318
Темір тордың тасасы - талай тағдыр
Темір тордың тасасы - талай тағдыр
Жуырда Жамбыл облысындағы қоныс колониясы жазасын өтеуші 6 адамға іздеу жариялады. Қашқындарды колония басшылығы жатпай-тұрмай іздеген. Таппаған соң елден көмек сұрауға мәжбүр. Бұрын қылмыс жасағандары аздай тағы да заң бұзып, тәртіпке бағынғысы келмегендер тәртіп сақшыларының қолына түссе, жаза үстіне жаза арқалайтыны анық.
Абақтыдан қашып кеткендер алаяқтықпен айналысқаны және ұсақ-түйек ұрлық жасағаны үшін сотталған. Арада біраз уақыт өткен соң жақсы тәртіптері үшін қоныс колониясына ауыстырылып, тіпті жұмысқа да орналасып үлгерген. Қоныс колониясында кәдімгі түрмедегідей қатаң тәртіп жоқ. Десе де, бостандықты аңсаған алтау сыртқа шыққан күйі қайта оралмаған. Алды бір жыл бұрын ізім-ғайым жоғалса, соңғысы осыдан екі апта бұрын жұмысқа кеттім деп шығып, кері қайтпаған. Алтауы да Алматы облысының тумалары. Әзірге олардың еліміздің қай бұрышында бой тасалап жүргендері беймәлім. Егер тәртіп сақшылары қолға түсірсе, бастарынан сипай қоймайтыны белгілі.
Бұл – еліміздегі алғашқы түрмеден қашу оқиғасы емес. Биылғы жылдың ақпанында Ақтөбеде қоныс колониясында жазасын өтеп жатқандар қашпақшы болды. Әділет майоры Нұржан Жидеханов табандылық көрсетпесе, қашқындар өз мақсаттарына жетуі де мүмкін еді. Ол қылмыскерлер мінген көлікке жармасып, қақаған аязды күні 10 шақырым бойы капоттан түспей жатып алған. Аяқ-қолы үсіп қалса да, қашқындарды тоқтатам деп тырмысқан. Тек тәртіп сақшылары көліктің жолын бөгеп, аман қалды. Ал ұсталған екі қылмыскер жаза үстіне тағы да жаза арқалады. Әріптестері Нұржан Жидехановты қазіргінің бандыны қуған Хамитына теңеп жүр. Қашқындарды ұстаған 34 жастағы әділет майоры Нұржан Жидехановтың жанкештілігі елеусіз қалған жоқ. Ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Түрме тіршілігінен тынысы тарылып, бостандыққа қашып шыққандар тар қапасқа өз еркімен оралады дегенге сену қиын. Биылғы жылдың сәуірінде осыдан 20 жыл бұрын түрмеден қашып кеткен ер адам өз еркімен Екібастұз полициясына қайта келді дегенді естігенде жұрт сене қоймаған. Бірақ шындығы сол. ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, сотталушы қауіпсіздік ережелерін бұзып, көлік құралдарын пайдаланғаны үшін Павлодар облысының Шідерті кентіндегі түзету мекемесінде 6 жыл жазасын өтеген. 1997 жылдың күзінде ол жазадан сытылып, белгісіз бағытта із жасырыпты. Арада 20 жыл өткенде қылмыскер абақтыға қайта оралды. Асылы, адам мойнында жаза тұрса, одан құтылмайынша тыныш өмір сүру де мүмкін болмағаны ғой. Дегенмен, жүрегінде иманы бар, адамдық қасиетін жоймаған адамдарды қылмыскер деп айтудың өзі қиын. Мына жағдай да сол біз айтып отырған мәселеге әбден келеді. Арада 20 жыл өтсе де өз еркімен келіп ұсталған жанды ендігі жерде «қылмыскер» деп ат қойып, бұғаулаудың қажеті жоқ болар. Осы жағын ескерген болуы керек, ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілдері өз еркімен келіп берілген азаматқа да рақымшылық жасалуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Әлемде абақтыдан қашуды қылмыс санамайтын мемлекеттер де бар. Мәселен, Мексикада түрмеден қашқандар жаза үстіне жаза арқаламайды. Неге дейсіз бе? Өйткені бұл елдегі жергілікті үкімет әрбір жанның еркін болуына және өз орнын табуына заң бойынша ерік берген. Дегенмен бұл түрмеден қашқан адамды бостандықта тайраңдатып қояды деген сөз емес.
