Сұлу жерлер сұрқай өлкеге айналса...

Сұлу жерлер сұрқай өлкеге айналса...

Сұлу жерлер  сұрқай өлкеге айналса...
ашық дереккөзі
601
Жаздың мамыражай күндері аяқталғанымен, қала сыртына демалуға шығатындар қатары кеміген жоқ. Әсіресе, Алматы тұрғындары күздің қара суығы түскенше тауға шығып, табиғат аясында сейіл құрудан жалықпайды. Таза ауада от жағып, қазан көтермесе демалыс бола ма?! Бірақ оның арты өртке ұласып, қызыл жалын табиғат ғажайыптарын күлге айналдырып қана қоймай, адам өмірін де жалмауы мүмкін екенін ескере бермейміз. Өткен аптада Алматыда Іле Алатауы Ұлттық табиғи саябағында алау жаққан төрт тәртіп бұзушыға 226 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Таудың басында орманның жанып жатқаны туралы куәгерлер хабарлаған. ТЖД қызметкерлері көрсетілген мекенжайға бірден жеткен. «Кейінірек анықталғандай, төрт азамат таудың басына шығып от жаққан, ерекше қорғалған табиғи аумақта өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған. Оларды ұстауға жергілікті полиция қызметі мен Ұлттық саябақ орманшылары көмектесті», – деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі. Іле Алатауы Ұлттық табиғи саябағы Медеу филиалының жедел тобы қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, 100 АЕК, яғни 226 900 теңге айыппұл салды. Өкінішке қарай, орман мен дала алқаптарының, шабындық жерлері мен жайылымдардың жүздеген гектарларының өртенуі көбінесе табиғатқа жаны ашымайтындардың әрекетінен болады. Демалуға барған адам толығымен сөндірілмеген темекі тұқылын қураған шөптерге лақтырып, бірі ошақта тамақ пісіріп, оттың толық сөнгеніне көз жеткізбестен жөндеріне кетеді. Дәп осыдан, орман өрттері мен  дала өрттері туындайды. Биылғы жылдың жазында Алматы облысының аумағында жалпы ауданы 4 057 гектарды құрайтын  9 далалық өрт болған және жалпы ауданы 5,8 гектарды құрайтын 2 орман өрті болды. Далалық өрттерден келтірілген материалдық шығын 250 мың теңгені құрады, ал орманды өрттерден келтірілген шығын 75 мың 900 теңгені құраған. Орманды және далалық өрттерді сөндіру үшін өрт сөндірушілер 12 рет сабылып, сонымен бірге өртті сөндіруге жеке құрамның 405 адамы мен облыстың ТЖД 63 автотракторлы техникасы жұмылдырылды. Өрттердің негізгі себептері – өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, от жаққан орынды тазаламау, шылым шегу кезінде абай болмау және қасақана от қою. Атап айтсақ, 2017 жылғы  21 сәуірінде Балқаш ауданындағы орман және  жылдың аңшылық шаруашылығы комитетінің аумағында  2,9 гектар жерді шарпыған  өрт от жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін мұқият сақтамаудан тұтанса,  1 маусымда Алакөл ауданындағы «Архарлы» ауылының «Шелекті» учаскесінде жалпы ауданы 300 гектарды құраған қызыл жалын белгісіз біреулердің қасақана от қоюынан болған. Ал биылғы жылдың  27 маусымында Іле ауданындағы Қарағанды-Жетіген трассасынан 38 шақырым қашықтықта  930  гектар аумаққа жайылған өрттің өршуіне абайсыз шылым шеккендер кінәлі. Алматы облысы, Іле ауданының ТЖБ бастығы азаматтық қорғау майоры С.Кенжеханның айтуынша, Іле ауданында осы жылы өрт қаупі кезеңі басталғалы 3400 гектар аймақта 185 құрғақ шөптің өртенуі тіркелген. Қураған шөп болмашы ұшқыннан тұтанады да, от бірден үлкен алаңға жайылады, жел қаузап, жақындағы тұрғын үйлерге, ғимараттар мен құрылыстарға, Алматы аумағындағы тау-орман алқабына шығып кету қаупі бар. Сон­дықтан кез келген өрт ошағын күшеймей тұрғанда дер кезінде өшіру үлкен апаттардың алдын алады. – Биылғы жылы ең алғашқы өрт ерте көктемде, 29 наурызда Медеу ауданының «Думан» ықшамауданында болды. Мұнда қураған ағаштар өртеніп, 10 гектар аумаққа жайылып кетті. Қаланың, елді мекендердің ішіндегі мұндай өрттер негізінен тұрғындардың қоқыс өртеуінен, далада алау жағып, ошақ көтеруінен туындайды. Тамыздың басында Алатау ауданындағы Сақ қорғанының бес гектар аумағын от жайлады. Алатау және Медеу аудандарында да биылғы жылы құрғақ шөптің өртенуі жиі қайталанып отыр. Өрт бөлімшелерінің жедел әрекеттері нәтижесінде аулалардағы, құрылыс алаңдарындағы қураған шөптердің тұтануынан шыққан қаншама өрттің алды алынды, ары қарай жайылуына жол берілмеді. Мұндай өрттің жиі шығуының себебі – жеке сектор тұрғындарының аумағында бұрынғыдай күтімнің жоқтығы. Бос жатқан алаңдардағы, аулалардағы қурайлар уақытында шабылмайды да, кейіннен қураған құрғақ шөп өрт қау­пін туғызады. Оның арты апатты жағдайларға әкелуі мүмкін, – дейді Алматы қаласы ТЖД ӨҚСБПҚБ бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Айдос Нүсіпбаев. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті өрт қауіпсіздігінің ережелері туралы ақпараттандыру бойынша алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізіп келеді. Өрт сөндіру қызметі бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану, тұрғындармен әңгімелесу, ескертпе парақтар мен брошюралар тарату арқылы өрт қаупіне қарсы насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Бірақ қала тұрғындары құрғақ шөпті өртеу кезінде қарапайым сақтық ережелерін көбінесе сақтамайды. Өрт қаупі кезеңі басталғалы бері Алматы қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлері жергілікті учаскелік полицейлермен, әкімдікпен, қорықшылармен бірлесіп Алматы іргесіндегі тау-орман телімдерінде ұдайы патрульдік кезекшілік жүргізді, тұрғындарға, тау бөктерлеріндегі демалушыларға 7 мыңнан астам жадынама мен нұсқаулықтар таратылды. Құрғақ шөпті өртеп, алаңды тазартамыз немесе егістікті тыңайтамыз деп біз табиғатқа үлкен зиян тигізетінімізді біле бермейміз. Бұл егістікке өте зиян, өйткені топырақтың табиғи шіру процесі бұзылады, топырақтың құнарлылығы азаяды. Даладағы қураған шөп өртенген кезде жер бетінде өмір сүретін барлық ұсақ жәндіктер, тіпті сүтқоректі жануарлар да өртенеді немесе тұншығып, қырылып қалады. Өсімдіктерді тыңайтатын топырақтағы пайдалы микроорганизмдер де жанып кетеді. Осыған байланысты Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті таулы, орманды өңірлерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, арнайы белгіленген жерлерден басқа орындарда алау жағып, от тұтандырмауға шақырады. Жеке сектор тұрғындарына аумақты уақтылы құрғақ шөптерден, қоқыстардан тазартып отыруға кеңес береді. Кіші және орта бизнес нысандарының, жаппай адам жиналатын нысандардың жетекшілеріне өрт қауіпсіздігінің деңгейін ережеге сәйкес қамтамасыз етуге үндейді. Сала мамандары Қылмыстық кодекстің 292-бабы бойынша өрттен адам өміріне аса ауыр зиян, ірі материалдық залал келтірілсе немесе адам қаза болса, ірі көлемде айыппұл салынатынын және белгілі мерзімге бас бостандығына шектеу қойылатынын ескертеді. Дала өрттері адам өмірін жалмаған кездер де аз емес. Мәселен, жуырда Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сұлукөл ауылында тұтанған қызыл жалын кезінде 4 адам қаза тапты: ауыл әкімі Батырбек Бірлепесов, мұғалім Жолдыбек Әбдісәлімов, мектеп күзетшісі Жомарт Смаилов пен шаруа қожалығының жұмысшысы Жаңабай Әбішев. Бәрі де өрт сөндіреміз деп жанталасып жүріп мерт болды. Сол күні Әйтеке би ауданының 7 ауылында өрт болған. Дала өртін сөндіруге жұмылдырылған еріктілердің қолына сапалақ берілген, кейбірі сумен өрт сөндірген. Бірақ аудан, ауыл әкімдігі жанынан жасақталған еріктілердің күші өртті сөндіруге жетпеген. «Ауыл әкімі Батырбек Бірлепесов жел күшейіп, өрт ауылға 10 шақырым қалған кезде екі машинамен шыққан. Еріктілер су бүріккіші бар өрт сөндіру құралымен және сапалақпен алауды сөндірген. Бірақ үшеуі өрттен шыға алмай қалды. Бір мезгілде 7 ауылда өрт шықты. Бәрін бірдей қамтамасыз ету мүмкін болмады», – дейді Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Темірбек Рахметов. Тілсіз жау табиғаттың әсем қойнауынөртеңге айналдырғанына шыдай алмай, қызыл жалынмен арпалысқа бел шеше кіріскендердің қазасы темекі тұқылын көрінген жерге лақтырып, ошақтың шоғын сөндірмей кете баратын, табиғатқа, адамзатқа жанашырлықтан ада жандарға сабақ болар, бәлкім...

Серіктес жаңалықтары