681
Картоп бағасы 300 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін
Картоп бағасы 300 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін
Елімізде картоптың құны 300 теңгеге жетуі мүмкін. Ірі сауда желілеріндегі бағаларға зерттеу жасаған сарапшылар осылай дейді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Қала базарларында былайғы жұрт сарапшылардың қымбатшылық туралы болжамынан бейхабар. Әдетте баға өседі дегенді естісе төбе шашы тік тұратын жұрт бізден естіген жаңалықты да жақтыра қоймады.
"Менде үш балам бар. Мен үшін ауыр болады. Бір келінің өзі екі күнге жетпейді", - дейді қала тұрғыны Гүлзия Әшірбаева.
Мәселен, мына картоптың бағасы бұл жерде 120 теңге, кей жерлерде тіпті 110 теңге тұрады. Ал ірі сауда дүкендерінде ол одан да қымбат болуы мүмкін. Қарапайым халық картоптың осы бағада қала бергенін қалайды.
Елімізде картоптың орташа көтерме бағасы қазір 35-тен 55-ке көтерілген. Аздан соң 90 мен 130 теңге аралығында болады деп жатыр. Өйткені, шаруалар көктемгі қыруар шығынын өтеу керек. Көкөністер ішінде қымбатшылыққа қатты ұрынғандардың тағы бірі қияр болып отыр. Оның себебі, қазір егістіктегі қиярдың бәрі жиналып болды. Пияз бағасы да шарықтай бастады. Ал сәбіз 15 пайызға, орамжапырақ пен қызылша шамамен жеті жарым пайызға, қызанақ жеті пайызға қымбаттады.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі сарапшылар болжамына кереғар пікір айтып отыр. Министрлік өкілдерінің деректеріне қарасақ, биыл өнім жылдағы әдет бойынша артығымен жиылмақ.
"Биылғы көкөністердің егістік алқабының жалпы көлемі 144 мың гектарды құрайды. Одан 3 миллион 700 мың тонна өнім жинау көзделіп отыр. Ал елдің сұранысы екі миллион 400 мың тоннаны құрайды. Яғни, жалпы өнім көлемі сұранысты 154 пайызға артығымен қамтамасыз ете алады деп отырмыз", - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі жер бөлінісі департаментінің басшысы Алмат Қонақов.
Министрліктің өз есебі бойынша, картоп өнімі де биыл елдің сұранысынан артығымен жиналайын деп отыр. Сондықтан, қарапайым халық үшін алаңдауға негіз жоқ дегенге сендіргілері келеді.