322
Т.Мұсабаев: Авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган құру керек
Т.Мұсабаев: Авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган құру керек
Әуе сапарларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірыңғай мемлекеттік органды құру керек. Осы жайында Парламент Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Авиация өте күрделі құрылым. Өздеріңіз білесіздер, алған білімім бойынша авиациялық инженермін, жоғары дәрежелі ұшқышпын. Осыдан кейін сынаушы ғарышкер біліктілігін алдым. Бұл ретте барлығы кабинада отырған ұшқыш пен экипажға ғана қатысты емес, яғни мұның барлығы жердегі құрылымдардың, техникалық жасақтау және басқа да ауқымды кешеннің жұмысын қамтиды»,- деді Талғат Мұсабаев тілшілерге берген сұхбатында.
Осы орайда депутат ҚР ИДМ Азаматтық авиация комтетіне көбірек назар аудару керектігін атап өтті.
«Менің ойымша, елімізде әуе сапарлары қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылайтын бірыңғай мемлекеттік органды құру керек. Басқа мемлекеттерде осындай органдар бар. Аталған орган авиацияның барлық түрлеріндегі әуе техниканың, ұшқыштар құрамын, диспетчерлік ұжымның, инженерлік құрамның жағдайын тексеру бойынша бақылаушы қызметті іске асыра алады. Осы орайда еліміздің авиациясында мұндай органды құру қажет және оған қандай да бір министрліктің бақылауында болмайтындай құқық беру керек», - деді Мұсабаев.
Оның сөзіне қарағанда, бұл бақылаушы орган Қазақстанның барлық авиациясын тексеруге қауқарлы болуы тиіс. «Авиацияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі үнемі өзекті тақырыптардың бірі болды. Кеңестік кезеңде саладағы барлық қызметтердің өзара іс-қимылы болғандықтан, ұшақ апаттары жиі қайталанбайтын. Ал осындай апаттардың жиілеуі көңіл көншітпейтін жағдай. Бұл өз кезегінде әуе сапарлары қауіпсіздігіне назар аудару қажеттігін аңғартады», - дейді депутат.
Сөз соңында сенатор алдағы уақытта аталған органды құру бойынша ұсыныстар ескеріліп отырғанын атап өтті. Еске салайық, 3 қазан күні Алматы-Шымкент бағытында санитарлық авиарейсін орындаған «АН-28» ұшағы сағат 18:47-де Алматыдан 28 шақырым қашықтықта родардан жоғалып кетті. Сосын сағат 19.15-те ұшақ Алматы облысы Іле ауданының Междуречинск ауылы маңында апатқа ұшырап, өртенгені хабарланды. Бортта болған 5 адам қаза болды.