260
Мемлекеттік органдардың журналист сауалына жауап беру мерзімі ұзартылуы мүмкін
Мемлекеттік органдардың журналист сауалына жауап беру мерзімі ұзартылуы мүмкін
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік органдардың журналистердің сұрауына жауап беру мерзіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Қазақпарат.
«Көп талқыланып жатқан норманың тағы біреуі мемлекеттік органдардың журналистердің сұрауына жауап беру мерзіміне қатысты. Әрине, біз бұған қарсы болғандарды түсінеміз. Өйткені мемлекеттік органдардың журналистер сұрауына жауап беру уақытын 15 күнге өзгерту ұсынылып отыр. Журналистер бұндай қадам жұмысты қиындатады дейді.
Енді осы өзгерту не үшін жасалғанын түсіндіріп өтейін. Мәліметтерге қарап отырсақ, кейінгі жылдары ақпарат құралдары жолдайтын сауалдар бірнеше есе көбейді. Ал жауапқа берілген уақыт аз. Осыған байланысты мемлекеттік органдар көбінесе формалды түрде жауап беруге мәжбүр. Мұны мойындауымыз керек. Сондықтан журналистерге сапала ақпарат ұсыну үшін біз уақытты 15 күнге дейін ұзартуды ұсынып отырмыз. Бұл әлемдік тәжірибеге сай», - деді министр өзінің Фейсбук парақшасында ақпарат және коммуникациялар саласына қатысты заң жобасын түсіндіретін видеожолдауында.
Бұл бағытта Д. Абаев резонанс тудырған мәселелерге қатысты берілетін жауаптар жайында айтып берді. «Осы жерде бір мәселені айтайын, 15 күн дегенде оның резонанс тудырған мәселелерге қатысы жоқ. Шұғыл жағдайда мемлекеттік органдар бұрынғыша жылдам жауап береді. Оны ешкім алып тастаған жоқ, яғни ол ішкі регламенттерде нақты көрсетілген. Ең бастысы, біз ресми хабарламаға жауап беру мерзімін 3 күннен 2 күнге азайттық. Яғни мемлекеттік орган мәлімдеме жасағанда журналист осыған қатысты сауал жолдаса, оның жауабы екі күннен кешіктірмей берілуі тиіс», - деді ведомство басшысы.