Данияда да түрмеден қашу әрекеті қылмыс саналмайтын көрінеді. Егер қашқын қылмыскер қолға түссе, жазасын өтеу мерзімінің соңына дейін абақтыда отырады. Әлемдегі ешбір елде мерзімі бітпей немесе рақымшылық жасалмай түрмеден бірде-бір жан шыққан емес. Абақтыдан қашқан адамдарды іздеп тауып, таппаған жағдайда іздеу жариялап, құқық қорғау органдары қылмыскерлерді құрықтағанша тыным таппайды. Алайда іздеу жұмыстары ондаған жылдарға созылса да, әлі күнге дейін ізі табылмаған қашқындар бар. Әлемдегі ең атақты түрмелердің бірі – «Алькатрастан» қашқан үшеу сөзімізге жарқын мысал бола алады.
Із-түзсіз жоғалған үшеу
1963 жылы 21 наурызда өте қауіпті қылмыскерлер қамалатын, әлемдегі қорғанысы ең күшті «Алькатрас» түрмесі жабылды. Бұл түрме «Рок» (құз) деген атпен де танымал болатын. Калифорнияның осы аттас аралынан орын алған түрме АҚШ-тағы ешкім қашып шыға алмаған бірден-бір абақты еді. 1962 жылға дейінгі 29 жыл ішінде ешбір қылмыскер «Алькатрастың» қоршауынан әрі асып көрмеген. Алайда сол жылы 3 қашқын айласын асырып, түрме сыртына шығып, жағалауға бет алып қашқан. Олардың не тірі, не өлі екені әлі күнге дейін белгісіз.
«Алькатрастағы» әр қылмыскерге бір-бір күзетшіден берілген көрінеді әрі әрқайсысы бөлек-бөлек камерада отырған. Аралдан жағалауға дейін бірнеше шақырым жүзіп өту керек, су тіптен суық, ал оның ағысы өте қатты болатын. Бір қарағаннан-ақ адамның үрейін ұшыратын ғимараттың сырты тікенек темірлермен қоршалған. Күзет бақылайтын мұнаралар да болыпты. Алайда түрменің қорғанысы қанша мықты, режимі қаншалықты қатал болса да, қашуға бекінген үшеу мақсаттарына жетті. Олар: банк тонағаны үшін сотталған Фрэнк Моррис пен көлік ұрлағаны үшін жазаланған ағайынды Джон және Кларенс Энглиндер. Бұл қашу операциясының тағы бір мүшесі – Алан Вестке бостандыққа шығу бақыты бұйырмапты. Ол камерадан шыға алмай қалған.
Үш қашқын бұған дейін де басқа түрмелерден қашып шыққандар екен. Бір емес, бірнеше мәрте қашқан соң, «Алькатрасқа» қамалған. Олар ескі желдеткіш жүйесі өздерінің дәл үстінде орналасқанын білген. Асханадан ұрланған қасық-шанышқылардан бұрғы жасап, желдеткіш жолын өздері сыятындай етіп күн сайын кезекпен тесіп отырған. Қабырғаның бүлінген тұсын үнемі байқатпауға тырысқан. Қызу жұмыс жүріп жатқан кезде біреуінің қолы босай қалса, көрші камералардан күрте, құтқару желеткелерін, резеңке күртелерін алады. Күзетшілер олардың қашып кеткендерін байқамас үшін шаштаразда қиылған шаштарын жинап, гипстен адамның бастарын жасап дайындайды. 1962 жылы 11 маусымда ұйықтауға бұйрық берілгеннен кейін қылмыскерлер кереуеттеріне алдын ала дайындалған жасанды адам бастарын жастыққа қойып, өздері тер төгіп тескен қабырға арқылы туннельмен қашып кетеді. Дегенмен Алан Вест қашып шыға алмаған, себебі өзі өтетін құпия жолды толық қазып үлгермеген. Ал өзге үшеуі қашып кетеді. Үш қашқын түрменің үстіне шығып, су ағатын құбырмен бұғазға өтіп, түнге таман жағалауға жетеді. Осы жерден Моррис пен Энглиндердің ізі жоғалады. Олар әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында. 2 жылдан соң жағалаудан су өткізбейтін пакет табылған. Оның ішінде ағайынды Энглиндердің біріне тиесілі телефон кітапшасы, ақша мен отбасылық суреті болған. Сонымен қатар, қолдан жасалған құтқару желеткесі де бар.
