Медициналық қызмет мәселесі жүйеге түскен жоқ

Медициналық қызмет мәселесі жүйеге түскен жоқ

Медициналық қызмет мәселесі жүйеге түскен жоқ
ашық дереккөзі
755

Кез келген мемлекет дамуының негізгі көрсеткіші – дені сау және білімді халық. Сондықтан, Қазақстан Республикасы да ел халқының денсаулығы мен білім алуына баса назар аударады. Еліміз егемендік алғаннан бері денсаулық саласын дамыту үшін біршама жобаларды жүзеге асырып, медицина саласында оң өзгерістерге қол жеткізгені белгілі. Десек те, еліміздің денсаулық саласында әлі де күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер жоқ емес. Тегін емделу, тегін дәрі-дәрмек алу, түрлі жеңілдіктерге қол жеткізу, емханалардағы медициналық қызмет ақысы, сапалы медициналық қызмет мәселесі қанша талқыға түскенімен, әлі де бір жүйеге түскен жоқ.

ЕМДЕУ АҚЫСЫН КІМ АЛАДЫ?

Қазақстанда медициналық мекемелердің 80 пайызға жуығы мемлекеттің қарамағында. Медицинаның түрлі салаларына қатысты жеке емханалар болғанымен, мемлекеттік және муниципалды емдеу мекемелерінің десі басым. Демек халықты емдеудің негізгі салмағы мемлекеттің мойнында. Ал Қазақстандағы мемлекеттік емдеу мекемелерінің қызмет деңгейі қандай? Мемлекет құзырындағы емханалар қарапайым халықтың сұранысына сай ма? Жыл сайын мемлекет қоржынынан медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін қыруар қаржы бөлінеді. Тіпті, соңғы 4-5 жылда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының көлемі 5 есеге ұлғайған. 2013 жылы аталған салаға 519 миллиард теңге бөлінсе, 2014 жылы медицина саласын дамыту мақсатында мемлекет 852 миллиард теңге қаржы жұмсады. Қомақты қаражат бөлінгенімен де, отандық медицина саласы әлі ақсап тұр. Мемлекеттік емдеу мекемелеріне барған көпшілік ең әуелі, кезек күтуден шаршайтындықтарын үнемі айтады. Мемлекеттік емдеу мекемелерінің қызметіне қатысты тағы бір мәселе – емхананың арнайы құрылғылармен толық қамтамасыз етілмеуі. Медициналық тексеруден өткендердің айтуынша, ауруханалар тегін қызмет көрсетеді дегені жай сөз ғана. Өйткені емхананың көбінде сырқатты тексеруден толық өткізетін құрылғылар жоқтың қасы. Бар болды деген күннің өзінде, дәрігерлер сырқатты қарапайым анализ тапсыру үшін жеке емдеу орындарына жібереді. «Қалтамда қаражатым болса, бірден ақылы емдеу орындарына барар едім ғой. Тегін емделу құқығымды пайдаланайын деген оймен мемлекеттік емханаға бас сұғып едім. Одан не пайда? Бәрібір соңында ақылы емханаға барып, тексеруден өттім. Басқа амал бар ма? Әйтпесе, өлім аузында жатсам да жаны ашитын дәрігерлер жоқ», – деп ашынатындар аз емес. Соңғы уақытта мұндай әңгімелер жиі қылаң беретін болған. Осы ретте мемлекеттік және жекеменшік емханалардың алдын ала келісу әрекеті жасырынып жатқан жоқ па деп сезіктенетіндердің сөзінің де жаны бар сияқты. Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабында «Қазақстанның әрбір азаматы денсаулығын сақтауға, кепілді тегін медициналық көмек алуға құқылы. Үкімет өз тұрғындарының денсаулығын сақтауға міндетті» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Әрине, мұндай құқықты қарапайым халық тек мемлекеттік емханаларда ғана пайдалана алады. Алайда қазір еліміздегі мемлекеттік емдеу мекемелерінде толық тегін медициналық көмек алу мүмкін емес. Мемлекеттік, муниципалды емдеу мекемелерінде кейбір медициналық қызмет түрлері тегін көрсетілгенімен, кейбірі тек ақылы түрде ғана жүзеге асырылады. Яғни, емдеу мекемелеріндегі қызмет көрсетудің түйткілді тұсы осы. Мемлекеттік емдеу мекемелерінің барлық шығынын қазынадан бөлінген қаражат өтейді. Қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық қызмет ақысы, құрал-жабдықтар мен өзге де қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар мемлекет мойнында. Сөйте тұра, мемлекеттік емдеу мекемелерінде емделушілер үшін ақылы қызмет түрлерінің болуына не себеп? Мемлекеттік емдеу мекемелерінде орын алып жатқан жүйесіздікті жою үшін не істеу қажет? Әзірге бұл сауалдарға жа­уап табу қиындау. Заң бойынша кез келген қазақстандықтың тегін емделуге құқығы бар. Ал мемлекеттік емханада да, жекеменшік емдеу мекемесінде де медициналық қызмет көрсету ақылы түрде жүзеге асатын болса, қыруар қаржыны шығындаудың жөні бар ма? Неге барлық емдеу мекемелерін ақылы жүйеге көшіріп, жекешелендіріп жібермеске? Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше жыл бұрын бастама көтерген де болатын. Яғни, медициналық қызметтің барлығын ақылы жүйеге көшіреміз деп білек сыбанған ведомство басшылығы. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігі жедел-жәрдем қызметін де ақылы етпек болғаны бар. Министрлік ұсынған бастама ешкімді де қуанта қоймады. Көпшілік мұндай қадам қарапайым халықты тегін медициналық көмек пен тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізу құқығынан айырады деп қарсылық білдірген. «Медицина қызметінің барлығын ақылы етуге болмайды. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек, тегін дәрі-дәрмек беру жағы да жоспарлы орындалуы тиіс. Бұдан ақша үнемдеудің керегі жоқ. Ұлт денсаулығына қамқорлықты саудаға салуға болмайды. Қалай десек те, қарт кісілер мен мүгедектер, әлеуметтік жағдайы төмендер тегін медициналық көмектен қағылмауы тиіс. Әйтпесе халықтың өмірін қайтсек ұзартамыз деп жүргенде, бұл жүйе теріс әсер етуі мүмкін», – деген сол кезде медицина ғылымдарының докторы Мақсұт Темірбаев. Елімізде стоматология саласының әлдеқашан ақылы жүйеге ауысып кеткені белгілі. Мұның зардабын тартып отырғандар да аз емес. Қазір қаланың қай бұрышына барсаңыз да, тіс емдеушіні тауып аласыз. Бірақ ауылды жерлерде тіс емдейтін маман табу мүмкін емес. Айтулы Англияда тұрғындарға көрсетілетін медицина қызметі көбіне ақысыз. Қазақстан одан үлгі алмады, өкінішке қарай. Мемлекеттік емханаларға тегін тексеріліп, емделуге барған емделушілер көбіне қай қызметтің ақылы, қайсысының ақысыз екенін де біле алмай дал болады. Емханаларда тегін көрсетілетін қызмет түрлеріне жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, кеңестік-диагностикалық, стационарлық, стационарды алмастыратын көмек түрлері жатады. Мамандандырылған диагностикалық көмекті тегін алу үшін тұрғылықты жердегі дәрігердің арнайы жолдамасы болуы қажет. Ол жолдамасыз тегін медициналық көмекке қол жеткізу тіптен мүмкін емес.

ӘМИЯНЫҢ ТОҚ БОЛМАСА...

