1021
Оғыз Доған: Түркі бірлігінің ұйытқысы - қазақ тілі
Оғыз Доған: Түркі бірлігінің ұйытқысы - қазақ тілі
Қазақ тіліне айрықша ықыласпен қарап, зерделі зерттеулер жасап жүрген түрік ғалымдарының бірі – Оғыз Доған. Соңғы кездері, қазақстандық және шетелдік сайттарда, әлеуметтік желілерде қазақ тілін қорғауға қатысты белсенді пікірімен танылып жүрген азаматпен сұхбаттасудың орайы туған еді. Назарларыңызға қазақ тілінің жанашырынан алған сұхбатымызды ұсынамыз.
‒ Сіз қазақ тілін зерттеп жүрсіз және қазақ тілі туралы диссертация қорғадыңыз. Қазақ тілін игеруді қалай бастадыңыз?
– Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең бай тілдер қатарына жатады. Қазақтар көшпелі халық болғанымен, ауыз әдебиеті мен аңыз-әңгіме, жыр-дастандары атадан балаға ауызша айтылып, тілдік қоры ерекше дамыған. Әрқашан да түрік жастарына «үйренуге тиісті тілдердің бірі ‒ қазақ тілі», ‒ деп айтып жүремін. Біріншіден, қазақ тілінің сөздік қоры өте бай, екіншіден кез келген ойды, эмоцияны, сезімді жеткізуге өте тиімді. Мысалы, түрік тілінде қазіргі шақта айтылатын «иор» және «макомекте» сынды екі сөз ғана бар. Ал қазақ тілінде «жатыр», «тұр», «жүр», «отыр» болып түрлене береді. Сөздері де оқиғаға байланысты түрленіп, шығарманың мағыналық жағын ерекше толықтыра түседі. Меніңше, барша түркі халықтары қазақ тілін мойындауы тиіс. Өзім Мағжан Жұмабаевты рухани көсем деп есептеймін. Ол кісінің «Қазақ тілі» деген өлеңінің соңында:
«...Таралған түрік балаларын бауырыңа,
Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім...» ‒ дейді. Мағжанның бұл өлеңі өз елі отарланып, өз басы тұтқынға түскен ақынның қазақ тілінің болашағына қарата айтқан сөзі еді. Жан-жаққа тарап кеткен түрік балаларын: «Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім», – дейді. Сондықтан келешекте түркі халықтарының басын қосатын қазақ тілі екеніне кәміл сенемін. Қазақ тілі өткір және құдіретті. Мысалы, қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі бар. Мұндай сөздік басқа ешқандай елде, халықта жоқ. Кейде бәзбіреулер қазақты кемсіту үшін «көшпелі, қой соңында жүрген ел» деп айтып жатады. Бірақ, қазақтың сөздік қорына терең бойласаң, мүлдем ондай емес екеніне көзің жетеді. Мектепте оқып жүрген кезімнен қазақ тілін зерттеп бастадым. Кейіннен түркология факультетінде оқып, магистратурада қазақ, ноғай және қырым көшпелілерінің мақал-мәтелдерін салыстыру негізінде диссертация қорғадым. Сол кезде Қазақстанға келіп, біраз тіл мамандары мен зерттеушілермен кездесіп – ел ішіндегі мақал-мәтелдерді жинадым. Сонда қазақ тілі түркі халықтарына ортақ тіл екендігін көрдім. Қазақ мақал-мәтелдерінің, даналық сөздерінің құдіреттілігіне куә болдым. Магистратураны тәмамдаған соң, докторантуралық диссертациямды да қазақ тілінің фонетикасы туралы жазып, қорғадым. Ана тіліміздің тілдік қорының өте бай екеніне тәнті болдық. Түркияда бізден бұрын қазақ тілінің фонетикасын ешкім зерттемеген екен. Алғашқылардың бірі болып зерттеуді қолға алдым. Зерттеуге алты жылымды арнап, қазақстандық архивтерде жатқан мол мұрағаттарды қотарып, докторлық диссертациямды дайындадым. Содан филология ғылымдарының докторы атанып, қазақ тілі туралы кітаптар жаздым. Ол еңбектерімде қазақ тілінің