2454
Сарбаз болып, сап түзеп...
Сарбаз болып, сап түзеп...
Қазақ қашанда ер баланы отбасының тірегі, елдің қорғаны болуға тәрбиелеген. Ал әскерге барып, азаматтық борышын өтеп келгендер ауыл-аймақ арасында абыройлы саналатын. Бірақ бүгінгі жағдай мүлдем өзгерген секілді. Бұл күнде сарбаздар сапына тұруды армандайтын жігіттерден гөрі әскерден ат-тонын ала қашатындар жөнінде көп еститін болдық. Мұның себебі неде? Қазақ баласы неліктен Отан алдындағы борышын өтеуден қашқақтайды? Бұл «Отан үшін отқа түсетін» жауынгер жігіттердің азайғандығының белгісі ме?
Әскерге қабылдау қалай жүзеге асады?
Көршілес Ресей мемлекеті биылдан бастап өз армиясының санын арттырып, келесі жылы 1,9 миллионға жеткізетінін мәлімдеген болатын. Ал біздің елдің Қорғаныс министрлігі «саны бойынша шағын, бірақ жинақы армия құруды» мақсат етіп отыр. Күзгі шақырылымда Қазақстан армиясының қатарына жаңадан 17 мың сарбаз қосылады деп жоспарлануда. Негізінен, елімізде әскерилердің шамамен 70 пайызы – келісімшарт бойынша ақылы қызмет ететіндер. Соның ішінде, техникалық бөлімшелерде, сондай-ақ, әуе және теңіз қарулы күштерінде құрамның 99 пайызы келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилерден құралған. Екінші қыркүйектен бастап елімізде 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды әскер қатарына шақыру басталды. Жалпы, мерзімді әскер қатарына 120 мың ер азамат шақырту алады. Соның 80 пайызы армияға жарамды жандар. Тек 10 пайызы ғана денсаулығына байланысты әскерге жарамсыз. Ал қалған он пайызы уақытша ем қабылдап жүргендер. Сонымен қатар, биылдан бастап ақылы әскери білім алғысы келетіндердің жасы 24-тен асуы керек. Биыл әскер қатарына қабылдау үшін жүргізілетін медициналық тексеріс те қатаңдаған. Дәрігерлер ер азаматтардың денсаулығымен қатар психологиялық күйіне басты ден қоймақ. Айта кетейік, соңғы жылдары әскерге шақырылғандарға жиі қойылатын «бас сүйек ішіндегі қан қысымы жоғары» диагнозына қазір көз аурулары қосылған. Бұл ретте көктемде өткен Үкімет отырысының бірінде Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке ескірген интерактивті тақталар және басқа да электронды форматтағы оқу құралдары болашақ жауынгерлердің көру қабілетіне нұқсан келтіретінін, әскерге шақырылушылардың көбісінің көздері жақсы көре бермейтінін ескерткен болатын. Елімізде бекітілген ережеге сәйкес, әскер қатарына әскерден босатылуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтар шақырылады. Әскери борыштың мерзімі – 12 ай. Әскери дайындықтан жедел өтуді қалаған азаматтар қызметтің жеңілдетілген түрін пайдалана алады. Яғни, 40 күндік ақылы оқуды аяқтаған азаматтарға әскери курсты тәмамдағаны жөнінде куәлік беріледі. Әрине, 40 күндік оқуды 1 жылдық әскери өмірмен салыстыру мүмкін емес. Заң бойынша әскерден үйленгендер, сотталғандар, денсаулығы жарамсыздар, студенттер ғана босатылады. Ал әскерде болмағандарға 27 жасқа толғанда әскери қызметке жарамсыздығы жөнінде билет беріледі. Айта кетейік, елімізде әскердегі әрбір жауынгерді асырауға бюджеттен 1 миллион теңге бөлінеді. Бұған күнделікті үш рет берілетін тамақ, жатын орны және киім-кешегі кіреді.Босбелбеулер көп болғаны ма?
Бала күнімізде үстінде жауынгер киімі, басында фуражкасы, аяғында әскери керзі етігі бар ағаларымыз азаматтық борышын өтеп, елге оралғанда дүбірлетіп той жасаушы еді ата-аналарымыз. Ол кезде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келген жігіттерді кішкентайлар үлгі тұтатын, үлкендер арқасынан қағатын. Әскерден келген азаматтардың да жүзінен мақтаныш сезімі байқалып тұратын еді. Жадымызда жатталған осы бір әдемі естеліктерді бүгінгі күні байқай алмайтынымыз өкінішті-ақ. Әрине, әскерге барудан барша жігіт қашып жүр деуден аулақпыз. Сала мамандары да қазіргі уақытта әскери борышын өтеуге ниетті жастардың саны бұрынғыдан әлдеқайда артқандығын айтады. Алайда қоғамда әскери борышын өтеуден қашатын босбелбеулер де жоқ емес. Әскерге бармаудың сан түрлі жолын тауып, «қолдан жасалған» ауруын сылтаурататын жігіттердің намыссыздығы талай рет талқыға түскен. Сонда да сап түзеп, әскери сабақ алудан қашатын жігіттер саны азаймай отыр. Сондықтан елімізде әскер қатарына барудан бас тартқандар үшін жаза тағайындалмақ. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері бас штабы тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы Мүслім Дайыров мәлімдеді. Мүслім Дайыровтың айтуынша, әскерге барудан қашқан дені сау азаматтар енді бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 2 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Ал денсаулығына байланысты жалған құжаттар жасатса, одан екі есе көп айыппұл төлейді немесе осы қаржыны өндіру мақсатында қара жұмысқа жіберіледі. Әскерге деген қызығушылықтың азаюына әсер етіп отырған себептер көп. Соның бірі – әскерге алу талаптарының қатаңдығы. Армия қатарына қабылдануды армандайтын ауыл баласының біразы «майтабан» болғандықтан, әскери киім киюден қағылуда. Дәл осы себеппен әскер қатарына қабылданбай қалғандардың саны қанша?! Және әскерге алынбай қалғандардың көбісі өздерінің «майтабан» екенін айтып мақтанудан да кетәрі емес. Зады, жігіттердің көпшілігі әскери сабақты жоғарғы оқу орындарында жүріп-ақ оқу мүмкіндігін қалт жібергісі келмейді. Жас жігіттер үшін бұл тиімдірек. Яғни, ата-анасы мен достарынан ұзап, алысқа кетудің қажеті жоқ. Ал темірдей тәртіп әскердегідей ұзаққа созылмайды. Өзіне үйреншікті ортада жүріп-ақ, әскери шенге қол жеткізе алады. Бірақ мұндай мүмкіндік барлығына бірдей қолжетімді емес. Өйткені жоғары оқу орындарындағы әскери дайындық бөлімдеріне де екінің бірін қабылдай бермейді. Ал әскери дайындық бөліміне қабылданғандар әскерге жұмсаған бір жылын оқу оқып, қосымша жұмыс істеумен өткізеді. Бүгінгі заманда жас жігіттер үшін ұтымдысы осы. Оның үстіне, әскери билетті түрлі жолмен «сатып алуға» болатындығы да талай жас жігіттің міндетін жеңілдетуде. Бүгінде ата-аналар да бұрынғыдай балаларын әскерге жіберуді армандап, күтпейді. Мұның да себебі жоқ емес. Күн сайын орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар, жан түршігерлік оқиғаларды естіген ата-ана үміт еткен баласын әскерге жіберуге қайдан ниетті болсын?! Теледидар мен ғаламтордан естіп-білген жайттар жүрегін шайлықтырған қай ата-ана баласын әскерге жібере қояр дейсіз?! Жасыратыны жоқ, әскери борышын өтеп жүріп, түрлі әлімжеттік істердің құрбанына айналып, талай сарбаздың туған жеріне мүрдесі қайтты. Санамалап қарасақ, әскери борышын өтеуден қашатын жігіттердің сылтауы сан түрлі. Алайда қазақ жігітінің мойнында бір міндет бар. Ол – Отан үшін қызмет ету, Отан үшін от кешу. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі», – дейді қазақ халқы. Қашанда халықтың ұлы болу – әрбір жігіттің биік арманы. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген жігіт біршама есейеді. Қуыс кеуде болып, қашып жүргеннен не пайда? Одан да әр жігіт Отан алдындағы парызын өтегені жөн. Бойында қазақтың қаны ойнаған, жүрегінің түгі бар жігіт бұл жауапкершіліктен жалтармайды. Ал қоғам жігіттерді әскерден безуге емес, соған ұмтылуға жұмылдыру жолында тәрбиелеуге тиіс.Әскердегі әлімжеттікке тоқтау бар ма?
Әскерге барудан қашқақтайтын жігіттердің атап айтар бір себебі – әлімжеттік. Өкінішке қарай, әскердегі әлімжеттікті түбірімен жою қолдан келмей тұр. Қорғаныс министрлігі де бөлімдердегі әлімжеттікті тамырымен жою мүмкін еместігін мойындайды. Министрліктегілер тәртіп бұзушылардың қатаң жазаланатынын ескерткенімен, мұндай әрекеттің тамырына балта шабу қиын екендігін алға тартады. Ресми дерек бойынша, 2017 жылдың алғашқы үш айында Қарулы Күштерде 86 қылмыс тіркелген. Оның екеуі – әлімжеттік әрекеттер. Ал 2016 жылы 268 қылмыс, 11 әскердегі әлімжеттік фактісі тіркеліпті. Әскерге алғаш барған сарбаз барлық қиындыққа шыдаймын деп ант беретіні белгілі. Алайда әскердегі қатаң талап пен жас сарбаздың намысын аяққа таптау, әлімжеттік пен қорлықтың арасында айырмашылық жер мен көктей. Әскерде жүрген сарбаздар онда болып жатқан әлімжеттік туралы ешнәрсе айтпайды. Ал әскери борышын өтеп келгеннен кейін, командирлердің ұялы телефонына бірлік салдыратынын, әскерден қайтуға әзірленіп жүрген сарбаздардың қатарға жаңа қосылғандарды мәжбүрлеп, үйінен ақша сұрататынын, бәрін-бәрін тізіп айтып береді. Сол себепті де, әскердегі әлімжеттіктің нақты деректерін ешкім біле алмайды. Психологтар өз-өзіне қол жұмсағандарға көбінесе психикалық ауытқуы бар деген баға береді. Ал сарбаздар әскер қатарына алынбай тұрып, толық медициналық тексеруден өтеді. Егер әскерде жүріп өз-өзіне қол жұмсаған сарбаздың психикалық ауытқуы болса, сарбазды әскерге қалай алған? Әлде әскер қатарына сау болып қосылған сарбаз психикалық ауытқуға сонда жүріп ұшырайтын болғаны ма? Қисынсыз мысал келтіретін әскери бөлімшенің қызметкерлері осы жағын ескере қоймайтын сияқты. Әскерде орын алып жатқан осыншама заң бұзушылықты анықтауға құқық қорғау органдарының неліктен дәрмені жетпей жүр? Сарбаздар арасында әскердің жазылмаған заңы қалыптасқан. Әлі жеткені әлсізін сабау, міндеттелген тапсырманы дұрыс орындай алмағандардың жазасын беру әскердегі қалыпты жағдайға айналып кеткен сияқты. Баласын Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіп, жанын шүберекке түйіп, сары уайымға бататын ата-анаға да оңай емес. Әскердегі әлімжеттіктің түп-төркіні қайда жатқанын іздеп көрдік пе? Әлімжеттік әрекеттерге баратын сарбаздар мен әскери қызметкерлер қайда тәрбиеленген? Тіпті, ондайлар жасында тәрбие көрген бе? Азаматтардың заңсыз әрекет жасауына оның отбасындағы тәрбиесінің ықпалы болуы да бек мүмкін. Отбасында жақсы тәрбие алған, үлгілі, өнегелі азаматтар әскер қатарында да алдыңғы шептен көрінуге тырысады. Сондықтан әскерде орын алатын мұндай көріністерге әскерге дейінгі тәрбиенің жеткіліксіз болуының да өзіндік ықпалы болады. Барлық отбасы бірдей емес. Кейбір әке-шешелер балаларын кішкентайынан елін сүюге, туған жердің белді бір азаматы болуға баулиды. Ал қайсыбір шаңырақтардағы ата-ана «санатындағы» кісілер ұлдарының болашағын ойлау былай тұрсын, қу құлқынның қамын ойлап, ішімдікке салынып кетеді. Оларға балаларының келешегінен гөрі, арақ-шарап артық көрінеді. Міне, осындай толыққанды тәрбие алмаған жастардың әлгіндей кемшіліктері, мінез-құлықтары әскер қатарына шақырылған кезде анық көрінеді. Әскер – өмір мектебі. Ол ата-анасының жанында қиындық көрмеген кез келген бозбаланы ширатады, шыңдайды, өз бетінше өмір сүруге тәрбиелейді. Сондықтан әрбір қазақ азаматы сарбаз ретінде сап түзеп, әскери мектепте шыңдалудан қашпауы қажет.