Ресми деректер бойынша, еліміздегі жекеменшік емханалар жалпы нарықтың 20 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш Израильде – 12 пайыз, Еуропа елдерінде – 15 пайыз, ал Англияда – 20 пайызға тең. Сарапшылар еліміздің медицина нарығында жеке емханалардың үлесі жыл сайын 10-12 пайызға артып отыратындығын айтады. Қазақстандағы жеке клиникалар мен медициналық орталықтарға халықтың сұранысы жоғары. Бір рет ақылы емделгендердің 90 пайызы қайтадан ақылы медициналық қызмет түріне жүгінеді екен. Бұл – еліміздегі жеке медициналық орталықтардың халық сұранысын қанағаттандыра алатындығының белгісі. Сонымен қатар, Қазақстандағы жеке медициналық орталықтардың қызмет көрсету ақысы Еуропа елдері мен АҚШ-қа қарағанда едәуір арзан екен. Ал Алматы қаласы тұрғындарының 60 па­йызы жеке клиника мамандарына сенім артса, Астана қаласы тұрғындарының 58 пайызы жекеменшік медициналық орталықтардың қызметін таңдайтын көрінеді. Демек елімізде халықтың көпшілігі ақылы медициналық қызметті таңдайтын болғаны. Солай-ақ болсын. Емделушілерге жеке клиникалар мен медициналық орталықтар қаншалықты сапалы қызмет көрсетіп жүр? Сондай-ақ, тұтынушылар жекеменшік емханаларға қанша қаражат жұмсайды? Осы сауалдарға жауап беру мақсатында Алматы қаласындағы бірнеше жеке клиникалардағы медициналық қызмет түрлерінің бағасын білген едік. Алматы қаласының тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін «Medical Park» орталығында жоғары санатты мамандардың қызмет көрсету ақысы әркімді ойландыратыны сөсіз. Мәселен, акушер-гинеколог, кардиолог, невропатолог дәрігердің қабылдауына кіру – 4500 теңге. Отоларинголог (ЛОР), терапевт, хирург, уролог, эндокринолог, травматолог, ревматолог, диетолог, офтальмолог, педиатр, балалар невропатологының қызмет ақысы 3900 теңге. Ал физиотерапевт дәрігер бір қабылдауы үшін 2900 теңгені қанағат тұтады. Осы аталған мамандардың қабылдауына екінші рет келу үшін 2900 теңге қызмет ақысын төлеу қажет. Қалтасы қалың азаматтар профессорлардың қабылдауына жазыла алады. Профессорлардың қабылдауына кіру үшін емделушінің қалтасында 7900 теңге болуы тиіс. Жоғары дәрежелі мамандарға екінші мәрте келу құны 3900 теңгені құрайды. Бұл – Алматы қаласындағы орташа баға. «Private clinic Almaty» жеке клиникасы медициналық қызметтің барлық түрін көрсетеді. Тіпті, бұл орталықта ота жасатуға да болады. Дәрігерлердің кеңесінен бастап, қажетті анализдерді тапсыру, емдеу шараларының барлығын бір орталықта жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Тек ол үшін қомақты қаражат керек. Өйткені мұндағы медициналық қызметтің құны алғашқы көрсетілген бағаларға қарағанда жоғары. Мысалы, бұл орталықта кардиолог маманнан жай ғана кеңес алу үшін 8000 теңге қажет. Ал жүректі түрлі тексерулерден өткізу құны 2000 мен 15000 теңге аралығында. Хирург-дәрігердің кеңесі 6000 теңге, ал профессордың кеңесі 10000 теңге тұрады. Терапевт, невропатолог, гинеколог, офтальмолог, эндокринолог сынды мамандардың кеңесін алу құны 6000 мен 8000 теңге аралығында екен. Бұл орталықтағы түрлі тексерулер 500 теңгеден басталып 40-50 мың теңгеге дейінгі аралықта жүзеге асырылады. Алматы қаласының тұрғындары үшін жақсы таныс тағы бір жеке медициналық орталық бар. Ол – «Сұңқар» медициналық орталығы. Жоғарыда аталған дәрігер мамандардың алғашқы кеңес беруі «Сұңқар» медициналық орталығында 3000 теңгені құрайды. Ал екінші рет дәрігер бөлмесіне бас сұққан емделуші 2500 теңге төлейді. Ал өзге де тексеру жұмыстары 200 теңгеден 20000 теңгеге дейін жалғасады. Міне, Алматы қаласындағы кейбір жеке клиникалардың қызмет ақысы осындай. Сәйкесінше, жеке клиникалар мен медициналық орталықтарда қызмет ететін мамандардың жалақысы мемлекеттік емдеу мекемелеріндегі қызметкерлерге қарағанда жоғары. Сол себепті, соңғы уақытта мемлекеттік емханалардан жекеменшік медициналық орталықтарға кетіп жатқан мамандардың қатары да көп. Жеке емханалар жаңадан оқу бітірген жас мамандарды бірден жұмысқа қабылдамайды, сондықтан олар әуелі мемлекеттік емханада тәжірибе жинақтауға тырысады. Кейбір бейресми деректер орта деңгейдегі медициналық орталықтардың жылына 150 миллион теңге таза табыс табатындығын айтады. Ал ірі медицина орталықтары бір жылда миллиардтаған теңге көлемінде табысқа кенеледі екен. Өткен жылдың соңында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2015 жылдан бастап 188 жекеменшік емхананың медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық көмектің кейбір түрлерін тегін көрсететіндігін хабарлаған болатын. «Бүгінгі таңда 2015 жылға медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қатысуға 599 емханадан өтініш түсті, оның 188-і жекеменшік сектор. Мемлекеттік тапсырысты алған ауруханалар медициналық қызмет сапасына жауапты болады және бұл талап келісімшартта көрсетіледі», – дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті төрағасының орынбасары Инна Стратулат.

