333
Тұрғындар таршылық көрмеуі тиіс
Тұрғындар таршылық көрмеуі тиіс
Ел тұрғындарының жайлы өмірін қамтамасыз етуді негізгі мақсат деп білетін мемлекетіміз халықтың ең басты мұқтаждықтарын өтеуге күш салуда. Әсіресе, ауылдағы ағайынды алаңдатқан түйткілдерді шешуге айрықша назар аударылған. Ауыл десе ауызға түсетін негізгі мәселенің бірі – ауыз су. «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облысы, Мойынқұм аудандық филиалының мәжіліс залында өткен қоғамдық тыңдау осы мәселені шешу жолдарын іздеді.
Шараға «Нұр Отан» партиясы Мойынқұм аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшелері «Мөлдір» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары, ҮЕҰ өкілдері, аудан тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Кемел Ниязалы сөз алып, ауданда тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жайы туралы хабарлады.
– Ауданда бүгінгі күні 14 елді мекен орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Оның 8-і «Мөлдір» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгерімінде болса, 6-ы жергілікті әкімдіктердің есебінде тұрады. Бұл су құбырлары жеткілікті штаттық бірліктермен және тиісті қаражатпен қамтамасыз етілген. Осы мақсатта аудандық бюджеттен 150 млн теңге қаржы бөлініп, бөлінген қаржы тиісті шығындарға жұмсалып отыр, – деді ол. Дегенмен кейбір көшелердегі су құбырларының тозығы жетуіне байланысты, құбырлардың жиі-жиі істен шығуы орын алуда. Бұндай жағдайда мекемеде құрылған жөндеу тобының өкілдері кемшілікті жойып, тұрғындарға судың мерзімінде жеткізілуін қамтамасыз етуде.
Одан кейін сөз алған «Мөлдір» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас инженері Шыңғыс Шырынханов аудан орталығы Мойынқұм ауылын сумен қамтамасыз ету жайында сөз қозғады.
– Аудан орталығында 45 көше бар болса, оның көпшілігі сумен толық қамтамсыз етіліп отыр. Су жетпейтін көшелерге, тұрғындардың сұранысын жедел орындау мақсатында автокөлікпен су жеткізу мәселесі қолға алынған. Мекеме қаражатпен толықтай қамтамасыз етілген. Орын алып отырған кемшіліктер түзетілетін болады, – деді ол.
«Нұр Отан» партиясы Мойынқұм аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі Тимур Күнтуған орталықтандырылған су құбырларына әскерилендірілген күзет қою туралы ұсыныс енгізсе, фракция мүшесі Бәкір Исабеков су таситын автокөліктер санын көбейту жолын іздеу керек екендігін айтты.
Мойынқұм ауылының тұрғыны Нұрсұлу Тоқтыбаева ауылдың Ш.Қалдаяқов көшесіне, Ағыбай батыр көшесіне, Амангелді көшесіне судың толық берілмейтінін айта келе, осы көшелерді ауыз сумен қамтамасыз етуді шұғыл түрде шешу қажеттігін жеткізді. Шараны партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шакизат Акимов қорытындылап, ұсыныстардың тиісті атқарушы органдар арқылы шешілу жолдары қарастырылатынына сендірді.
Ауыз су мәселесі Солтүстік Қазақстан облысында да өзекті. Жуырда Ақжар ауданында «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері – аудандық мәслихатының депутаттары Талшық ауылын сумен қамтамасыз етуге көмектесті. Бұрын тұрғындар бір шақырым жерден су тасып ішуге мәжбүр болатын. «Нұр Отан» партиясының депутаты Болат Закеновтің тікелей араласуымен, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлердің және жергілікті биліктің көмегімен ауылда су құбыры салынды.
Қазір 50-ден астам үй сумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, нұротандық депутаттардың көмегімен Талшық ауылдық округінде хоккей корты орнатылса, Бестерек орта мектебінің ғимаратынан қазандық бөлмесі жеке ғимаратқа шығарылды. Ақжар аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихатының депутаты Оксана Киккаринованың айтуынша, қазан айының басталуымен ауданда аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының фракциясы мүшелерінің есеп беру кездесулері басталды. Барлық кездесулерде сындарлы сұхбат өтіп, депутаттар орындалған жұмысы туралы, өз жоспарлары туралы айтты.
– Дереу шешім талап ететін мәселелер де көтерілген болатын. Бұл – шатырды, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және басқа да мәселелер. Осы және басқа да ескертулерді қарау үшін қабылдаулар өткізілуде. Жылдың соңына дейін осындай есеп беру кездесулері әрбір сайлау округінде өтеді, – деп атап өтті ол.