жазбаша, ауызекі фонетикасының дамуын, әсіресе ноғай, қарақалпақ тілдерімен салыстыра жазуға күш жұмсадым. Ахмет Байтұрсынұлы дайындаған төте жазу мен бүгінге дейінгі алфавиттерді тереңінен зерттедім. Бір қызығы, байырғы кезде қазақ, қырғыз, өзбек, татар ұлттары сөйлескенде өз тілдерімен сөйлесті, ал жазғанда шағатай тілінде жазған екен. Мысалы, Шығыс Қазақстанда «шақырып жіберші» дегенде «ш» әрпін қатты дыбыстайды. Осы сөздің де айтылуы мен жазылуында айырмашылық бар. Бұл байырғы түркі тілдерінен қалған ғадет. Қазақтың бірінші филологы Ахмет Байтұрсынұлы төте жазуды қазақ тіліне реформалап, ереже құрастырып, тілдік ерекшеліктерін қалыпқа келтіріп, қазақ фонетикасының негізін қалаған. Ғалымның бұл ережелерін Алаш зиялылары да мақұлдап, сол ережемен жаза бастады. «Айқап», «Қазақ» газеттері де осы жазу ережесімен шығып тұрды.
‒ Түркі халықтарының ортақ тілдік ерекшеліктері бұзылып, өзара түсінісуден қала бастауына қандай себептер барын зерттеуден байқаған боларсыз...
‒ Түркі халқтарының бір-бірінен ажырап, тілдік фонетикасының тоқырауға ұшырауына басты себеп ‒ Патша үкіметі мен орыс большевиктерінің түркі халықтарын бөліп жіберуі болды. Отарлаушылар түркілердің ортақ тілдік қорын бұзса, оларды бір-бірінен алыстатып, бірлігінен айырып жіберуге болатынын білді. Мысалы, қазақ, өзбек бір-бірін сөйлескенде түсіне беретін. Бірақ отаршылдар оларды жазғанда түсінбеуі керек деген саяси идеологияны қолданды. Большевиктерден кейін латын әліпбиі деген идея айтыла бастады. Бұл тіл үйренуге оңай, бәріне ортақ деген желеу ғана еді. Дегенмен түпкі мақсаты түркі халықтарының байырғы бірлігін таратып жіберу болды. Себебі сол тұста түркілер бірігіп ортақ төте жазуды қолданып жатқан-ды. 1928 жылға дейін Түркия төте жазуды қолданып келді. Төте жазу араб әліпбиі болғанымен түркілер бірін-бірі жазбашада оқып, түсінуіне оңай болатын. Жазуы, әліпбиі бір болғасын түркі халықтары бір-бірін түсіне алды. Большевиктер латын әліпбиін енгізіп, түркілерді Түркиядан айыруды көздеді. Сол кезде Мұстафа Кемал Ататүрік 1928 жылы Түркияны латын қарпіне өткізіп, большевиктердің түркі халықтарының тілін бөлуіне мәдениетті түрде қарсы шықты. Ататүрік орыстардың әліпби ауыстыруының түпкі мақсаты ‒ бірлікті бөлу екендігін білді. Сонан соң шовинист большивиктерде «енді не істеу керек?» деген алаңдаушылық басталды. Одан соң олар кириллица әрпін ойлап тапты. Бірақ олар өздерінің озбыр саясатын 1938 жылы Мұстафа Кемал қайтыс болған соң ғана жүзеге асыра бастады. Кеңес отарында қалған барлық түрік елдері кириллицаға өтті. Кириллица ауызекі тілде бірін-бірі жақсы түсінген түркі халықтары үшін жазбаша түсіне алмастай күрделі болатын және әліпбиді қолдануда жазу ережелерін, таңбалау түрлерін өзгертіп жіберді. Яғни, түркі халықтарында ортақ кирилл қарпі болғанымен, жазылу ережелері түрліше формада таңбалана бастады. Қазіргі таңда кирилл қарпімен сауат ашқан адамдар латынға өткісі келмейді. Бірақ, біз құлдық санадан құтылу үшін кириллицадан латынға көшуге тиіспіз. Қарап отырсаңыз, латын да, кириллица да біздікі емес. Біздің жазу руна. Рунаға өту қазір мүмкін емес шығар, бірақ латын әліпбиіне өткен түркі халықтары көп болғандықтан, сол әліпбиге өтіп, бірігуді ойлау қажет.
