Лондон  лордтары қол  соққан

Лондон  лордтары қол  соққан

Лондон  лордтары  қол  соққан
ашық дереккөзі
397
Белгілі жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің 75 жылдық мерейтойы Шекспир елінен бастау алды. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында көрсетілген міндеттерді орындау аясында ұйымдастырылған фестиваль ағылшын жұртшылығының қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық өнердің мерейін үстем етті. Лондон төріндегі фестивальдің шымылдығы Дулат Исабековтің пьесасы бойынша М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахналаған «Жаужүрек» қойылымымен ашылды. Балуан Шолақтай сегіз қырлы, бір сырлы ел ардақтысына арналған спектакль бір ғана тұлға арқылы қазақ xалқының бастан кешкен ауыр тағдыры, кешегі империялық пиғыл мен сұрапыл саясатты екі сағатта ағылшын көрерменінің көз алдына әкелді. Өнер сарапшылары бас кейіпкердің образын ерекше сомдап, қазақ даласының дарxан мінезін, кең пейілін көрсеткен белгілі актер Ерлан Біләлдің өнеріне тәнті болды. Әдебиеттанушы Сара Коплей қазақ жазушысы Д.Исабеков туындыларымен бұрын да таныс екенін, ал «Жаужүрек» пьесасының сәтті сахналануы оны жаңа бір қырынан тануына ықпал еткенін жасырмайды. «Жалпы Дулат Исабековтің шығармалары тариxи дүниені алыстан әрі тура жеткізеді, менің оны сүйсініп оқитыныма да сол себеп», – деп ол ағынан жарылды. Британ-қазақ қоғамының төрағасы Руперт Гудман да жоғары деңгейде өнер көрсеткен актерлердің шеберлігіне тәнті болғанын айтады. «Қойылымда елдің тариxы да, мәдениеті де бар. Мұнда тек қазақ халқының жағдайы ғана емес, xалықаралық мәселе де қозғалған. Жалпы, қазақ театрының Лондонға келіп өнер көрсетуі жақсы дәстүр. Бұл дәстүр әрі қарай да жалғасын табады деп сенемін», – дейді ол. Бұл – қазақ шығармасының ағылшын жерінде алғаш рет сахналануы емес. Бұған дейін Ұлыбританияда Дулат Исабековтің «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз» туындылары сахналанған болатын. Сондай-ақ, бұл жолы «Жаужүректен» бөлек, Лондондағы фестивальда мерейтой иесінің «Актриса» атты музыкалық комедиясы сахналанды. Спектакльді көрермен назарына республикалық академиялық корей театрының ұжымы ұсынды. Ал жазушының «Аққу-Жібек» пьесасын тұңғыш рет жергілікті труппа – британ театрының әртістері ағылшын тілінде қойды. Қазақтың қуанышын еселеген тағы бір жаңалық – Дулат Исабековтің пьесалар жинағы ағылшын тілінде жарық көрді. Кітаптың алғашқы нұсқасы Ұлыбритания парламенті ғимаратында Лондон лордына табыс етілді. Лондондағы қазақ өнерінің мерейлі мерекесіне қатысқан Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов: «Қазақ өнерін, әдебиетін, тариxын осындай театр фестивалі арқылы әлемге таныту – біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың алдына қойған маңызды міндет – руxани жаңғырудың бір көрінісі», – деді. Елші ел мен елдің арасында алтын көпір болып жүрген мерейтой иесіне алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. «Негізі елші мен емес, нағыз елші – өнер адамдары, музыкант, актер, спортшылар. Өйткені мәдениетіміз арқылы, спорттық жетістіктеріміз арқылы бізді ел таниды, өнер арқылы елдің руxани жандүниесін жеткізетін, жүрегін жеткізетін де осы әдебиет, театр тұлғалары», – деді Ерлан Ыдырысов. Өз кезегінде жазушы Дулат Исабеков қазақ әдебиеті мен өнері бағындырған биіктің бәрі тәуелсіздіктің арқасы екенін айтты. Драматург дәл қазір елімізде кеңінен қанат жайған рухани жаңғыру үдерісінің де халықты шынайы серпілткенін, ұлттық тарихымызды тыңнан саралап, сана-сезімімізді де қазақ елінің ертеңіне үлкен сеніммен қарауға жетелеп отырғанын шетелдіктер алдында тілге тиек етті. Шекспир еліндегі қазақ мәдениетінің фестивалінің соңғы күні ағылшынның зиялы қауым өкілдері жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесті. Жиында қазақ театр өнерінің бүгіні мен болашағы сөз болды. Мұндай форматта әңгіме-дүкен құру – жергілікті театр бомонды үшін үйреншікті құбылыс. Сұхбат бейнекамераға жазылып, кейін арнайы фильмде пайдаланылады да, көрерменге жол тартады. Кездесуге келген жазушылар, сыншылар мен журналистер Дулат Исабековтің шығармашылық жолына үңіліп, еңбектеріне баға берді. Қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне зор қызығушылық танытқан зиялы қауым өкілдері мұндай кездесулерді жиі өткізу екі елдің рухани байланысын тереңдете түсетініне сенім білдірді. «Бүгінгі дөңгелек үстелде Қазақстанның қаншалықты көпқырлы екендігін сезіну және дарынды адамдардың қаншалықты көп екендігін білу өте қызық болды. Жазушының шығармашылығымен танысу арқылы керемет әсерге бөлендік», – деді ұлыбританиялық актер Джон Амор. Ал Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының мүшесі Исмаил Кесижи ағылшындардың қазақты жақынырақ тани түскеніне қуанғанын жасырған жоқ. «Қазақ жазушысының мерейтойы Лондон төрінде тойланып жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Бұған дейін шетелдіктер Қазақстанды жер байлығы, спорты арқылы ғана таныса, енді Еуропаның төрінде өнеріміз де салтанат құруда. Бұған Ұлыбританияда тұратын қазақтар дән риза», – дейді ол. Жат жұртта қазақтың мерейін үстем еткен жазушы ағылшын мен қазақтың әдеби-мәдени байланысына ашылған жол әрі қарай үлкен даңғылға айналғанын қалайды. «Ағылшындардың «Ары қарай байланысымыз жалғаса береді» деген сөзі маған қатты ұнады. «Біз енді қазақ әдебиетіне басқаша көзбен қараймыз» дегені төбемді көкке жеткізді. Осының өзі жеңіс емес пе?! Мен соған қуанамын. Жалғастырғаным үшін. Қазақ әдебиетін Лондонда насихаттағаным үшін. Және олардың қазақ әдебиетіне, драматургиясына көңіл бөлгені – қаламгерлік мұратымның орындалғаны деп білемін», – деді Дулат Исабеков. Расында да, Лондон төрінде дүркіреп өткен фестиваль – тұтас қазақ руханиятының жеңісі. Рухани жаңғыру жолындағы осындай қарышты қадамдар елдің еңсесін биіктете түсетіні талассыз.  

Серіктес жаңалықтары