Шамырқанып Шерағаң шындықты айтса...

Шамырқанып Шерағаң шындықты айтса...

Шамырқанып Шерағаң шындықты айтса...
ашық дереккөзі
457
Ол кісі алпыс жылдан астам уақыттан бері туралықтың айқайшысы болып  келеді. Мұны жалпы жұрт біледі. Жалпақ қазақ қапысыз мойындайды. Ол кісі – «буырқанып, бұрқанып, мұздай темір құрсанып», шындық үшін шырылдап айқасқа түсер нағыз көзсіз ер. Көркем сөздің шебері. «Ол кісі» деп отырғанымыз – қазақ әдебиетінің қайсар мінезді наркескені, алты Алаш абыз деп таныған кесек тұлға, намысшыл қазақтың біртуар ардақтысы – Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Саналы ғұмырын шыншыл әрі сыншыл әдебиетке арнап, қағаз бен қаламды адал серік еткен жазушының әр шығармасы – халық қазынасы. Әр сөзі – ұлт ұстарасы: нысанасын тіліп, сұқтанғанын сылып түседі. Тіл тірлігі, ұлт ұжданы, әдебиет аужайы жайлы жазғандары кеше қандай өткір болса, бүгін де сол қауқарын жоғалтпаған. Ертең де оқырманын бас шұлғытары кәміл. Сарғайған газеттерді парақтап, көмескі тартқан кітап беттерін ақтарған жанның бұған көзі анық жетеді.

Жазушы парызын пайымдағанда

Әдебиеттің мұраты қай кезеңде де – біреу. Ол – Хақиқатқа қиянат қылмау! Сол тазалықты ұлт, ұрпақ, адам баласының көкірегіне егу. Бұдан басқа мұратты білмеймін. Басқа мұраты болса, ол – әдебиет емес!

***

Көркем әдебиет – ауыр артиллерия болса, публицистика – жеңіл кавалерия.

***

Шын жазушының көзі көкірегінде болады.

***

Таланттылар – раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады. Тікені, азабы өзіне. Талантсыздар шошқатікен сияқты. Гүлдемейді. Азабы өзгеге. Жамандық – солардан.

***

Таусылмайтын байлық ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады.

***

Әдебиет пен әуен – егіз. Әуені жоқ, жүрегінде жыры жоқ, музыкасы жоқ әдебиет – көркем әдебиет емес.

***

Шындықты жазған жазушының шығар­масы – қоғамның шипагері. Маман дәрігер жеке-жеке адамды аурудан сауықтырса, шын жазушы қоғам ауруын таниды. Жазады, таниды дегенде қолма қол емес, адамдардың жүрегіне – жігер, көзіне – нұр, көкірегіне – сәуле қосу арқылы әсер етеді. Оралхан бұл жағынан шебер еді.

***

Жата қалып, жанталасып көсемдерді мақтай беретін жазушы – жазушы емес, күнбағар. Ертең көсемдер тағынан тайған кезде сол күнбағар олардың артынан тас лақтырып, жамандап шыға келеді. Ақылды басшы осыны ойлайды, құр мақтауға күмпие бермейді. Ақылды басшы көпшілікті соңымнан ертем десе, көпшіліктің арасында, күнбағардан аулақ жүреді.

***

Жалаң тарих көркем пьеса болмайды ғой. Тарихқа жан бітіру керек. Бұл дүниеде әлдеқашан өтіп кеткен адамдарды қабірлерінен «қайта қазып алып», оларды тірілту керек. Оларды бір кездегідей тұрғызып, сөйлету керек. Күлдіру керек, жылату керек.

***

Біздің ауылда, мына Жуалы деген жерде қалың егінді шөп басып кеткен кейбір жылдары. Арам шөп. Сол қалың шөптің арасынан анда-санда бір бидай, бір арпа қылтиып-қылтиып көрінетін. Жазушылар одағы да сондай ма, саны көп... Сол сапаға айналса дейсің.

***

Баста жұп-жұмыр болып жүрген шешімдер, көріністер жеткілікті. Соларды қағазға түсіру керек. Сезім қызуы керек. Жас болса келе жатыр. Жалын да ұдайы бола бермейді. Қыш құмыра қалай жасалатынын білесің бе? Шебер алдымен саз балшық илейді. Қалыпқа құяды. Қырнайды, сылайды. Сосын оны мың градустық қызуға күйдіреді. Егер күйдірмесе, бәрі былжырап шығады. Бұл да солай. Жалынға күйдірмесең, жазғаныңның бәрі бекер. Алпыстан асқан соң күш қосылады деу – өзіңді алдау. Бәрібір жалынды жоғалтпасам дейсің.

***

Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады. Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойында жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. «Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады». Өл-тіріл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпірме сөздері таңертең газеттің бетінде болуы керек. Әйтпесе, басың кетеді. Сөйтіп жүріп мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым.

***

Жазушы да пенде. Оның да арайлы қуанышы, қат-қат қасіреті болады. Мәуелі дарақтан адамдар жеміс жеп рахаттанады. Ал мәуеге қолы жетпегендер төменде тұрып тас лақтырады. Досы көп болады. Ол – қалың оқырман. Жауы да бар болады. Ол көбінесе жанында жүреді. Қызғаныш деген қызыл ит бар. Көбінесе үндемей қабады.

Ғылым тынысын тыңдағанда...

Заман түзелер, адам түзелсе. Тұрмы­сымыз оңалар, ақшамыз да орнығар. Үмітсіз шайтан деген. Тек адамдар имансыз болмаса екен. Әркім атақ-дәреже, мансап дегенді өз бойына, өз ойына, талант-талайына шақтап өлшесе, нысап деген қасиетті ұғымды ұмытпаса деймін ғой. Әйтпесе, қазір көшеде келе жатып, абайламай біреумен қақтығысып қалсаң, академик болып шығады. Анау да академик, мынау да академик. Үлкен де академик, кіші де академик. Мейлі ғой, қызғанбайық. Бірақ бұл ғылымдағы инфляция ғой. Осыны неге түсінбейді «академикті» оңды-солды үлестірушілер? «Академик» деген атаққа шыннан лайықтымын ба деп бір сәт неге ойланбайды атақ-дәреже алушылар? Неге көз алдарына Мұхтар Әуезовті, Қаныш Сәтпаевты елестетпейді бір сәтке? Өз шама-шарқын солардың ұлылығымен, даналығымен неге ойша салыстырмайды? Біле білсе, осындай академиктер қорлады ғой ғылымды да, ұлыларды да.

***

ХХІ ғасыр қазағының рухани-мәдени деңгейі, мазмұны қандай болуы керек деген сұраққа жауап беру қиын, бірақ қажет. Ол қазақ – тәуелсіз елдің азаматы, жанашыры. «Мен тәуелсізбін» деп кеудесін ұрмайтын, «Мен сондаймын» деп мақтана бермейтін, бар ісін үндемей тындыратын, елін жайғастырып, жерін жарастыратын азамат. Оның жүрегі таза, пейілі ақ, арманы асқақ. Ол – іскер де білгір. Ол өзінің тарихын білетін, ұлттың мәдениетін, әдебиетін, өнерін сүйетін, халық дәстүрін бойына сіңіретін, ата салтын қадір тұтатын халық перзенті. Ол көрші халықтармен байланыс, қарым-қатынасын үзбей, әлемдік рухани байлықтан нәр алуға барынша ұмтылатын, сан өнерді игере алатын, ғылым мен техникадан барынша хабардар болатын азамат. Оның ішкі сарайы таза, жан дүниесі бай. Топырақ өңдейтін, кен өндіретін, құрылыс жүргізетін, егін суаратын, астық өңдейтін, күріш жинайтын машиналарды елімізде жетілдіріп шығару жаңа ғасыр үлесінде.

***

Бүкіл ақпарат, жаңалықтардың неше түрі, ғылымда, білімде болып жатқан жетістіктер – компьютерде. Қазір бәрін аспаннан тартып отыр. Көп дүние аспанда жүр ғой деп ойлаймын. Шарлап кеткен, торлап кеткен. Аспанның барлығын айқыш-ұйқыш жол қылып алған. Бірақ түбі кітап керек болады. Тасқа басылғандар түбі оқылады ғой. Кейбірін біз де енді оқып жатырмыз.

***

Академия көп, академиктер көп. Ғылым... шөп жеп, жем жеп, сүт бермейтін сиыр сияқты.

***

Әкімге білімділік жарасады. Қарағайдай-қарағайдай диплом әркімде бар. Көбісі жалған. Көбісі сатып алған. Сатылмайтын диплом, жоғалмайтын білім, тозбайтын тәлім, кісілік пен парасат – адамның басында. Есекті алтын ер-тоқыммен жабуласаң да арғымақ болмайды.

Тіл тірлігін толғағанда...

Тамыры үзіліп, өлеусіреп бара жатқан тілдің жайын әупірімдеп жөнге келтіргендей болдық. Қазақ тілі мемлекеттік тіл саналсын дейтін заң қабылдадық. Бірақ ол заң іске аса қоймады. Қазақ тілі әлі де сол өзара әңгіме тілі, отбасы-ошақ қасындағы тіл күйінде қалып отыр. Мемлекеттік дәрежеге жеткен жоқ. Жетейін десе, оған жол бермей келеді. Ең алдымен өзіміздің бюрократтарымыз, ұлттық нигилистеріміз, жасырары жоқ, кейбір басшыларымыз қазақ тілін еркін құлаш жайып өркендеуіне өздері үлгі көрсетіп, жол нұсқаудың орнына, жағдай жасамай, кежегелері кері тартып жүр.

***

Өз ана тілін қазақтардың өзі құдайдай сыйлап, қадірлемесе, оның қадірін басқалар қайдан білсін. Үлкен-үлкен беделді жиындарда басшылардан бастап бәрі де орысша сайрап тұрса, қазақ тілі қағаберісте қала берсе, тіпті Жоғарғы кеңестің өзінде қазақ депутаттар қазақшаны місе тұтпаса, онда оған басқа ұлт өкілдерінің басы ауырып несі бар?

***

Өз басым шетелдердің біразында болдым, оған тәубе. Бірақ тіл білмеудің қорлығын көп көрдім. Бұл заманда басқа елдердің тілін білмеу – мүсәпірлік. «Ұлы» орыс тілі деп табынғанымыз шет елге шыққанда қазіргі ақшамыз сияқты түкке алғысыз болып қалады екен. Шамаң келсе, ағылшынша үйрен. Дүниенің шартарабына жарайды. Түбі бір түріктермен түсінісуге болады. Ал енді «темір шымылдық» түріліп, шығысқа барыс-келіс жиілей бастаған кезде араб, парсы, қытай тілін білу сән емес, нағыз қажеттілік. Бұларды білсең – қамба астындағы алтын менен күміске қолымды малдым дей бер.

***

Тіл туралы заңдар неге іштен өлі туады? Заң шығарушылар, басқарушылар неге өзі тудырған перзентті мәпелемей, тастанды қылады? Заң шығарушылар осы Заңды қабылдай отырып, неге басқа тілде сайрайды? Үлгі қайда?

***

Мемлекеттік құрылыстың басты-басты тетігін ұстап отырғандар мемлекеттік тілде сөйлеуді қажет етпеген соң, ол тіл кімге қажет? Төмендегілер жоғарыдағыларға қарайды. Қарайды да: «Е, дәулер солай сөйлеп жатқанда, қазақша сөйлеп бізге не жоқ» деп мемлекеттік тілге немқұрайды қарайды.

***

Қазақ бола тұра қазақша сөйлемей­тін­дердің үш түрі бар. Бірі – қазақша жап-жақсы біледі, бірақ орысша сөйлегенді бедел көреді. Екіншісі – қазақша білмейді, бірақ білуге тырысады. Үшіншісі – қазақшаны өлердей жек көреді. Олар қазақтың тілін ғана емес, бүкіл қазақ халқын мансұқтайды, қорлайды.  

Ұлт тұтастығын аңсағанда...

 Отанды, ұлтты, әдебиетті, оның болашағын сүю үшін көп айқайдың керегі жоқ. Тынымсыз, жанашыр, табанды әрекет қажет.

***

Күйреген рухты қайта көтеру – міне, қазіргі таңдағы басты мақсат осы. Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүниеде ондай қулық өтпейді.

***

Елге оралған ағайынға жылу беру – ата-бабамыздың адамгершілік дәстүрі. Жылу беру – қайыр-садақа емес, ағайынның жанын жылыту, ұясын жылыту деген ұғым. Сонда ертең сен жаурасаң, ол сені жылытады. Ұлттың бірлігі, бауырмалдығы осындайдан құралады.

***

Ұлтсыздық – отансыздықтың белгісі. Онда ұлтсүйер, отансүйер сезім өліп қалған. Міне, бұл әсіресе қатерлі. Олар үшін Қазақстан деген дербес мемлекет бола ма, болмаса бордай тоза ма – бәрібір. Өз ұлтын, өз тілін даттап, өзгелерге жағынып, қарны тойса, ол соған риза, соған мәз.

***

Ұлттық бірігу – ұлы мәселе. Енді-енді ел болып, етек-жеңімізді жинаймыз ба десек, ру-ру өз намысын өзі жыртады. Сырттан біреу бақылап тұрса, «мынау бір өнбейтін, өспейтін халық екен» дері анық. Және оны түсінген. Ғасырлар бойы отаршылдар қатты пайдаланған. Ащы сабақ алатын кез болды. Түсінетін, түңілетін уақыт жетті. Бірақ рушылдық тоқтамақ түгіл, қайта қоңсып келеді.

***

Ұлттық сана-сезім торқадай тозған жердегі ұлттық патриотизм де жетімсірейді. Отанның патриоты тек өз қарақан басының қамын ғана, қу құлқынның қамын ғана ойламай, халық қамын мүдделесе – сол ел бақытты.

***

Қатерлі жау – ішімізде. Рушылдықты қоздырып, отын көсеп, шоғын үрлеп, соған жылынып отырған – өзіміздің зиялы дейтін азаматтарымыз. Халықта кінә жоқ. Абай бұл дертті әлдеқашан нұсқап кеткен. Өз ортасынан озып шықпаған, Жайық бойынан есе бермеген Құрманғазыны қара. «Сарыарқа» деген күй шығарды. Алатауға күй арнады. Маңғыстауда болған-болмағанын білмедім, «Адай» атты адуынды күй қалдырды. Бұл ненің белгісі? Қазақтың тұтастығын аңсаудың белгісі.

***

Бір шаңырақта бірнеше дін ұсталуы ауызбірлікке, бауырмалдыққа қызмет ете қоймас. Бір үйдегі екі діннен пайда бар ма? Сол екеуі тату-тәтті өмір сүре қоймас. Бір мемлекет болып келіп, кейін бөлінген Үндістан мен Пәкістан неге Кашмир үшін қызыл шеке болып жатыр? Абхаздар мен грузиндер? Әзірбайжандар мен армяндар? Осетиндер мен үнгіштер? Ақыры тас-талқаны шыққан Югославия. Бәле, көбінесе діннің бөлектігінен басталған жоқ па?

***

Пифагор деген әулие: «Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын» деген екен. Бізде не көп, заң көп. Бірақ соның қайсысы орындалып жатыр? Ал әдет-ғұрып, салт-сана, міне, замандар елегінен тазарып шығып сұрыпталған идеология. Сорлатқанда, біз содан айрылдық қой. – Қызға қырық үйден тыю! – деді салтымыз. Бұл тазалық, адалдық, адамгер­ші­лік еді ғой. Содан айрылдық – не болдық?! – Біреудің ақысын жеме, ала жібін аттама! – деді ғұрпымыз. Иманды еді ғой өсиет. Қазір жоғарыдан төменге дейін, өрден ылдиға дейін жаппай ұрлық, қарлық. Ұлы ұрлық дәуірі. Қайда барып оңамыз?! – Жетім мен жесірдің ақысын жеме! – деді салтымыз. Әсіресе, әлсіздерді, жетім мен жесірлерді жегіштер көбейді. Міне, осы тақылеттес ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрып, салт-сананы тамызықтатып, тұтатып, өшірмей, өлтірмей келе жатқан өнер мен әдбиет еді... Енді кім қорғайды, елдің есіне кім салады?

***

Қолдан әлсіретілген ұлттық мәдениет, жүдеген ұлттық рух шетелдік имансыз басқыншылыққа қарсы тұра ала ма? Қарсы тұру үшін бүкілхалықтық қаһармандық әрекет керек. Ұлттық ұрпақтар бірлестігі енді он есе, жүз есе керек. Әккі саясаткер Черчилль айтқандай, біз «қиыншылықты қолдан жасап алып, қаһармандықпен» жеңуімізге тура келеді.

***

«Әкелер мен балалар» проблемасы деген батыстан келген кесел. Қазақта ондай проблема болған емес. Әкелерін қартайғанда «Жетімдер үйіне» апарып тастайтын тәсірсіздікті қазақ бұрын бастан кешкен емес. «Бүгін не ексек, ертең соны орарсыңды» біздің халық қағида тұтқан.

***

Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел.  

Шындықты іздеп шарқ ұрғанда...

Айтуға – ұят, айтпасаң – қиянат.

***

Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты.

***

Ақиқат адал айтыстан туады.

***

Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниедегі ең қиыны осы шығар. Дүние – дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе қорқады. Бірақ Құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой! Адам Құдайды да алдауды үйренді.

***

Шындық – ащы һәм ажарсыз.

***

Заң өмірде әділ болуымен күшті. Орындалмаған, яки бұрмаланған Заң – кесел. Парламент – заң шығарушы ғана емес, сол заңның орындалуын жіті қадағалайтын орган болуы керек. Имандылар баланы туып, енді не болсаң ол бол деп тастап кете бермейді ғой.

***

Бюрократияның ар жағында аран жатыр. Пара бермесең, бір жапырақ қағаз ала алмайсың. Парақорлық, жемқорлық, ұрлық-қарлық – сабақтас.

***

Қылмысты жазаламаған сот – қылмыс­кердің сыбайласы. Қылмыскерді аясаң, адал адамдарды қорлағаның.

***

Демократия – жүгенсіздік емес. Бостандық – жүйесіздік емес.

***

Үкіметті төңкеріп тастайық деп айқай­лағанымен, сол «төңкерісшілер» үкімет басына келе қойғанда қой үстіне бозторғай жұмыртқалай салмайды. Үкіметтің кемшілігін сынау – демократия. Бірақ демократия ең алдымен қара күшті, байбалам даурықпаны емес, мәдениетті сүйеді. Онсыз демократия жәй әшейін демагогия. Ал демагогтар ешуақытта ел басқарып оңдырған емес.

***

Ақпарат құралдары кімнің қолында? Адалдардың қолында болса – ізгілік. Арамдардың қолында болса – зұлымдық. Бұл құралдарды көбінесе ақша билеп тұр. Ақылды көбінесе ақша жеңіп тұр.

***

«Тәуелді» деген ұғымды тудырған күштілер мен обырлар.  

Ұрпақ болашағын байыптағанда...

Әр адам – бір-бір жұмбақ.

***

Елу деген – ердің, ерлік істердің жасы.

***

Көлдің – тақырға айналуы оңай, Байдың – пақырға айналуы оңай.

***

Орындалған арман – бақыт, Орындалмаған арман – күйік.

***

Баласыз адам — бақытсыз адам.

***

Адамды арманына қарап тануға болады. Армансыз адам – мелшиген есек сияқты. Біреулер бай болғанды армандайды. Біреулер бастық болсам деп армандайды. Көп қой. Біреу бар: бір үзім нанды армандайды.

***

Шетел кинолары, теледидары нашақорлықпен күрескен болып, сол нашаны, апиынды қалай таратудың әрқилы айла-тәсілін үйретіп жатыр. Апиын – ақша. Арақ – ақша. Бізде, Қазақстанда апиынмен күрес барсымақ. Ал араққа – азаттық! Арақ тұқымыңды тұздай қылатынымен ешкімнің ісі жоқ.

***

Аса байлық – теңіздің суы сияқты: ішкен сайын шөлдей бересің.

***

«Таразыдан жемеймін» дегені халықтың несібесін ұрламаймын, қолым таза, жүрегім ақ дегені. Көнеден қалған сөз. Бірақ мағынасы жаңа. Әкімдердің санасына сіңсе – заман түзелер.

***

Ас беру – аш-арыққа қайырымдылық тамақ беру емес. Бұл – тәрбие.

***

Батыстықтар баяғыда иленбеген аң терісін жамылып жүргенде, Орталық Азия халықтарының биік мәдениеті, аса иманды әдебиеті болған. Сол жәдігерлерді тудырған асылдардың шаялаған ұрпағы, мына біздер, енді есіміз кіріп, етегімізді жаппасақ, бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізді рухани байытпасақ, мәңгүрттеніп кетуіміз әбден ықтимал.

***

Орманды қорғамасақ, өкпесіз қаламыз. Орман кетсе, ылғал кетеді. Сусыз қаламыз. Азынаған желден, суырған құмнан көз аша алмаспыз.

***

Дүниеге жаңа келген жас сәбиге, балдырған балаңызға, нағашылар жиендеріңізге бір-бір тай-құлын бәсіре атаңыздар. Бұл – аруақты ата-бабамыздан қалған жоралғы.  

Серіктес жаңалықтары