1978 жылға дейін қашқындарды іздеумен АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы айналысқан. Кейін ордер АҚШ-тың Маршал қызметіне табысталады. 2003 жылдан бастап Майкл Дик есімді қызметкер іздеумен айналысып жүр. Ол осыған дейін 250 дерек тапқан екен. Бірақ қашқындарды табу мүмкін болмай отыр. Энглиндердің анасына біраз уақыт белгісіз біреу гүл толы себет жіберіп отырған. 1973 жылы Джон мен Кларенс аналарының жерлеуіне әйелдің образында келіп қатысты деген де дерек бар. Фрэнк Хиней атты тарихшы Энглиндердің туыстары Оңтүстік Америкадан ашықхаттар алып отыратынын білген. Ал Моррис туралы еш дерек жоқ. Оларды тұтқындауға күші бар ордер қашқындар 100-ге келгенде ғана жарамсыз деп есептеледі.
«Алькатрас» қашқындары әлі күнге дейін іздеуде жүр. Бір қызығы, осы оқиға желісімен 1979 жылы «Алькатрастан қашу» атты фильм түсірілген. Фрэнк Морристің рөлін Клинт Иствуд сомдады. Ал атақты түрме қазір мұражайға айналған.
Түрмеде түлеген таланттар
Абақты десе, көз алдымызға бірден қараңғы қапас, темір тор, қатыгез сақшылар, қауіпті қылмыскерлер елестейді. Сондай сұсты, көлеңкелі көріністердің арасынан жылт еткен сәуле боп жарып шығып, шуағымен бүкіл жер бетін жылытқан таланттар бар. Өмірінің біраз жылын қараңғы қапаста өткізген қаламгерлер түрмеде отырып, оқырмандардың талай буынына азық болған шығармалар жазды. Мәселен, Испанияның атақты жазушысы Мигель де Сервантестің әйгілі «Дон Кихоты» темір тордың арғы жағында жазылды дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Салық жинаушы болып қызмет етіп жүргенде алаяқтарға жем болған Мигель мемлекеттік қызметті асыра пайдаланғаны үшін түрмеге қамалған. Севилия түрмесінде ол өзінің Испанияның символына айналған атақты «Дон Кихотының» алғашқы тарауларын жаза бастаған. Автордың өзі де кітабының кіріспесінде шығарманың мұңды дауыстар мен жабырқаулы көңілдердің «шаңырағы» – түрмеде туғанын жазып кеткен.
Түрменің азабын Николло Макиавелли да басынан өткерді. Ұзақ жылдар Флоренцияда дипломат қызметін атқарған оның карьерасы бір күнде құрдымға кетті. Саясат оның өмірі, қызығы еді. Еліне адал болған Макиавеллидің жұмысы ІІ Юлий патшаға ұнамай қалып, Франциямен құпия келіссөздер жүргізді деген жалған ауыр айыппен абақтыға қаматты. Жаны қалаған іспен шұғылдануға мүмкіндігі болмағасын темір торда Макиавелли шығармашылыққа бет бұрып, көрген-түйгеніне сүйеніп, «Тақсыр» шығармасын жазады. Тынысын тарылтқан қапастан жазушы бірнеше жылдан кейін қашып шығып, Римге жасырынады. ІІ Юлий өмірден өткесін Макиавелли жазадан құтылып, ақталып шығады. Неше жыл мемлекеттік қызметіне қайта оралудан үміттеніп жүрген ол бұрынғы қызметіне қайта келе алмаса да, әдебиет саласында жұлдызы жарқырай түсті.
Есімдерін әлемге әйгілі еткен шығармаларын темір тордың ар жағында жазған тұлғалар шығыс әдебиетінде де жетерлік. Соның бірі – Түрік әдебиетінің классигі, 1938 жылы 28 жылға сотталып, 17 жыл түрмеде отырған ақын Назым Хикмет. Абақтыда «Адам панорамасы» тарихи дастанын, «Түрмеден жазылған хаттар” атты өлеңдер топтамасын, «Махаббат туралы аңыз», «Жүсіп – Зылиха» пьесаларын жазған. 1950 жылы түрік үкіметі Хикметті түрмеден босатып, 1951 жылы ол отанын тастап, Мәскеуге қоныс аударады.
Есімі күллі жұртқа белгілі татардың ақыны Мұса Жәлелдің де ғұмыры соқтықпалы болды. Ұзақ жылдарын абақтыда өкізген ол артынан «Моабит дәптерін» қалдырды.
Туған жер топырағын бір иіскеп кетуді армандап кеткен қазақтың жазушысы Қажығұмар Шабданұлы да 1986 жылдың желтоқсан айының отызы күні тұтқындалып, «ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады», шетел жансызы деген айыптаулармен 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Нақақтан нақақ түрмеде жатқанына емес, отанына табаны тимей өткеніне күйінген ол халқына «Қылмыс» романын сыйлап кетті. Қараңғы қапас жігерін құм ете алмаған ерлер темір тор олардың ойына бұғау, қаламына тұсау бола алмайтынын ұқтырды.