‒ Қазақстанда латын әліпбиіне көшу жүзеге асырыла бастады. Бірақ, кейбір төл дыбыстарымызды таңбалау қиындап, бұл мәселе қызу талқылануда. Сіздің де айтарыңыз бар шығар?
‒ Қазақ филологтарына айтарым, жаңа әріп ойлап табудың қажеті жоқ. Қосымша ретінде түрік тілдерінен әріптер алу керек. Барлығымыз бір мемлекет болмаймыз, бірақ біртұтас түркі ұйымы бола аламыз. Бұл біздің тағдырымыз. Тарих, тіл, саясат түбінде түркілерді бірігуге мәжбүрлейді. Бір болсақ әлдеқайда күшті боларымыз сөзсіз. Біздің кирилл әріптерін қолданып жүргенімізге бір ғасырдай уақыт болды. Осыған байланысты қазақ тілінің дыбысталу әуезділігі жоғалып бара жатыр. Мысалы, «ң» «і» т.б. әріптерінің дыбысталуын айта алмайтын жастардың қатары көп. Ал енді біз латын әліпбиіне көшсек, осындай түйіткілдер болмай ма? Расында да қазақтың көп дыбыстары жоғалып, орыс әуезінде сөйлеу етек алып бара жатқанын жасырып жабуға болмайды. Бұл кириллицаның әсерінен деп білемін. Қазақстан бұл бастамаға, таңдаулы тіл мамандарын қатыстыра отырып, қоғамдық талдаудан өткен латын әліпбиін енгізу қажет деп ойлаймын. Сіздер қолда бар алтынның қадіріне жетпей жатқан шығарсыздар. Қай жағынан алып қарасаңыз да, түркі әлемінде қазақ тілі көш бастайды деп сенемін. Егер Қазақстан латын әрпін жақсы игеріп, дұрыс қалыптастыра білсе, басқа түркі тілдес халықтарға қазақ тілін үйрену оңай болады.
‒ Терминдерді ағылшын нұсқасында таңбалауды жөн санайтындар жетерлік.Қандай жолды таңдағанымыз жөн?
‒ Түркия арабтардан, ал Қазақстан орыстардан көп сөзді алып, қолданып жүр. Түрік филологтары өзге тілден енген сөздердің мағынасын сақтай отырып, түрік тіліндегі терминдерді қалыптастырды. Мысалы, «ұшақ» деген сөз түріктерде де, қазақтарда да «ұшу» деген мағынаны береді. Онан бұрын түріктер арабтардың «тойр» (ұшу) деген терминін қолданып келді. «Ұшақ» сөзі бірінші рет Түркияда қолданылды. Кейін қазақтар қабылдады. Негізінен қазақ пен түрік тілінің ұқсастығы өте көп. Сондықтан түркі тілдерінде терминдер қалыптастыру керек. Осылай біздің сөздеріміз ортақ болады. Қазіргі таңда 70 пайыз сөзіміз ортақ. Он ғасырдай ажырап қалсақ та, тілдеріміздің түпкі мағынасы бір. Түркі бірлігінің ұйытқысы қазақ тілі болуы қажет. Өйткені терминдерді орыс, араб, парсы сөздерінен тазартып, түркілерге ортақ тіл қалыптастыруға тек қазақ тілінің құдіреті жетеді деп ойлаймын.
