

СЕУЛ СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСТІ 

Экономикалық қуаты жөнінен Азия бойынша төртінші орында тұрған мемлекет – Оңтүстік Корея да әлемдік дағдарыс толқынынан оқшау қалған жоқ. Мемлекеттің экономикалық өсімі алты жыл бұрынғы көрсеткішке дейін құлдыраған. Оңтүстік Корея нарығының қатты қысылған шағы өткен жылдың төртінші тоқсанына тұспа-тұс келген еді. 2014 жылдың қазан-қараша айларында елдің экономикалық өсімі небәрі 0,4 пайызды құраған. Үшінші тоқсанда бұл көрсеткіш 0,9 пайызға тең болғанын ескерсек, қысқа мерзім ішіндегі күрт құлдырау мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдайына кері әсер ететіні анық. «2014 жылдың төртінші тосқанындағы экономикалық өсім 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артады» деген болжам қағаз жүзінде қалды.

Экономистердің сөзіне сенсек, Оң­түстік Кореядағы ішкі жалпы өнімнің кемуіне экспорт көлемінің қысқаруы мен инфрақұрылымдарға жұмсалатын шығынның азаюы себеп. Құрылысқа салынған инвес­тиция маусымдық тұрақсыздықтарға байланысты 9,2 пайызға азайған. Бұл – 1998 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Салық түсімі кеми бастаған соң мемлекет алдын-ала бекітілген инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды тоқтата тұруға мәжбүр. «Barclays Bank»-тің экономисі Вай Хо Леонгтың айтуынша, 2014 жылы ІЖӨ өсімі 3,5 пайызды құрауы мүмкін деген банктің болжамы расталмған. «Ішкі жалпы өнім өсімі 2015 жылдың бірінші тоқсанында да айтарлықтай оң нәтиже бермейді. Тек екінші тоқсанда ғана өсім болуы мүмкін. Өйткені мұнай бағасының құлдырауы жаһандық ішкі сұранысты арттырады», – дейді сарапшы. Экономистердің пікіріне сүйенсек, мардымсыз көрсеткіштерден соң Оңтүстік Корея Орталық банкі ел экономикасын тұрақтандыру үшін пайыздық мөлшерлемені қысқарту туралы шешім қабылдауы мүмкін. Банк 2013 жылдың мамырынан бері пайыздық мөлшерлемені үш рет төмендеткен болатын. Соңғы рет өткен жылдың қазан айында рекордтық деңгейге дейін (2%) түсірді. Алайда бюджетті ынталандыруға бағытталған бұл шара оң нәтиже берген жоқ. Жеке және ұжымдық қарыздар ішкі сұранысқа қысым түсіріп тұрғандықтан 40 миллиард доллар жағдайды тұрақтандыра алмады. Қытай экономикасының өсімі тежелген соң, кәрістерге экспорттан да қайыр болмай тұр. Өйткені Оңтүстік Корея сыртқы саудасының төрттен бір бөлігі қытайлардың үлесіне тиеді. Экспорт қана емес, елдің ішкі нарығы да тежелген. Тауарға сұраныс кеміген соң өндірушілердің де ынтасы төмендейді. Кәрістердің өнімінің сұраныстың аза­юына белгілі бір деңгейде қытайдың арзан тауарлары әсер етіп отырғаны анық. Иенаның әлсіреуі де оңтүстіккореялық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін бәсеңдетіп тұр. Кәрістер мұнай бағасының төмендеуін ғана өз пайдасына шеше алады. Себебі Оңтүстік Корея – энергия тасымалдаушылардың негізгі нарығы. Қара алтын арзандаған сайын кәрістердің энергияға жұмсайтын шығыны азая береді. АҚШ экономикасының өсімі де Оңтүстік Кореяға оң ықпал етпек. Өйткені Америка нарығы кәрістерге электр-техникалық тауарларын кең көлемде экспорттауға көмектесе алады. Бірақ Оңтүстік Корея Орталық банкі алғашқыда «2015 жылы экспорт өсімі 3,9 пайызды құрайды» деген болжам айтса, кейінірек бұл пікірін өзгертіп, 3,4 пайыздық өсімді қанағат тұтты. Соған қарағанда, кәрістердің қой жылына үміттен гөрі күдіктері басым сияқты.

ВЕНЕСУЭЛА ДЕФОЛТҚА ҰШЫРАУЫ МҮМКІН

Жаһандық дағдарыс Латын Америкасы елдерін де әуре-сарсаңға салып қойды. Бұл аймақта, әсіресе, Венесуэланың құты қашты. Мемлекетте азық-түлік пен өзге де тауарлардың тапшылығы тудырған экономикалық дағдарыс құрлықтағы өзге мемлекеттерге де салқынын тигізуі мүмкін. Сарапшылар, тіпті, Венесуэланың дефолтқа ұшырауы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Өткен айда Ресей, Қытай және ОПЕК-ке мүше 5 мемлекетті аралап, қаржылай көмек сұрап қайтқан Венесуэла президенті Николас Мадуро халықты жақсы жаңалыққа үміттендірген. Жақын арада мұнай нарығындағы қиын жағдайға жан бітіретін жаңа келіссөздер қабылдануы мүмкін екенін айтыпты. Бірақ халық күтуден шаршаған. Азық-түлік тапшылығын терең сезініп жатқан Венесуэлада дүкендердің алдындағы ұзын-сонар кезек қазір үйреншікті жағдайға айналды. Үкімет сау­да орындарындағы бей-берекетсіздікті реттеу үшін тұрғындарды аптаның күндері бойынша бөлу туралы шешім қабылдапты. Яғни әр тұтынушы өзіне арнайы белгіленген күні ғана сауда жасай алады. Бұл тәртіп әр азаматтың төлқұжат нөмірі бойынша анықталады екен. «Венесуэла 2015 жылы дефолтқа ұшырауы мүмкін. Сондықтан көптеген инвесторлар бұл аймаққа қаржы салуға қорқады. Қазір жағдайды сырттан бақылап отырған тиімді. Венесуэладағы дағдарыстың негізі себебі мұнай бағасының төмендеуімен байланысты болып отыр. Өйткені бұл елдің валюталық түсімдерінің 95%-ын қара алтыннан алынатын өнімдер қамтамасыз етеді», – дейді «Charles Stanley»-дің бас экономисі Джереми Бастон-Карр. Латын Америкасы елдері эко­номикалық дамудың жаңа моделін іздеп әлек. Шикізат бағаларының күрт төмендеуі, оның ішінде металдар мен энергия ресурстары, ауылшаруашылық өнімдерінің құны құлдыраған соң Оңтүстік Америкадағы мемлекеттердің қаржы және сауда-саттық жүйесі кері кетті. «Financial Times» газетінің жазуынша, регресс жалғаса берсе, аймақ саяси түйткілдермен де бетпе-бет келуі мүмкін. Колумбия мен Перу экспортының үштен екі бөлігін шикізаттық өнімдер құрайды. Бағаның бүгінгі бағамы бұл мемлекеттердің ішкі жалпы өнімін 5 пайызға төмендетуі мүмкін, яғни 1999 жылдан бері болмаған көрсеткішке жеткізеді. Соя өсіруді кәсіп еткен Аргентина да бюджет тапшылығын азайту үшін валюталық қорын қысқартып келеді. Экспортының 60 пайызын шикізат құрайтын Бразилия экономикасы да ауыр күндерді бастан өткеруде. «Шикізат бағасы ерте ме, кеш пе, бәрібір арзандайтын еді. Мұндай қауіпті мен бірнеше жыл бұрын ескерткенмін. 2008 жылы шикізат «жарылысы» болған кезде Латын Америкасындағы сауда балансының тапшылығы ІЖӨ-нің 1 пайызын құраған еді. Қазіргі жағдай ол кездегіден әлдеқайда қиын. Егер шикізат бағасы 2003 жылғы деңгейге түссе, тапшылық ІЖӨ-нің 7 пайызын құрауы әбден мүмкін», – дейді Нью-Йорктағы Колумбия университетінің профессоры Хосе Антонио Окампо. Латын Америкасы елдерінің дағдарыс тұйығына батқан өзге мемлекеттерден артықшылығы – сыртқы қарыздарының аздығы. Сондықтан олар тапшылықты жою үшін халықаралық нарыққа сүйене алады. Соңғы он жыл ішінде Оңтүстік Америкаға шетелдік инвестициялар қарқынды түрде тартылды. 2014 жылы бұл аймаққа өзге құрлықтардан 188 млрд. доллар қаржы құйылған. Алайда инвестицияның үштен бірі шикізат өндіруші өнеркәсіп пен энергетикалық салаларға бағытталған болатын. Демек дәл қазіргі жағдайда шетелдік салымдарға да сенім жоқ.

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары