Қымбат бензин һәм қазақ демографиясы бір-бірімен байланысты болғаны ма?

Қымбат бензин һәм қазақ демографиясы бір-бірімен байланысты болғаны ма?

Қымбат бензин һәм қазақ демографиясы  бір-бірімен байланысты болғаны ма?
ашық дереккөзі
281
Соңғы аптада редакцияға келетін хаттар легі күрт көбейді. Қай хатты ашсаң да, қаузағаны бір мәселе – еліміздегі бензин тапшылығы. «Өткен айда бензиннің қымбаттап кеткеніне наразы болып едік. Қазір сол қымбат бензиннің өзі арман болды. Ақша бар, бензин жоқ» деп жазыпты тұрақты оқырманның бірі. Жүргізуші біткеннің жыры – осы. Жанармай бекеттеріндегі ұзын-сонар кезек түнде де тарқамағанын әлеуметтік желідегі жұрт жарыса жазды. Бензин төңірегіндегі дүрбелең Үкіметті шұғыл шешім қабылдауға итермеледі. Бензин бекеттеріндегі берекесіздікті ноқталай алмаған министрліктің басшысы сөгіс алып, қосшысы қызметінен босатылды. Биылғы жылдың басынан бері АИ-92 бензинінің орташа бағасы 135 теңгеден болып келсе, қазан айында күрт көтеріліп, 150-152 теңгеге жетті. Еліміздің кейбір қалаларында жанармайдың бұл түрі 155 теңгеден саудаланып жатқаны белгілі болды. Бензин бағасының бұдан бетер шарықтап кетуінен қорыққан жүргізушілер көліктерінің құтысын барынша толтырып, тіпті артығымен құйып алуға асық. Алайда жанармай бекеттері бензинді шекті мөлшермен ғана саудалауда. Талон талап етіп жатқан бекеттер де бар. Көлік тізгінін ұстағандардың көбін:  «Бензин тапшылығы бола ма?» деген сұрақ мазалайды. Үкіметтің 3 қазан күнгі отырысында елімізде бензин бағасының қымбаттау себептерін түсіндіріп, жағдайдың көп ұзамай реттелетініне сендірген Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың берген уәдесі сөз жүзінде қалды. Бензин нарығындағы жағдай соңғы аптада тіпті шиеленісіп кетті. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жұрттың тығырыққа тірелгенін көріп, біліп отырған Үкімет басшысы сейсенбі күнгі жиында ведомство басшысын сұрақтың астына алды: – Өңiрлерде жанар-жағармай тапшылығы орын алды. Кей жерлерде бензин шектеулі мөлшерде, тіпті талонмен сатылып жатыр. Соның салдарынан жанар-жағармайдың  бағасы қымбаттады. Қанат Алдабергенұлы, Үкiметтің өткен жолғы отырысында Сіз бәрі реттеледі дедіңіз. Бірақ жанар-жағар май нарығы тұрақталған жоқ. Бұл қай уақытқа дейін созылады? – деді Бақытжан Сағынтаев. Алайда Энергетика министрі мардымды жауап қайтарған жоқ. «Елімізде бензин тапшылығы жоқ, тек бағаның қымбаттауы ғана бар» деумен шектелді. Энергетика министрінің бұл жауабы Премьер-министрді қанағаттандырған жоқ. Бақытжан Сағынтаев министр айтқан сылтаулардың орынсыз екеніне дәлел келтіре отырып,  еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу жұмыстары дұрыс жолға қойылмағанын айтты. – Павлодар мұнай-химия зауытының жөндеу жұмыстары көктемнен күзге ауыстырылатынын бұрыннан білдіңіздер. Демек, осы күзде екі МӨЗ бірінен соң бірі жөндеуге жабылғанда не басталатынын түсіндіңіздер. Ендеше, ертерек бәрін есептеп, жағдайды айқындап, қай жақтан қанша көлемде әкелу, оны қай өңірлерге тасу керектігін қарастыру қажет еді. Сіздер осымен қыркүйекте ғана айналысып жатырсыздар, – деген Үкімет жетекшісі отын жетіспеушілігіне жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шара қабылдады. Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы атына «Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс беру туралы» ұсыныс жолдады. Сондай-ақ, энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты лауазымынан босату туралы шешім қабылдады. Өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін «Қазмұнайгаз» АҚ төрағасына сөгіс жариялап, аталған ұлттық компания төрағасының орынбасары Данияр Берлібаевты қызметінен босатты. Әрі қарайғы қадам қандай болмақ? Қазақстандағы бензин құнының қымбаттығын сала мамандарының бәрі импортқа тәуелділікпен байланыстырады. Ендеше, өзгенің өніміне телміруден қалай құтыламыз? Оның жолы біреу – еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту. Ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге үшеуінің шамасы жетпесе, төртінші зауыт салу. Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу туралы мәселенің көтерілгеніне жиырма жылдың жүзі болып қалды. ҮИИД бағдарламасы қабылданған кезде де жаңа МӨЗ салу мәселесі күн тәртібіне өткір қойылды. Тіпті мұндай зауытты Қазақстанның қай өңірінде салу тиімді болатыны да белгіленді. Мемлекет басшысы 2014 жылы 17 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде жаңа мұнай өңдеу зауытын салу қажеттігін нақты экономикалық мысалдармен дәлелдеп берді. Ал сол жылдың желтоқсан айында ҮИИД бағдарламасы бойынша іске қосылатын кәсіпорындардың тұсаукесер салтанаты өткен телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Өзіміздің мұнайымыз бола тұра, кім-көрінгенге алақан жайып, әлдекімдерге жалынып, мұнай өнімдерін сұрамау үшін бізге қалай болғанда да жаңа өңдеу зауытын салу керек», – деп атап көрсетті. Содан бері де үш-төрт жыл өте шықты. Алайда МӨЗ салу мәселесі әлі күнге созбаққа салынып келеді. Тіпті тиісті министрліктер мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қазақстанға тағы бір мұнай өңдеу зауытын салудың ешбір қажеті жоқ екенін дәлелдеп бағуда. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Тиесов: «Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты жеткілікті. Кеңес заманында ол екі кезеңмен 12 миллион тонна өнім шығаруға жобаланған. Құрылысшылар үлгермегендіктен бірінші кезеңінің қондырғылары ғана орнатылды. Осыған байланысты жоспарлы түрде Шымкент зауытының қуатын арттырып, еліміздің мұнай өнімдеріне сұранысын толық қанағаттандыруға шешім қабылданды», – деп мәлімдеді. Сондай-ақ, ол төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі демографиялық жағдайға тікелей байланысты, ал еліміздегі демографиялық ахуал тағы бір мұнай өңдеу зауытын салуға негіз бола алмайтындығын да алға тартты. Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуына осындай сылтаулар кедергі болып келеді. Жаңа зауыт салу мәселесіне кедергі көп делік. Ал қолда бар зауыттарды жаңғырту неге жоспардан кешігуде? Белгіленген жоспар бойынша еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту 2009-2015 жылдары жүргізіліп, 2016 жылы Қазақстан отандық жоғары сапалы бензинмен толық қамтамасыз етілуі тіис болатын. Көз жұмып қарауға болмайтын тағы бір мәселе – үш зауытты жаңғыртуға жаңа зауыт салуға жұмсалатын қаржыдан да көп қаржы жұмсалып отырғаны. Мәселен, Атырау МӨЗ-ді жаңғырту және қайта құруға – ароматты өндіріс кешеніне 1 млрд 329 миллион АҚШ доллары, терең өңдеу кешеніне 2 млрд 50 миллион доллар қаржы жұмсалса, Шымкент МӨЗ-ін жаңғыртуға 1 млрд 853 миллион доллар, Павлодар МХЗ-ын жаңғыртуға 831 миллион доллар қаржы шығындалған. Жұмсалған қаржының өтемін айтуға келгенде тосыламыз... 1985 жылы пайдалануға берілген Шымкент МӨЗ еліміздегі үш МӨЗ-дің ең жаңасы болып саналады. Оның қуаты жылына 5,25 миллион тонна мұнай өңдеуге негізделген. 90-жылдары зауыт «Витол» атты нидерландтық компанияға 60 миллион долларға сатылды. Нидерландтар  «инвесторлары» мұнай өнімдерін терең өңдеу үдерістерінің бәрін жиып қойып, тез пайда табу үшін толықтай мазут өндіруге көшті. Мемлекет кейіннен Нидерландтар инвесторларынан Шымкент МӨЗ-ін қымбат бағаға зорға дегенде қайта сатып алып, «жаңғыртуды қатырамыз» деп уәде берген канадалық инвесторларға сатты. Бірақ олар да уәдесін орындаған жоқ. Зауыт тағы тұралады. Қазір Шымкент зауытының 50 пайыз үлесі Қытай инвесторларының қолында. Сондықтан еліміздің ішкі рыногына ауадай қажет болып отырған жоғары сапалы бензин маркаларын шығару үшін мұнайды терең өңдеуге қатысты жаңғырту кешенді жүргізілу-жүргізілмеуі Қытай инвесторларына байланысты. Ал Атырау МӨЗ 1945 жылы америкалықтардың басшылығымен салынды. Соңғы жылдары зауытта екі рет күрделі жаңғырту жұмысы жүргізілді. 2000 жылы Атырау МӨЗ-ін қайта жаңғыртып, жаңа қондырғылар орнатқан Жапонияның «Джей Джи Си» және «Марубени Корпорейшн» компаниялары жоғары сапалы жанар-жағармай өнімдерін шығаруға уәде берген. Алайда зауыт әлі күнге дейін жоғары сапалы бензин өнімдерін шығаруға қауқарсыз. 1978 жылы пайдалануға берілген Павлодар МӨЗ негізінен Батыс-Сібір кен орындарында шығарылған мұнайды өңдеуге бағытталған. Павлодар МӨЗ 90-жылдары жекешелендіріліп, арзан бағамен кәсіпкер Р.Сәрсеновтің меншігіне өтті. 2009 жылы Сәрсенов бұл зауытты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына 1,2 миллиард долларға қайтадан сатты. Соңғы уақытта  Павлодар МӨЗ-ін жаңғырту бойынша сметалық жобалау құжаттары жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Десе де, бұл зауыт баяғысынша елімізде өндірген мұнай шикізатын терең өңдей алмай отыр. Алайда «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ үш зауыттың да табысты жұмыс істеп тұрғанын алға тартудан танбайды. Үкімет отырысында компания төрағасы Сауат Мыңбаев: «Елдегі үш мұнай өңдеу зауытының жұмысы тұрақты. Тек Павлодардағы зауытты жөндеу мерзімі көктемнен күзге шегерілді. Неге? Біз зауытты жоспарлы жөндеуге бір рет және жаңғыртуды аяқтау үшін екінші рет, яғни екі мәрте тоқтатпауды ұйғардық. Сөйтіп, зауыт күзге дейін шыдайды, ал жөндеуде тұратын мерзім бір күнге де ұзармайды деп есептедік. Атыраудағы зауытты жөндеу уақытынан бес күн бұрын аяқталды. Биылғы қарашада екі зауыт жаңартылып болады – Павлодар МӨЗ және Атырау МӨЗ. Яғни, 2018 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан түсті мұнай өнімдерімен өзін толық қамтитын болады», – деп сендірді. Тағы да сендік. Импорттан құтылатынымызға, бензин алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрмайтынымызға сендік.  

Серіктес жаңалықтары