‒ Түркияның түркі елдерін мәдени, рухани біріктіруге арналған бағдарламалары бар ма?
‒ Шынымды айтсам, саясат жағына көп қызықпаймын. Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 26 жыл болды. Енді Қазақстан түркілерге көсем болуы керек. Өйткені «Түркілер кеңесін» бастаған Н.Назарбаев болатын. Содан бастап біздің Түркиядағы зиялылар, патриот жастардың көбі Н. Назарбаевты Елбасы, түркілердің көсемі ретінде көреді. Түркі елдерін біріктіруде Қазақстанға, қазақ тілінің күштілігіне сенем. Ол үшін қазақ қазақты жақсы көріп, өздерін басқалардан кем көрмей еңсесін тік ұстауы керек. Сонда ғана қазақ түркі әлеміне көшбасшы болады. Интернетте «Ұлы далаға ашық хат» деген мақаламды жарияладым. Онда бәрін ашық жаздым. Түркияда араб тілінде хабар тарататын телеарналар бар. Арабтарға Түркияның саясатын насихаттайды. Ал неге қазақ тілінде телеарна жоқ?! Ресейдің қазақ тілінде хабар тарататын теле арнасы бар екен. Түркия неліктен қазақ, өзбек тілдерінде хабар тарататын телеарналарды ашпайды? Елдің әлеуеті оған жетеді. Мысалы, АҚШ-тың «Азаттық радиосы» әлемнің көптеген тілінде хабар таратады.
Түркиядағы бауырларыңыздан көп үміттене берудің қажеті жоқ. Керуенді қазақтар бастауы керек. Елбасы Н.Назарбаевты қолдаймын, мүмкіндігінше, түркі халықтарының басын қосуға тырысып жүр. Тіл жағынан, мәдениет жағынан бірігуге қазақтар түрткі бола алады деп сенемін.
‒ Қазіргі таңда өзіңіз зерттеп шыққан ноғай, қарақалпақ тілдерінің жағдайы қалай?
‒ Ресейдің құрамындағы түркі халықтарының мәдени жағдайы өте нашар. Өткен жылы Астраханьға, Дағыстанға бардым. Шынымды айтсам, жаным ашыды, олар өз тілдерін ұмыта бастапты. Астрахань байырғы қазақтың жері болса да, жергілікті қазақтардың көбі бір ауыз қазақша білмейді. Сонымен қатар Татарстан, Башқұртстан автономиялық республикалары түркі тілінің тамыры болғанына қарамастан, қазіргілер өз тілдерін ұмыта бастаған.
‒ Қазір немен айналысып жүрсіз?
‒ Алашорда туралы кітап жазып жатырмын. Бұйырса, осы жылдың ақырында жазып бітіремін. Түрік тілінде жарық көреді. Өйткені түрік жастары және халқы Алашорда туралы білуі тиіс. Бұл сол кездегі зиялы қауымның үлкен қозғалысы болған. Ататүрікке де шабыт берген Алашорда қозғалысы туралы Түркия білуі керек және оны жазуға міндеттімін деп білем. Сол кездегі «Айқап», «Қазақ» газеттерін зерттеп, зиялылардың түркі халқын біріктіру идеясын кітапқа түсіріп жатырмын. Бүкіл Түркия қазақ тарихын, тегін біліп, олардың бірігуді бір ғасыр бұрын бастағанын білсін деймін. Түркиядан шығып жатқан «Қазақ елі» деген журналдың Қырғызстандағы тілшісі болып қызмет атқарамын. Бішкекте тұрып жатырмын.
‒ Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Жәнібек ҒАЛЫМ