ЖҮЙЕСІЗ ЕМДЕУ ЖҮЙЕСІ

Қазақстандықтардың көбінің жеке медициналық орталықтардың ақылы қызметін қалтасы көтере бермейтіндігін ескерсек, халықтың денсаулығына алаңдауға негіз бар секілді. Ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі 2010 жылы қабылданған еді. Содан бері сыннан көз ашпаған жүйені қарапайым халық әлі де толық түсінді дей алмайсыз. Медицина саласындағы Ұлттық бірыңғай жүйенің негізгі принциптерінің бірі – бәсекелестікті жандандыру. Бұл жүйе науқасқа таңдау құқығын береді. Дәл бүгінгі таңда науқастарды жос­парлы госпитализациялауға жататын республикалық электронды реестрі болып саналатын госпитализациялау Бюросы арқылы науқас адам жоспарлы түрде емделу үшін Қазақстан Республикасындағы кез келген медициналық ұйымды таңдай алады. Пациент әуелі аумақтық емхана арқылы осы тізімге енгізіледі. Стационарлық емдеуді қажет ететін жоспардағы әрбір науқас өзінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша орналасқан емханадағы порталдан код алып, нәтижесінде ол Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті денсаулық сақтау органдарының көз алдында және олардың нақты қадағалауында болады. Сонымен қатар, емделуші өзінің кезегін күту қағазы арқылы бақылап отырады. Егер науқастың кезегі кешіксе, жос­парлы госпитализациялау Бюросы, Денсаулық сақтау басқармасы, Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті айналысады. Бір сөзбен айтсақ, кезекте тұрған емделушіні госпитализациялау процестері баршаға белгілі сияқты. Медицина саласы мамандарының барлығы бұл жүйенің игілігін осылай түсіндіреді. Бірақ осы талаптардың барлығы толыққанды орындалып жатқанына күдік бар. Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі бойынша тегін емделуге қол жеткізе алмай жүргендер қатарының көптігі осыны дәлелдейді. Шет мемлекеттердің тәжірибесіне жиі жүгінетін Қазақстан бұл жүйені де Сингапур медицинасынан алған. «Өзгенің қаңсығын таңсық көрген» Денсаулық сақтау министрлігі бұл жүйені енгізуде нені мақсат еткені әлі күнге беймәлім. 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жүйе әлі де бір ізге түсе қоймады, яғни, аурухана дәлізіндегі ұзынсонар кезектер, тегін дәріге қол жеткізе алмай жүрген тұрғындар, ауруханалардағы орын тапшылығы шешімін тапқан жоқ. Ауруханаға жатқызу порталының пайдасын көрдім дейтін жандар да өте сирек кездеседі. Жуырда ғана отандық телеарналардың бірі Қызылорда қаласының тұрғыны Еркесұлу Ешманованың науқас баласын ауруханаға жатқыза алмай қиналып жүргенін хабарлаған. Онкологиялық ауруға шалдыққан 15 жасар ұлы Руслан электронды кезегінің келмеуі нің салдарынан аурухана кереуетіне жете алмай жүрген көрінеді. Кезегі келмей тұрып ауруханаға жату үшін науқастың ауруы әбден асқынуы керек екен. «Дәрігер мені қабылдамайтын болды. Алдына бірнеше рет барсам да, қабылдай қоймады. Сол жерде қызмет істейтін санитар «дәрігердің қалтасына