300
Молдовада зейнетке 63 жастан бастап шығады
Молдовада зейнетке 63 жастан бастап шығады
Молдовада зейнеткерлік жас ұлғайтылатын болды, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Өйткені енді 18 жылдан кейін мұндай санаттағылар саны халықтың 25 пайызына жететін түрі бар. Басқаша айтқанда, еңбек ететіндер мен зейнетақы алатын егде жастағылардың жалпы саны теңескелі тұр. 50 АҚШ доллары. Бұл – Молдова еліндегі ең төменгі зейнетақы мөлшері. Егер шұғыл өзгерістер енгізілмесе, ол тағы 10 пайызға төмендеуі мүмкін. Ал алыс болашақта, тіптен зейнетақы жүйесінің құрдымға кету қауіпі бар. Сондықтан жергілікті үкімет зейнетақы жасына қатысты ерлерге 1 жыл, ал әйелдерге 6 жыл қосуды жоспарлап отыр. Яғни келешекте барлығы тек 63 жаста ғана зейнеткер атана алады.
«63 жастағы немесе 34 жылдық еңбек өтілі бар адам зейнетке шығады. Сонымен қатар зейнетақыны төлеу жүйесіне де бірқатар өзгеріс енгізілмек. Яғни ол адамның еңбек ақысы мен сақтандыру жарналарының көлеміне тікелей байланысты болады», – дейді Еңбек, әлеуметтік қорғау және отбасы министрлігі басқармасы басшысы Неля Русу.
Бұған қоса зейнет жасына жеткендерге, егер өз қалауы болса, жұмысын жалғастыруға да мүмкіндік беріледі. Мәселен Анатолий Демченко қазір 62 жаста. Ал еңбек өтілі 40 жылға жуықтады. Кейіпкеріміз келер жылы жұмысын жасай беруіне болады. Еңбекақымен қоса зейнетақыны да алады.
Бұл реформадан есесін жоғалтатындар да бар. Ол – судьялар, прокурорлар мен үкімет мүшелері. Олар бұрын 50 жастан зейнетке шығатын және жалақының 55 пайызы көлемінде зейнетақы алатын. Енді қарапайым адамдармен теңестіріледі.