бес-он теңге салыңыз» деп кеңес берді. Мен көпбалалы анамын, жесірмін. Оның қалтасына салатын ақшаны қайдан алмақпын. Кезегі келгенше балам өліп кетсе, оның өтеуін кім қайтарады?», – деп ашынады ана. Тиімділігі жоқ, оның үстіне жемқорлыққа жол ашқан порталды қарғап-сілейтіндер көбейіп келеді соңғы уақытта. Бұл жүйенің енгізілгеніне 5 жыл өткенін ескерсек, порталдың болашағына күмәнданатындар азаяр емес. Науқастардың көпшілігі портал бо­йынша кезек күткенше, жергілікті емхана дәрігерінің жолдамасын күткен әлдеқайда тиімді екендігін айтады. Өйткені қазір көптеген сырқаттар ешқандай порталды күтпестен, ақылы медициналық көмекке бет бұра бастаған. Сондықтан еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі тиімсіз жүйеден бас тартқаны абзал дегенді айтушылар көп. Әлемдегі медицина саласы әлем бойынша үздік саналатын Израиль немесе Канада секілді медицина саласы дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне неге ден қоймасқа? Мәселен, Канадада халықтың барлығы дерлік мемлекеттің есебінен емделеді. Канадалықтарға арнайы медициналық сақтандыру картасы беріледі. Мемлекеттің аумағында тұратын халықтың барлығына мұндай карта тегін таратылады. Сондай-ақ, емделушілер өздеріне көрсетілген медициналық қызмет үшін ешқандай да ақы төлемейді және бас ауыртатын құжат толтырудың да қажеттілігі жоқ. Тек қана өздеріне тиесілі медициналық сақтандыру картасын көрсетсе болғаны. Канадалықтардың өмір сүру ұзақтығы 78,6 жасты құрайды. Бұл – әлемдегі дамыған елдердің арасындағы жоғарғы көрсеткіш. Мұндағы ауруханалардың 95 пайызы муниципалды және арнайы ұйымдардың басқаруымен жұмыс істейді. Мемлекет қосымша медициналық көмекке зәру жандарды, яғни, қарттарды, балалар мен жұмыссыз жандарды да толық ақысыз емдейді. Оларға жүйелі түрде стоматологиялық көмек, окулистің қызметі көрсетіліп, тегін дәрі-дәрмектер беріледі, мүгедектерге қажетті түрлі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мұның барлығы да ақысыз жүзеге асады. Канада тұрғындарына көрсетілетін мұндай жеңілдіктердің бәрі «Медикэйр» бағдарламасының жемісі. Израильдегі денсаулық сақтау жүйесі деңгейінің аса жоғары екендігін бұл елге емделу үшін шет мемлекеттерден арнайы келетіндер қатарының көптігінен байқауға болады. Шеттен келгендер үшін медициналық қызмет ақылы, әрине. Ал израильдіктер үшін медициналық қызметтің ақысын мемлекет төлейді. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін бюджетті қолдау үшін әрбір израильдік «медицина салығын» төлеуі тиіс. «Медицина салығының» көлемі әрбір азаматтың айлық табысының 5 пайызын құрайды. Осы төлеген салықтарының нәтижесінде кез келген уақытта израильдіктер тегін ем қабылдай алады. Ал қазақстандық медицина саласында мұндай жүйелілік жоқ. Жүйесіздік жайлаған сала баршаның жүйкесін жұқартатыны бесенеден белгілі.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары